Айта кетейік, дәл осы дерт туралы ең алғаш боп дабыл қаққан мемлекеттердің бірі – Үндістан. Онда 26 жасар үнді азаматының күні-түні «Netflix» платформасы арқылы телехикаяларды үзбей көргені хақында жазылады. Соның кесірінен ол көшеге шығуды қойып, достарымен араласпай кеткен. Тіпті, телефон қоңырауларына да жауап бермей, жұмысынан да қуылған. Әйтсе де, оны бұл жағдайлар аса қатты алаңдатпай, келесі жолы қандай телехикая көру мәселесі көбірек мазалапты. Нәтижесінде психологтар оған «тәуелділік» диагнозын қояды. Осылайша, майталман мамандар сыртқы өмірмен байланысын жоғалта бастаған ер адамды дер кезінде құтқаруға күш салуға білек сыбана кіріседі.
Шын мәнінде, бұл жағдай жалғыз ғана мысал емес. Мәселен, «Netflix» статистикасының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы бір адам күн сайын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасынан «Кариб теңізінің қарақшыларын» қараса, өзгесі 357 күн бойы «Би Муви» анимациялық фильмін көрген. Ал, америкалық ғалымдар адамдардың 67 пайызы қоғамдық орындарда, 37 пайызы жұмыс уақытында, тіпті 12 пайызы дәретханаларда да телехикаяларды көретіні дәлелденген. Қысқасы, бір көрермен жыл он екі ай 60 фильм көреді екен.
Әуелгіде еш зияны жоқ болып көрінгенімен, ақиқатында телехикаялардың өмірімізге тигізер залалы жетерлік. Дәл қазірден бұл қызығушылықтың алдын алмасақ, соңы эмоциялық тұрақсыздық, апатия, стресс, депрессия, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, көз жанарының әлсіреуі мен артық с а лмақ с екілді түрлі дерттерге шалдықтыруы әбден мүмкін. Себебі, сериаломанияның тырнағына ілінген жандар үшін әрбір телехикаялар есірткі іспеттес, оларға әрбір бөлім жаңа бір доза сияқты әсер береді.
Нейрофизиолог және әлеуметтанушы Кирилл Хмарский бөлімдер мен эпизодтардағы сюжеттік желіге қызыққандардың біртіндеп шынайы өмірден алыстай баст айтынын айт ады. Оның сөзінше, телехикаялардағы басты кейіпкермен бірге қайғыратындар ең соңында ақиқат пен жалғанды ажырата алмайтындай халге түседі.
– Адам телехикаяға тәуелді болған кезде оның көру жүйесіне шамадан тыс жүк түседі. Ең қауіптісі, адамның өз шындығынан алыстауы. Ал, адам миы ненің шындық, ненің фантастика екенін ажырата алмағандықтан, ол сол кейіпкерлердің әлемінде бірге өмір сүре бастайды. Сонымен қатар, сериалдарды қозғалыссыз көрудің кесірінен қан айналымы нашарлап, оттегі жетіспеушілігі әсерінен мидың белсенділігі біраз уақытқа дейін қалпына келуі қиындайды. Бұл қызығушылық адамның психикалық және физикалық денсаулығына үлкен зардабын тигізеді, – дейді маман.
Ал, психологтар сериаломания тәуелділігінен құтылу үшін телехикаяларды кенеттен көруді тоқтатпау керек деп санайды. Олар әр күн сайын көретін бөлімдерді біртіндеп азайтып, кейіннен сезонға созылмайтын жай ғана фильмдерді көруге және бұл тәуелділіктің қандай жағдайлардың әсерінен пайда болғанын анықтауға кеңес береді.
– Бұл күнде жас та, жасамыс та сериал көруді күнделікті әдетіне айналдырған. Әсіресе, мұндай тәуелділік қарапайым ауыл адамдарының бойында көптеп кездеседі. Ауылдықтардың айтуынша, таңсәріден еңбекке араласатын шаруалардың сергу жолы – теледидарға телміру. Қас қарайғанда мал жайғап, тірлігін тындырған ауыл азаматтары үшін бұдан артық демалыс жоқ секілді. Бәлкім, бұл пікір дұрыс шығар. Десе де, көгілдір экранды көп қарап, смартфондардан көз алмаудың пайдасынан зияны көп. Осылайша, жұртшылықтың басым бөлігі жеңіл тәуелділік ауруына ұшырап, санасын улап алғанын аңғармай да қалады. Телехикаялардың жетегінде кетіп, қолындағы барынан айырылғандар қаншама. Әйтсе де, психика жүйесінің бұзылмауы үшін бұл әдеттен кезең- кезеңімен арылған жөн. Сондықтан сүйікті сериалдардың бөлімдер санын біртіндеп қысқартып, уақыт өте тұтастай бір фильмді көруге ден қойған дұрыс. Бұл – сериаломания дертіне қашан әрі қалай шалдыққаныңды анықтаудың төте жолы, – дейді психолог Айнұр Сәрсенова.
ТҮЙІН:
Екі мыңыншы жылдардың басында отандық телеарналарда түрік сериалдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Кейінірек көгілдір экрандағы кәрістің туындыларынан көзіміз сүрінді. Бертін келе, орыс пен өзбек ағайындардың лек-легімен келген фильм-сериалдарына бой үйреттік. Ал, қазір «You Tube» арқылы ағылшындар мен америкалықтардың ақиқаттан ауылы алыс, дымға қажеті жоқ дүниелерін көруге мүмкіндік алдық. Қош, әлемдік өркениеттен қалмас үшін өзге елдердің киностудиялары ұсынған туындыларын көрген дұрыс та шығар. Бұл біздің елде шебер киногерлер мен ойы ұшқыр режиссерлардың қалыптасуына өз септігін тигізер бәлкім. Бірақ, сериал, кино мен фильм де нағыз идеологиялық құралдың өзі екенін ұмытпаған абзал. Ал, шет елдің дүниелерінде тек өздеріне ғана ыңғайлы солақай саясат жатуы да бек мүмкін. Оның үстіне, бір сериалды тамашалауға арнаған сағатта өзіңіз оқығыңыз келетін кітаптың қаншама бетін парақтауға болады емес пе?!
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді