«Баталы ел арымас, батасыз ел жарымас», «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деген мәтелдер батаның құт-береке, ырыс әкелетініне зор сеніммен айтылған. Өмірде осы мәтелдердің шындыққа айналып, батаның арқасында бағы ашылған, жолы болып, ісі ілгері басқан, ойындағысы оңғарылған мысалдар көп. Оны қазақтың халық ертегілерімен, батырлар жырымен, тарихи аңыз-әпсаналармен ауызданған әр адам жақсы білген. Бізге дейінгі ғұлама ғалымдардың, біздің де жастарға ауыз әдебиетін оқуды өсиеттейтініміз сондықтан.
Халық шығармашылығының барлығында дерлік берген бата қабыл болып, адамдар арманына жетіп жатады. Шынайы өмірде де сол. Оған батырлар жырындағы кейіпкерлердің өмірі дәлел.
Адам ойынан туған қиял-ғажайып шығармалардағы оқиғалардың, тіпті, көрген түстің де кемінде 15 пайызы шындық екені ғылымда дәлелденген.
Қазақ халқының тұрмысында адамның тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында барлық жақсылық, жетістік атаулы батаға байланысты өрбіп жатады. Ал, қане, сенбей көріңіз?!
Осы жерде батаның оқиғаға орайлас, тақырыпқа сай берілуі маңызды. Аузы – дуалы, сөзі – уәлі даланың данышпандары осы жағын ерекше ескерген. Тіпті, төбе би Төле, Қаз дауысты Қазыбек, шешендіктің шебері Әйтеке билердің қазақтың үш жүзінің басын біріктіруге бағыттап айтқан аталы сөздерінің кейбірінің соңына «Әумин» деген сөзді қоса қойсаңыз, ақтілек-бата болып шыға келеді.
Адам өмірінде болатын қуанышты, қызықты оқиғаларға берілетін баталар мазмұны жағынан өте бай болған. Қазақтың шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, үйлену, қыз ұзату тойларында берілетін баталар жастарға деген жақсы тілектермен өрілсе, адамдар алыс сапарға, жауға қарсы жорыққа аттанарда берілетін баталар оларды алдағы сәттіліктерден үміттендіріп, жауынгерлерді жеңіске жігерлендіріп отырған. Оларда оқиғаға орайлас:
Ұзақ болсын жасыңыз,
Домалап өрге тасыңыз.
Әркез алға басыңыз
немесе
Сапарыңыз оң болсын.
Қайда барсаң, жол болсын
немесе
Тілектес болып еліңіз,
Жайратып жауды жеңіңіз,
Үстем болып мерейің,
Жеңіспенен келіңіз, – деген жолдар ақ тілектің айқын белгісі. Сондықтан жаңа бір істі бастағандар, сапарға шыққандар, жорыққа аттанғандар дүйім жұрттың алдында абыз ақсақалдардан, ел ағаларынан қолын жайып бата сұраған. Әрі қарай бәрі де сәттілікке ұласып отырған.
1977 жыл. Маусым айының соңғы күндері. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің редакциясында өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенмін. Сол жылы Қыздар педагогикалық институтын бітіріп жатқан Күләймен отау құруға уағдаласып, қалыңдығымды әкелуге Алматыға аттанып бара жатқанмын.
Жамбыл теміржол бекеті. Уақыт таңғы сағат 4-4:30-дар шамасы. Қасымда түгіскендік азамат, жерлес әрі ағайын болып келетін Сейдуан Сәдуов деген жігіт бар, бекет алдындағы орындықтардың бірінде менің жолымды «жуып» отырмыз. Осы кезде Алматыдан Мәскеуге қатынайтын пойыз келіп тоқтап, одан түскен жолаушылар бекет алдына шығып жатқан. Біздің қасымыздағы орындыққа қасында әйелі бар бір қария келіп жайғасты. Басында құндыз бөрік, үстінде жеңіл желбегей, қолында таяғы бар. Ол кісілерді күтіп алған бір жігіт такси тоқтатуға кетті. Сірә, келуге тиіс көлік кешігіп жатыр-ау, шамасы?
Әлгі кісілерге көзім түсіп кеткені. Көрші орындыққа келіп отырған кісі – Бауыржан Момышұлы. Иә, кәдімгі батыр Бауыржан. Көзімді аша түсіп, бажайлап тағы қарадым. Анық сол ұлы қазақ – Бауыржан Момышұлы.
– Бізге көрші орындыққа келіп отырған кісі – батыр Бауыржан Момышұлы. Жүр барып сәлем берейік, – дедім Сейдуанға.
– Анық сол кісі ме? – деп сұрады ол.
– Иә, анық сол кісінің өзі, – дедім мен сеніммен, нақ бір батырды күнде көріп жүргендей. Сейдуан сөзіме сенді.
– Ойбай, ол кісі боқтап салады деуші еді. Ешқандай таныстығымыз жоқ. Сөз естіп қалармыз, – деп тартыншақтады бірақ.
– Боқтаса, боқтасын. Бауыржанның қолын алған да арманда, алмаған да арманда! – деп мен орнымнан көтерілдім. Бозаның күші ғой, несін жасырайын.
Сөзді ащы ішектей соза бермей, ашығына келсем, сол жолы мен Бауыржаннан бата алдым. Оқиға былай өрбіген.
– Ассалаумағалейкум, аға!
– Әлейкумассалам, танып сәлем бердіңдер ме, үлкен болған соң, сыйлап сәлем бердіңдер ме?
– Танып та, сыйлап та сәлем беріп тұрмыз. Сіз Бауыржан Момышұлы емессіз бе?
– Иә, солай-ақ болсын. Өздерің қай бала боласыңдар?
– Мен облыстық «Еңбек туы» газетінде жұмыс істеймін. Мына жігіт... – Құдай өзі кешірсін, өтірікті соғып кеп жібердім. Әйтпесе, мен тәжірибеден өтіп жүрген студентпін ғой.
Бауыржан аға редакторымыз Баттал Жаңабаевтан бастап редакцияның бірлі-жарым қызметкерлерін атап-атап сұраған. Сұрақтарға нақпа-нақ, тақ-тұқ жауап бердім.
– Әй, сен өзі сөйлеп тұрған бала екенсің. Жүр, менімен бірге. Осында ағайындардың тойына келе жатыр едім, – деді батыр күтпеген жерден.
– Сізбен бір тойға барған адамда арман жоқ қой. Әттең, бір жағдай болып тұрғаны.Алматыға келініңізді әкелуге бара жатыр едім. Қалыңдығым күтіп отыр, – дедім мен шындыққа көшіп.
– Олай болса, жолың болсын! Келінді барып алып қайт. Қосағыңмен қоса ағар! Үбірлі-шүбірлі болыңдар! Жақсы адам бол! – деді Бауыржан аға бата бергендей. Мен «Әумин» деп бетімді сипадым.
Содан бері 47 жыл өтті. Мен қандай адам болдым, оған ел төреші. Бірақ, Бауыржанның батасы қабыл болып, үбірлі-шүбірлі болып отырғаным айдай ақиқат.
Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма, бірақ өмірлік серігім, балаларымның анасы Күләйіммен 47 жыл бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келеміз.
Басында көп мән бермегенмін. Арада жарты ғасырға жуық өтсе де «менің адам қатарында қалқайып жүргенім, ұрпағым өсіп-өніп, немерелер сүйіп отырғаным Бауыржан батырдың батасының қабыл болғаны ғой. Құдай осы қызығымды көп көрмесін!» деп шүкіршілік етемін бүгінде.
Мен ақ тілекті баталар туралы айттым. Қазақта «теріс бата» деген де бар. Құдай одан сақтасын. Оған «Қыз Жібек» жырындағы Базарбай байдың ұлы Төлегенге берген батасын мысал етсек те жетіп жатыр.
Теріс бата қарғыс сипатында болады. Ал, қарғысқа ұшырағандар бүгінгі өмірде де кездесіп жататыны хақ.
Бата – ақ тілек, киелі ұғым дедік. Кешегі кеңестік кезеңде коммунистік идеология батаға да діни сипат беріп, баталы сөздің астарынан бәле іздегені тарихтан белгілі. Тіпті, «ісіңді Құдай оңдасын» деген сөз үшін «діншіл» атанып жазаға тартылғандар да болған. Сондықтан, үлкен ақсақал қариялар болмаса, саяси қызметте жүргендер бата беруден қашқақтаған. Оның жолын тауып кеткендер де бар.
Осы жерде тағы бір мысал келтірейін. Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» (ол кезде аудан Свердловтың атында, газеттің атауы – «Село жаңалығы») газетінде 1987-1989 жылдары бас редактор болған Шәймерден Дәуренов оның алдында ұзақ жылдар Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде редактор және партиялық қызметтерде болған. Сол кездерде Шәкеңді сынамақ болғандар, мүмкін тұқыртқысы келді ме, кім білсін, бір отырыста:
– Шәймерден бата берсін, журналист қой сөздің жөнін білетін, – деп қолқа салмай ма. Сонда әлгілердің теріс пиғылдарын түсіне қойған Шәкең аспай-саспай қолын жайып: «Дастарханда қата жоқ, коммунисте бата жоқ, аумин» – деп бетін сипап тұрып жүре берген екен. Міне, тапқырлық! Ал, Шәкеңді мұқатпақшы болғандар өздері сазға отырып қала беріпті. Анығына келіп, астарына үңілсеңіз, ол кісі сол сөздерімен-ақ батасын беріп қойған. Міне, осындай да қитұрқы заман болған.
Қазір тәуелсіз елдің азаматымыз. Сөз еркіндігі қолда. Кейбір тойларда, ас-жиындарда жасы үлкен қариялардан бата сұрасаң, оны-мұныны айтып малтасын езіп, тұрып алады. Басқосуға лайық бата бермей, лағып кететіндері де бар. Әрине, олардың ниеттері түзу. Бірақ, дәл сол жерде тыңдаушының айызын қандыратындай бата берілмегеніне қиналасың. Әйтеуір, сол «батагөй» қариялардың сөзін «алып қояйықпен» аяқтамағанына шүкір дейсің.
Қазір хакім Абайдың «сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» дегеніндей заман туды. Жақсыға бетбұрыс, оңды өзгерістер бар. Оған жыл сайын ардагерлер ұйымдары жанындағы билер кеңестерінің ұйтқы болуымен жер-жерлерде «Бата мен ел көгерер» атауымен өткізіліп тұратын батагөйлер байқауларын мысалға келтіруге болады. Ол сайыстың қатысушылары көбіне егде кісілер. Біз жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытуымыз керек. Сондықтан мектептерде тіл және әдебиет пәнінің мұғалімдеріне артылар міндет жоғары. Олар сабақ барысында балаларға бата туралы мағлұматтар беріп, батаның бағасын байыптай білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді