Арнайы қызмет құпия агенттерінің бет-пішінін танымастай өзгерту үшін пластикалық хирургияны атам заманнан бері қолданады. Археологиялық қазбаларды зерттейтін ғалымдардың мәлімдеуінше, Мысыр пирамидаларында жатқан перғауындар, соның ішінде Нефертитидің бірнеше рет пластикалық ота жасатқаны анықталған. Медицина қызметінің бұл түрін қолдану елдің қауіпсіздік факторымен ғана шектеліп қалмайды, оны мемлекеттің бірінші тұлғалары да пайдаланған.
Коммунистік партияның көсемі революцияның алдында астыртын ұйымдастыру жұмыстары кезінде Владимир Лениннің сақал-мұртын алып, басына парик, көзіне көзілдірік киіп, бет-әлпетін бірнеше рет өзгерткенін білеміз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында косметика мен пластикалық хирургияны пайдалануға КСРО-да ресми рұқсат берілді. Бірақ косметиканы әйелдер еркін қолданғанымен, пластикалық хирургияға әркімнің қолы жеткен жоқ. Парижге барып, косметикалық салондарды көріп қайтқан Халық комиссариаттары кеңесінің төрағасы В.Молотовтың әйелі Полина Жемчужина «Біздің әйелдер де әдемі болуы керек» деген ұран тастайды. Сөйтіп, 1930 жылы Мәскеу көркем театрының кіреберісінде алғашқы дәрігерлік косметика кабинеті ашылады. Артынан бұл кабинет кеңестік элитаның жиі баратын орны Сұлулық институтына айналды. Мұнда әйелдер ғана емес, еркектер де жиі бас сұғатын болған. Тіпті Иосиф Сталинді осында алып келіп, бетіндегі шешектен қалған дақтарын алып тастау туралы ұсыныстар жасалған. Бірақ тік мінез Сталин оған көнбепті. Сталин тірі кезінде ешкімге көнбегенмен, өлгеннен кейін оның денесінде біраз өзгерістер болған. «Сталинді қалай өлтірді?» деген Николай Добрюханың кітабында бірнеше түсініксіз жағдайлар айтылады. Құжаттар бойынша өлерінің алдында дәрігерлер оның төсектен тұруына тыйым салған. Ал ол 1 мамыр шеруіне қатысады. Барлық ресми шараларды тікесінен тік тұрып өткізеді. Сталин өлгеннен кейін жасалған құжаттар мен түрмеге түскен кезде патша охранкасы жасаған құжаттар арасындағы сәйкессіздіктер анықталған. Мысалы, Сталиннің оң жақ аяғындағы екі саусағы бірігіп өскен, сол қолы бүгілмейді, бір аяғы екіншісінен жуан. Бұл жетіспеушіліктер 1953 жылы жасалған құжаттарда жазылыпты. Осыған қарап Сталиннің орнына пайдаланған ұқсас адамы болған, деген тұжырым жасайды автор. Демек, оған да пластикалық операциялар жасалған. Сталин бармағаннан кейін КСРО басшылары – Хрущев, Брежнев, Андропов, Черненконың ешқайсысы пластикалық ота жасатуға жүректері дауаламаған. Сөз болады деп жасқанған сияқты. Михаил Горбачевтің маңдайындағы қалды алып тастамақшы болған екен, ол да бас тартқан көрінеді. Алайда Ельцинге бұл мекеме қызмет көрсетті. Борис Ельцин 1995 жылы бір кездерде сынған мұрнына пластикалық операция жасатты. Ресми құжаттар бойынша, жас кезінде кафельге тайып құлап, мұрнын сындырып алған, деп жазады. Ал 1990-1996 жылдары қауіпсіздік қызметінің бастығы болған Александр Коржаковтың айтуынша, Ресей президентінің мұрыны одан сынбаған. Ол да бір кезде жас болды, қаны қызу еңгезердей жігіт қалай төбелеспей тыныш жүрсін?! Бірде жұдырықтасып жүргенде бетіне тоқпақ тиген екен. «Борис Николаевич көп уақытқа дейін келіспей жүрді. Мен де жас кезімде төбелестен мұрным сынып, дем ала алмай жүретінмін. Алдымен пластикалық ота жасаттым. Тынысым кеңейіп, жақсы болғанымды көрген Президент мұрнына ота жасатуға келісімін берді» деп есіне алады қауіпсіздік қызметінің сол кездегі бастығы. Израильдің премьер-министрі 2002 жылы ақпанда біраз уақыт демалыста болып келгеннен кейін үкімет отырысында өзіне пластикалық ота жасағанын, кірпіктерін тартқанын мәлімдеді. 2001 жылдың желтоқсанында АҚШ-тағы Ақ үйдің баспасөз қызметі Джордж Буштың пластикалық отаға барғанын мәлімдеді. Хирургтер оның бетіндегі, самайындағы дақтарды алып тастаған. Францияның бұрынғы президенті Жак Ширак бетін тарту үшін Канадаға барып, пластикалық ота жасатқан. Берлусконидің осындай хирургиялық жолмен бет-пішінін өзгерткені баспасөз беттерінде айтылды. Пластикалық хирургия адамның жасын қысқартатыны белгілі. Алайда бүгінде, әсіресе, әйелдер әдемілік үшін жаппай осы әдіске барады. Беті ғана емес, омырауына, бөксесіне силикон жапсыруды модаға айналдырды. Ресей Медакадемиясындағы Косметология және реконструктивтік-қалпына келтіру хирургия кафедрасының меңгерушісі Александр Неробеевтің айтуынша, қаншама қауіпсіз дегенмен пластикалық отадан кейбір адамдар көз жұмады екен. Қарапайым адамдарды былай қойғанда, Нигерия президентінің әйелі Испанияның қымбат клиникасында пластикалық отадан қайтыс болған. Көпті көрген пластикалық хирург Неробеев, бет терісін тарту үшін клиникаға барып, артық қылудың орнына тыртық қылып жатқандар көп екенін ұмытпауды сұрайды.
Қайыржан ТӨРЕЖАН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді