Жаңа инновациялар – жарқын болашақтың кепілі

Жаңа инновациялар – жарқын болашақтың кепілі
Ашық дереккөз
Бүгінде еліміз инновациялық дамудың қолайлы климатын қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Бұл бағытта стартапты тиімді қаржыландыру мен өнертапқыштарға жағдай жасау аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда MedTech, Аgritech және GreenTech, жасанды интеллект, Индустрия 4.0, GovTech металлургия сияқты ел дамуының басым технологиялық бағыттарын қаржыландыру мақұлданған. Әрбір басым бағыт шеңберінде осы бағыттарды дамытудың сапалы жүйелерін, оның ішінде кадрлық әлеуетті, инфрақұрылымдық қолдауды қамтамасыз етуді, инновациялық жобаларды дамытуды және өзге де шараларды қалыптастыратын технологиялық платформалар жұмыс істейтін болады деп жоспарлануда.

Инновациялық гранттар, бизнес-инкубациялау, технологиялар трансферті және басқалар сияқты инновацияларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру күшейтетіні сөзсіз. Мысалы, өткен жыл қорытындысы бойынша үш гранттық бағдарлама бойынша жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге 31 жоба қолдау тапқан. Ал дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы өлшейтін жаһандық инновациялар индексінің халықаралық рейтингінде Қазақстан өткен жыл қорытындысымен 81 орынға ие болған. Бұдан бөлек, Input (инновациялық орта және инновацияларға инвестициялар) субфакторы бойынша еліміз 68-ші, output (инновациялардың тиімділігі мен тиімділігі) бойынша 87-орынға тұрақтаған. Тиімділігі жөнінен танымалдылыққа ие болған бірқатар стартаптарға тоқталып өтсек.

Sezual

Елімізде бірқатар инновациялық жобалар пандемия кезінде қалыптасты. Соның бірі – Sezual деп аталатын стартап жоба. Бұл инновациялық препарат зағип жандарға заттарды 15 метр радиуста «көруге» көмектеседі. Өнім атауының өзінде декодтау бар, өйткені қазақ тілінен «sezu» (сезіну) және «al» (алу) деген мағынаға ие. Құрылғының өзі мойынға тағылады және айналадағы заттардан шағылысатын жоғары жиілікті шертулерді шығарады, осылайша оларға дейінгі қашықтық пен олардың пішіні туралы ақпарат береді. Сондай-ақ, пайдаланушы заттың қандай материалдардан жасалғанын анықтай алады. Шын мәнінде, Sezual инновациялық аппараты мүмкіндігі шектеулі адамдарға кеңістікті еркін шарлауға, жұмыс істеуге, саяхаттауға, бір сөзбен айтқанда, толық өмір сүруге көмектеседі.

«Таза ауа»

Тағы бір инновациялық жоба – «Таза ауа». Студенттер жасап шығарған стартап пеш құбырларынан түтінді тазартуға бағытталған. Сол арқылы түтін мұржаға кірмес бұрын сүзгіден өтеді. Арнайы дизайнның арқасында мұнда кішкентай тайфун пайда болады. Ол мұржа ішіне еніп, 30 пайыз тазартылған түтін шығарады. Барлық күйе төмен қарай, контейнерге түседі, содан кейін оны құрылыста ыстыққа төзімді материал ретінде пайдалануға болады.

3D басып шығару принтерлері

2015 жылы бастау алған жоба түрлі заттар мен құрылғылардың ішкі-сыртқы құрылымын анық көруге бағытталған. Әзірлеушілердің пікірінше, мұндай принтерді білім беру мекемелері талап етеді, мұнда студенттерге осы немесе басқа объектінің қалай жұмыс істейтінін көрсету маңызды. Оны аэроғарыш өнеркәсібі сияқты бөлшектерді жасау қажет салаларда пайдалануға болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта жобаны жетілдіріп, ғимараттарды басып шығаратын құрылыс принтерін ұсынбақшы. Бүгінгі таңда қазақстандық 3D-принтинг жетекші шетелдік әзірлемелерден айтарлықтай артта қалып отыр. Десе де, бастама өз деңгейінде қолдау тапса, оның көмегімен адам ағзаларын көруге де болады.

InnoDent импланттары

Ауыртпалықсыз іске асатын жаңа технология стоматология саласына арналған. Препаратты қолданудың көрсеткіштері пациенттерде брекет жүйелерінен кейін ақ дақтардың болуы, эмальдың минералдануы, балалардағы бастапқы кариес пен сезімталдықтың жоғарылауы болуы мүмкін. Ал бұл биоматериал суда ериді, тістің зақымдалған аймағына жағылады, содан кейін бір ай ішінде сілекей минералдарынан тіс эмалінің қалпына келуі дұрыс кристалдық торды құру арқылы жүреді, яғни адамда эмальдің табиғи түзілу процесі имитацияланады. Процедураның ұзақтығы – 15 минут. Бүгінгі таңда біздің елімізде 50 стоматологиялық клиника, 20 – Украинада, 10-Ресейде InnoDent препараттарын сатып алған.

Жұмыртқа қабығынан жасалған тіс пломбалары

Аталған өнім іс жүзінде адам сүйектерімен бірдей әрі оны стоматологияда биологиялық шикізат ретінде қолдануға болады. Қазір әлемде кальций гидроксиапатитінің синтезінің бірнеше түрі бар, олардың бірі – кальций оксидінің синтезі. Құрамында кальций гидроксиапатиті жоғары нанокристалды ұнтақ – жануарлардың сүйектерінен, моллюскалардың қабығынан және тағы басқа заттардан алынған өте қымбат зат. Синтезделген кальций гидроксиапатиті 1-2 грамм үшін 8-10 мың теңге тұрады. Бір пломбаға кем дегенде 10 грамм қажет. Ал өнертапқыштар мұның балама түрін құс жұмыртқаларының қабығынан тапқан. Жұмыртқа қабығын 900 С0 температурада пеште күйдіру арқылы кальций оксидін алып, оны пломба жасауда кәдеге жаратқан. Жоба тек жас ғалымның ынта-жігеріне негізделген. Алайда, жоба авторы Шыңғыс Дауылбаев тиісті қаржыландыру болған жағдайда биопломбалар ғана емес, сонымен қатар, остеопороз сияқты ауруларды емдеуге көмектесетін таблеткалар өндірісін жолға қоюға болады деп санайды.

Тұқым өнімділігін арттыруға бағытталған құрылғы

Бұл – биологиялық сипаттамаларды қолдана отырып, төмен жиілікті электромагниттік өріс арқылы тұқымның жақсы өсуіне әсер ететін шағын құрылғы. Жоба авторы – Әбдімәлік Әшіров егін егудің қыр-сырынан хабар беретін ежелгі Египеттің діни қызметкерлер кітабынан шабыт алып, іске кіріскен. «Барлық материалдарды зерттегеннен кейін космогеофизикалық факторларды ескеру керек деп шештік. Айдың, күннің орналасуы, басқа планеталарды табу, тыныс алу ауырлығы, тектоникалық ақаулар және өзге де – барлығы 18 параметр. Оларды біз жазған бағдарлама талдайды және жердің белгілі бір нүктесінде сағат пен минутқа дейін егу алдындағы өңдеу және себу уақытының кестесін береді», – дейді жоба авторы.

Құрылғының қуаты автомобиль аккумуляторынан алынады. Электромагниттік толқындардың жиілігі – 14 герцке тең. Ғалымның айтуынша, құрылғыны тұқымдар сақталатын қоймаға орналастырып, 11 минутқа қосу керек. Сонда дақылдардың өнімділігі екі есе артады. Жаңа технология Ресей, Өзбекстан, Түркия, Германия, Тәжікстан және Украинаның ауылшаруашылық институттарында сыналып, мақұлданған.

FinPay – саусақ арқылы төлем жасау жүйесі

Бүгінде қолма-қол ақшасыз төлем жасауға дәстүрлі түрде банк карталары қолданылады. Бұдан бөлек, сатып алушыға интернет-магазин арқылы сауда жасаған кезде интернет-банкинг жүйесін қолдануға да болады. Сонымен қатар, картаны ұялы телефонмен байланыстыратын NFC технологиясы да енгізілуде. Ал, FinPay стартап жобасы бойынша адамдар саусақ ізі арқылы төлем жасау мүмкіндігіне ие болмақ. Бастысы – сатушының ұялы телефонында сәйкес қосымша болса жеткілікті. Жүйеге тіркелу үшін қолданушыға биометриялық ақпараттар керек болады. Келесі ақша аударымы стандартты түрде жүзеге асырылады. Қаражат қарапайым картаны қолданғандағыдай, банк жүйесі арқылы аударылады. Бұл қызметті қолдану үшін қолданушы алдын ала жүйеге тіркелуі керек.

Стартап авторлары қазақстандық бірқатар банктен технологияға сынақ жасау үшін алдын ала келісім алған. Алдағы уақытта жоба авторлары жаңа технологияны Сингапурда таныстырудан үміттеніп отыр.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар