Біз оған Жуалы ауданы, Бақалы ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Халыққа қызмет өмірімнің өзегі болды» атты еске алу кешінде тағы да көз жеткіздік. Іс-шараға жиналған ауылдастардың, замандастардың, қызметтестерінің жүздерінен аяулы адамға деген сағынышты байқадық. Мәдениет үйінің кіре берісіне жазушының шығармашылық өмірінен кітап көрмесін ұйымдастырған ауылдық кітапхана ұжымының да еңбегі атап өтерлік.
Іс-шараны Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жазушының қаламынан туған «Желсаз», «Құс жолы», «Күміс белдік», «Жуалы» кітаптарына кеңінен тоқталып, журналистика, архив салаларындағы елеулі еңбектері туралы кеңінен толғанды. Сондай-ақ, ол аудан әкімі Жалғас Мұртазаның атынан жазушының баласы Нұрқуат Рысдәулетке естелік сыйлықтар табыстады.
Мұнан соң «Туған жердің киесі – ұлы дарын иесі» атты шағын деректі фильм көрсетілді. Келесі сәтте аудандық мәдениет үйінің «Мыңбұлақ» халықтық театры әзірлеген «Туған жерім – қадірім» атты бейнекөрсетілім көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда Мақұлбек Рысдәулет бейнесін сомдаған актер Ербол Бекежановтың шеберлігі көрерменді сүйсінтті. Оның ақ шымылдықтың арғы жағынан көмескіленіп көрінуі көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Жәудір Артықбаеваның «Жуалының тау самалы» әнін аудандық Мәдениет үйінің әншілері толғаныспен орындады.
Мұнан соң жазушының рухани інісі болған, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Иембердиев жазушының кісілік келбетіне, облыстық «Aq jol» газетін басқарған жылдарындағы ұтымды шешімдеріне кеңінен тоқталды. Сол уақытта қара шаңырақ газеттің басына төніп тұрған кадр мәселесін Таразда журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттерді газет жұмысына тарту арқылы шешкенін, Мақұлбек Рысдәулеттің тәрбиелеген сол бір буын жастар осы күні облыстық газеттердің басшылығында отырғанын айтып өтті. Ол: «Мен бір ғана әсерлі сәтті айтайын. Бір жолы Дәметкен Ахметова жеңгей ескі альбомын көрсетті. Сол альбомға Мақұлбек ағамыз таудан өзі теріп әкеліп сыйлаған алғашқы жауқазын гүлін кептіріп, сақтап қойыпты. Сөйтсем, Махаң жеңгемізге арнап, Жуалы тауларынан жылда жаңа гүл теріп сыйлауды дағдыға айналдырған екен. Не деген сыйластық деп таңдандым», – деді.
Қаламгердің рухани інісі, Ақпарат саласының үздігі Марат Құлибаев та естеліктер айтты.
Іс-шара барысында елімізге есімдері белгілі ақындар Ғалым Жайлыбайдың, Қайырбек Асановтың және «Құрмет» орденінің иегері Батырбек Мырзабековтың көзінің тірісінде жазушыға арнап жазған өлеңдерін аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері шеберлікпен оқып, жеткізді.
Кеш барысында жазушының немере ағасы Рахымбек Рысдәулет пен келіні Күләнда, елдің алдында жүрген інілері Сейітхан Жұмашев, Қансейіт Беспай, Аташбек Әмірқұл, құрдастары Қалдан, Дәулетхан, Зиятхан, Амангелді қаламгердің бала күнінен әсерлі естеліктер айтты.
Кеш барысында орындалған «Сағым жылдар», «Есіңе мені алғайсың» әндері көпшілікті үлкен толғанысқа жетелеп, жерлестерінің сағынышты көңіл-күйімен үндесіп тұрды. Жиынның жазушының туып-өскен Бақалы ауылында өтуінің де маңызы бар. Іс-шара барысында Мақұлбек Рысдәулеттің жұбайы, белгілі журналист, марқұм Дәметкен Ахметова туралы да сағынышқа толы көптеген естеліктер айтылды.
Іс-шарадан соң қонақтарға дастархан жайылып, жазушының рухына құран бағышталды.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді