Жақсы сөз айтудан жалықпайық!

Жақсы сөз айтудан жалықпайық!
Ашық дереккөз
Жақсы адамдармен өткен күндерімді өмірімнің шежірелі беттері іспетті көремін. Олар қашанда жаныма шуақ сыйлап, әрдайым жылы сөздері мен ақ қанат тілектерін арнап, алдағы армандарыма жетелеп, қолтығымнан демеп, сүйемелдеп, өркенімнің өскенін қалаған жайсаң жандар болатын. Жақсылармен жүздесіп, дархан көңілмен дидарласып, ағыңнан жарылып сырласып, жағымды әңгімелерін тыңдай беруден артық не бар? Солардың қасында болып, ыстық ықыластарына бөленіп, жан жүрегің нұрланып, жансарайың ерекше шабытқа бөленіп, көңілдің көркем шақтарын бастан өткерген кезеңдерді елестетудің өзі бақыт емей, немене? Сол бір бақытты шақтарыңды сағынасың, өткен күндеріңе шегінесің.

Арманыңа қанат байлап, журналист болуға бел буған албырт шақтарыңды қалай ұмытарсың. Талай сынақтан сырғып өтіп, өмірдің сан алуан қиындықтарын артқа тастап, шығармашылық шыңдалу жолында қабілет-қарымыңды танытатын кездер аз болған жоқ. Сансыз сапарға шығып, сырлы сұхбаттар жүргізіп, «Хат ізімен» айдарымен арыз-шағымдардың ақ-қарасын анықтаған күндер мен ұйқысыз түндер өткізіп, баспахананың қара майымен былғанып, таң атқанша көз ілмей газет шығарып, қалың оқырманға ойлы дүниелерді тарту етуге ұмтылған жанкешті еңбегіңнің босқа кетпегендігіне тәубе айтып, шүкіршілік етесің.

Журналистік жолыма батасын беріп, ақ тілегін арнаған ардагер журналист, марқұм Баттал ағамның жақсылығын бір кісідей көрдім. Бәкең шын мәнінде қасиет қонған текті адам, қалам ұстаған іні-қарындастарының аса қадірлі ұстазы болатын. Қазыналы қария, абыз ақсақал болып, біздің шамшырағымызға айналды. Неткен жаны таза ғажап жан еді десеңізші! Қарттығына қарамай, менің шығармашылық кешіме келіп қатысқаны жадымда. Тәкаппарлықтан ада абзал ағамның ағынан жарылып сөйлегенін қалай ұмытайын. «Қазір көп жиынға бармаймын. Талай шәкірттерім шақырды, бара алмадым. Денсаулығым да бұрынғыдай емес, кәрілігім тағы бар. Саған келгенім, сен тәуірсің. Жақсы інілерімнің бірісің, таңдаулы шәкіртімсің» – деді асқар таудай асыл ағам сол жиында. Міне, ағынан жарылу, міне жүрек сөзін арнау, міне, жақсы сөзбен адам жанын семірту. Мен марқайдым, көңілімді қуаныш кернеді.

Баттал Жаңабайұлы секілді ардақты ағалардан кенде болған жоқпын. Соның бірі әрі бірегейі Ахмет Қазыбаев қаламдастар арасында аса қадірлі болғандығы даусыз. Тұла бойы ізгіліктен тұратын бір адам болса, ол Ахмет аға деп білемін. Аңқылдаған аппақ көңілімен біздерді бауырына басатын, мейірімге толы жүрегімен ерекше ықылас танытып, жанымызға шуақ сыйлайтын. Мұса Рахманбердиев, Доқтырхан Тұрлыбек секілді жас журналистердің «Еңбек туы» газетіне келуіне себепші болды. Асқаржан Сәрсек, Мұрат Сыздық секілді талантты жастардың жарқырай көрінуіне ағалық ақ тілегін, ақыл- кеңесін аяған жоқ. «Айналайын» деген сөзді біздер басқадан емес, осы Ахмет ағадан еститін едік. Мейірімге шөлдеген жастарға бұдан артық қандай сөз керек? Марқайып, масаттанып қалушы едік. Жақсы сөздің төресі де, ең кереметі де «Айналайын» болса керек. Осы сөзді айтудан айнымай өткен Ахмет ағамыз тірі болғанда биыл 95 жасқа толар еді.

Әлмұхан Исақ ағамыз облыс басшылығының идеология саласында жемісті қызмет атқарды. Кейінгі жылдары облыстық телеарнаға басшылық етті. Мен сол кісінің қарамағында жұмыс істедім. Ердің жасы 50-ге толғанымда өз қолымен құттықтау сөзін жазып, бүкіл ұжымның алдында оқып берді. «Журналист деген беймаза, көбінесе тұрмыста жұтаңдау болса да, рухани әлемі бай боп өмір кешетін, әркім тәуекел деп бара бермейтін, десе де әркімнің қолынан келе бермейтін мамандықты иеленіп, қанша қиындық көрсең де оған айнымайтын адалдық танытып келгенің үшін өзіңді білетін сыйластарың да, әріптестерің де құрмет тұтады», – деп жазыпты Әлмұхан ағам. Мерейім өсіп, мәртебем көтеріліп, жақсы сөзден жаным жадырады.

Басқа жұмысқа ауысатын болып, телеарна басшысына өтініш жаздым. Әлмұхан аға не үшін кететінімді сұрады. Бір мекеменің жұмысқа шақырып жатқандығын, ешкімге ешқандай ренішімнің жоқ екендігін айттым. «Сен әлі де ойлан. Мен сені телеарнаның бас редакторы қызметіне жоғарылатамын. Сөзімде тұрамын», – деп мені босатқысы келмейтіндігін білдірді. «Бас редактордың орны бос емес қой», – дегенімде, «Мен оны жұмыстан шығарамын», – деп кесіп айтты.

Бірер күннен кейін мансапқор еместігімді айтып, басшының алдына тағы бардым. Әлекең маған «құда түсіп» отырған мекеме туралы сұрады. Жамбыл темір жол бөлімшесінің басшысы Сағынбек Ақшалов екендігін жеткіздім. Сөзге келместен өтінішіме бірден қол қойып берді. Баспасөз хатшысы қызметін бес-алты жыл атқардым. Кемел ойлы, жүрегі жомарт, пейілі дархан, темір жолдың дара тұлғасы Сағынбек ағаның шапағатын бір кісідей көрдім. Журналистер мерекесінде елдің алдында құттықтап, жылы сөзін арнайтын. Сыйлығын беріп марапаттайтын. Кабинетінде өтетін жиындарда мені қасына отырғызып, мәртебемді көтеріп қоятын.

Аса көрнекті жазушы Қалтай Мұхамеджановты танымайтын адам кемде-кем. Қаламгер ағамыз өз ортасында да, жалпы ел арасында да беделі аса жоғары болатын. Өмірімде осы кісімен бетпе-бет кездесіп, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Облыстық «Ақ жол» газетінде қызмет атқарған жылдары журналистердің республикалық семинарына қатысуға шақырту келді. Газет редакторы Әлдихан Қалдыбаев ағамыз Жанат Төлендіні, Жанна Бейсенқұлованы және мені осы семинарға жіберді. Алматыда өткен бір апталық семинар кезінде түрлі басылымдарда болып, солардың іс- тәжірибелерімен таныстық. Кезек халықаралық «Заман-Қазақстан» газетіне келіп жетті. Арнайы автобуспен біздерді осында алып келді. Үлкен ғимаратқа орналасқан редакцияда әріптестер қарсы алды. Курстасым, белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлы осында редактордың орынбасары екен. Жылы шыраймен амандасып, хал- жағдай сұрастық. Бас редактор Қалтай ағамызды күтуге тура келді. Бір кезде Қалекеңнің де төбесі көрінді. Біздерді көре сала: «Менің жас жолбарыстарым, келдіңдер ме? Ат-көліктерің, бала-шағаларың аман ба?» – деп дабырлай кіріп амандасты. Біз оның әлгі айтқан сөзіне мәре- сәре болып қалдық. Өзінің әріптес іні-қарындастарын аспанға көтеріп, оларды жас жолбарыстарға теңеп, айырықша дәріптеп, ізін қуып, өкшесін басып келе жатқан біздерге ерекше күш-жігер берген Қалтай ағамызға басымызды идік. Қалекең жиын тізгінін өз қолына алып, ғажап әңгіменің тиегін ағытты. «Қалтайдың қалжыңдары» деген сөзді талай рет естіген едік. Қаламгер ағамыздың шын мәнінде қалжыңмен өрілген дәмді әңгімелеріне құмарымыз қанды. Тыңдаудан шаршамадық, осы бір уыздай ұйыған үлкен мәртебелі шаңырақтан кеткіміз келмеді.

Жазушы Герольд Бельгер өз естелігінде былай дейді. «Қалтайды мен қырық жылдай уақыттан бері білетінмін. Әртүрлі жағдайда ұшырасып, қуаныш- қайғы, ыстық-суықты бөлісіп келдік. Тапқырлығын айтпай-ақ қояйын. Нағыз қиып түсер қырғи тілдің өзі. Әрі ақылды данагөй. Ғажап білімдар, қайырымды. Адамдарды жақсы түсінетін. Өзі хақында да, шығармашылығы жайлы да айта беруге болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне тән қалжыңмен: «Ретін тауып, бір күні мен де өлем ғой», – дегені бар-тын. Мұнда Қалтайдың бүкіл болмысы тұр. Міне, енді «ретін тапты». Амал не, жарқын тұлға еді. Оның қазасы мен үшін де орны толмас өкініш. Қалтайды көп жұрт жақсы көрді. 70 жылдық мерейтойы жадымда. Менің 60 жылдығымда тебірене сөйлеген-ді. Әйтеуір шын жүректен Қалтайды қалтқысыз жақсы көретінмін», – деген Гер ағаның жүрекжарды сөзіне еріксіз иланасың /«Түркістан» газеті, №17, 26 сәуір 2012ж./.

Қалтай ағамыз іспетті ақжарқын жандардың жылы лебіздерін ести бергенге не жетсін! Жақсы сөзден көңілің көл болып, жаның жаздай жадырап, тұла бойың рухтанып, ерекше сезімге бөленерің даусыз шындық. Спорт саласында лайықты орны бар, боз кілемде талай мәрте топ жарған, күрес өнерінің хас шебері Ерген Қалдыбеков бауырымыздың адамды жақсы көруіне тәнті боласың. Адамның адамға жасайтын ең үлкен жақсылығы – жақсы көруі екен. Облыстық басқармада қызмет атқарған Ерекеңе барған сәттеріңді қалай ұмытарсың. «О, менің арыстаным», – деп қарсы алатын бауырымнан қалай айналмайсың? Көңілімді көкке көтерген азаматтың бұл қасиетіне қалай риза болмайсың? Әрине, риза боласың. Емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, сыйластықтың әдемі үлгісімен тарқасатын едік. Екінің бірі айта бермейтін мұндай ғаламат сөзді бір-бірімізге қимаймыз. Қиғанмен, іштарлығымыз жібермейді. Кейбір іні-қарындастар «аға» деген сөзден арланатын сияқты. Көзіңді бақырайтып қойып, «Мәке» немесе «Мақа», кейде орысшалап «братан» дей салады.

Туып-өскен ауылымда жақсы көретін ағам болды. Жанары өткір, түсі сұсты, тік мінезді, екі сөйлемейтін, бет-жүзіңе қарамай батыл айтатын бұл ағама еліктегенім рас. Сәрсен ағамның кісі қызығатын қасиеттері мол еді. Әсіресе, серілігін айтып тауыса алмаспын. Ол кісінің киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеуі, сәлемдесуі, ел-жұртпен қарым- қатынасы айырықша болатын.

Университет бітіріп, қызметке тұрғаннан кейін отау құрдым. Үйлену тойына Сәрсен ағамды да шақырдым. Ол кезде той үйдің ауласында өтетін. Менің сері ағам той тарқап жатқанда келіп тұр. Көшенің ортасына сары түсті «Волганы» қаңтарып қойған. Сәкең мені құттықтап, бауырына қысты. «Інім, мен сенің тойыңа кешіктім. Кешіксем де келіп тұрмын», – деп қолыма бүтін 25 сом ұстатты. Өзімді тура тұлпар мінгендей сезіндім. Серілігімен қоса мәрттігін де байқатты. Ер Сәкең кешіксе де, інісін құттықтауға уақыт тауып келгеніне риза болдым.

Бір кездесу есімнен кетпейді. «Білесің бе, інім? Біздің ауылда екі зиялы адам бар. Оның бірі менің ағам – Тәуекел Жанықұлов деген кісі. Ол – философ. Ал, екіншісі сенсің. Сен – жорналшысың. Осыны біліп қой», – деді Сәрсен ағам. «Мұғалімдер де бар емес пе?» – деп сұрақ қойдым. «Олар зиялыға әлі жете қойған жоқ», – деп ойын түйіндеді. Ағам ортасына, айналасына өзінің бағасын беріп, ойлы адамның сөзін айтып, қызғаныштың ауылынан алыс екендігін білдіріп кеткенін бүгінде құрметпен еске аламын.

Облыстық қаржы бақылау инспекциясын басқарған Кендебай Шүйкебаевтың жарқын бейнесі де көз алдымда. Оның қызметі әдебиет пен өнерден алшақ болса да, осы саланың адамдарымен тығыз қарым-қатынас жасап жүрді. Шығармашылық адамының жетістігіне, шыққан биігіне қуана білетін. Өзгенің қуанышына қуана білу де үлкен қасиет қой. Кендекең де қара жаяу адам емес еді. Тарихи кітаптар туралы тереңнен ой қозғап, әдебиетшілер мен қаламгерлердің туындыларын талдап айтудан жалықпайтын. Пікірталасқа жаны құштар болатын. Бармай қалсам ренжитін. «Бауырым, армысың. Бұл дүниеде бармысың? Білесің бе, бауыр – бауыр емес, пікірлес бауыр, осыны ұмытпа. Сен менің бауырымсың», – дейтін әдебиетке жаны жақын ағамыз. Өзінің «Ел азаматы» деген кітабын маған ұсынып, «Мақұлбек бауырыма Кендебайдан» деп қолтаңбасын қалдырды. Өз кезегінде жарыққа шыққан кітабымды құшақтап, оның алдына бардым. Жарқын жүзбен қарсы алып, «Құтты болсын» айтты. «Мынау байғазым», – деп уысымды толтырып, сыйлығын берді. Бұдан кейін төбең қалай көкке жетпейді? Жаның қалай семірмейді?

Нәмелбек Кемелбеков ағамыздың еліне жасаған қызметі, адамдарға түсірген сәулесі мен тигізген шапағаты туралы көп айтуға болады. Нәкең облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық етті. Ол басқарған жылдар елеулі оң өзгерістермен есте қалды. Дала төсі мыңғырған малымен, жайқалған егінімен, мол астығымен, айдын көлдегі тулаған балығымен, жасыл желекті орман алқабымен ел жүрегін қуантарлық деңгейге көтерген молшылық пен берекенің мезгілі болған сияқты. Міне, осы тұста ауыл-аймақтарды кеңінен аралап, сапарлаған кездер аз болған жоқ. Сол сапардың басым көбінде Нәмелбек ағамен серіктес болу бақыты бұйырыпты. Неге екенін қайдам, жас болсам да қасына ертіп алып жүрді. «Қойшы қорасынан қой өргізсе, бұл інім қаламынан сөз өргізіп жүр», – деп барған жерінде, отырған ортасында айтып отыратын. Мақтауын жеткізіп, көтермелеп қоятын. Жақсы сөзге жүрегім шымырлап кететін. Басылым редакторы Баттал ағадан мені қалап, сұрап алатын. Ол кісі қарсы болмайтын. Кез келген аудан басшысына мені табыстап, қамқорлық жасап, көмек көрсетуді шегелеп жеткізетін. Содан болар, әр сапарым сәтті аяқталып, сәтті жалғасын тапты. Журналистік жолымда бағдаршам болған мұндай ағалардан қалай айналып кетпейсің? Көңіл төрінен қалайша орын бермейсің? Әрбір жақсы ниеті мен жақсы іс-әрекетінен қалайша қанағат таппайсың?

Амал нешік, жақсы сөйлеудің орнына кекетіп, мұқатып отыратын, іс-әрекетіңнен кемшілік іздеп, кемсітіп, қисық сөйлеп, қисық мінез көрсететін адамдар да өмірде кездесіп қалатындығы өкінішті. Құдайдан қорқатын адам ешбір адамды ренжітіп, алдап, мазақ етіп, өтірік айтып, ғайбат сөйлеп, тіл тигізіп, ашуын төкпейді. Себебі барлығы үшін сұрақ, жауап болатынын біледі.

Қазіргі кезде той-томалақта, отырыс-жиындарда беталды сөйлейтін, мән-мағынасы жоқ сылдыр сөз айтып, елдің ығырын шығаратын мылжыңдар көбейді. Той үстінде ақыл айтып, өзін данышпан санайтын «мықтылар» пайда болды. Бұл санатқа тіпті бесіктен белі шықпаған жастар да қосылып кетті. Көзіңді бақырайтып қойып, ақыл айтқанда алдына жан салмайды. Тілек айту, жаныңды жылытар сөз айту олардың ойларына кіріп- шықпайды. Аузы көпіріп, езіп, бөсіп сөйлейтіндерден мына қоғам әбден шаршады. Ондай жиындарға барғың да келмейді.

Осыдан бірер жыл бұрын бір кісінің баласының үйлену тойына бардым. Сол тойды ашып беру үшін облысымызға белгілі үлкен ақсақалға сөз берілді. Әлгі ақсақал той иелері қай рудан шыққанын тәптіштеді. Осы рудың көсемдері мен шешендері, билері мен батырлары, болыстары мен сұлтандары туралы әңгіме қозғады. Олардың аты-жөндерін атады. Баяндамасын ұзаққа сермеді. «Қой» дейтін ешкім болмады. Үйлену тойы жайына қалды. Өзі де сол рудың адамы болса керек, руын айтып рухтанып, әзер дегенде тоқтады. Рушылдардың тойында отыра алмадым. Аз ғана уақыттан кейін кетіп қалдым.

Қыз ұзату тойында бұдан да сорақы жағдай орын алды. Тойдың соңына таман қызды алып кету рәсімінде қыздың бүкіл туыстары мен жақындары, бауырлары мен ауылдастары түгел жиналып, өз руларының ұранын шырқап, қызды ұзатып салды. Соған мәз болып, қол шапалақтап, алақайлап тұрды. Ал, басқа елге кетіп бара жатқан болашақ келінге басалқалы сөз айтатын адам табылмады. Қызымыз бойына қуат беретін, жүрегіне шипа болатын, жан жылытатын сөз емес, әнұран естіп аттанды...

Жақсы сөз айтудан жалықпайық, жарандарым!

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

ардагер журналист

Ұқсас жаңалықтар