Ең бастысы, 2010 жылы бедерленген бұл кадрлық өзгеріске кілең әйел кісілерден құралған облыстық архив қызметкерлері қуанды. «Жазбаса, сызбаса отыра алмайтын журналист ағай көмбеде кезегін күтіп жатқан құнды дүниелердің талайының құлпын ашып, жарыққа алып шығатын болды» деп іштей сеніп, ойлағандары да рас.
Бұл қоғам мәдениетінде бар тәжірибе еді. Кезінде ең беделді «Социалистік Қазақстан» газетінің басшысы, көрнекті қаламгер Сапар Байжановтың Орталық мемлекеттік архивтің директоры болып баруының арқасында қаншама құнды жинақтар мен зерттеу кітаптары көпшіліктің қолында жүретін дүниеге айналды.
Кадрдың керек жерінде қадіріне жету деген осы.
Бұл өмірде өзін-өзі ақтаған іс екенін және дәлелдей түсті. Мазасыздықты тындырымдылыққа балайтын Мақаң да күн-түн демей газеттегі қарбаластан көз аштырмайтын бас редакторлық қызметтен қолы босаған соң жеке шығармашылыққа, сирек кездесетін тақырыптарға қалам сілтеуге шөліркеп те қалғанын және тез күш жинап, іске өтпей жатқан ой-ұсыныстарды жүзеге асыруға шын бекініп кіріскенін сездірді. Бәрін айтпайық, әсіресе, оның 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысқа Жамбыл қаласынан 330 қыздың өзі сұранып аттанғанын дәйектейтін деректі тауып, сол жауынгер қыздардың тағдырына сұрау салған әрекетінің өзі құрметтеуге лайықты қадам еді. Өкінішке қарай, 330 майдангер қыздың бес-алтауының ғана құжаттары мұрағаттан табылды. Өзгесінің тағдыры әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалды. Сонымен қатар, облыстық партия комитетінің архивінде қозғаусыз жатқан 1937 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы да айтылмай келген кейбір құпия құжаттарды қайта «сөйлетті». Кешегі кеңестік кезеңде жергілікті байлар мен кедей таптарының арасындағы күресте ойдан құрастырылған неше түрлі кесепаттарға да ой жіберіп, ақиқат желісінен тың мәліметтерді жария етті.
Сайып келгенде, Жамбыл облысының сан салалы дамуынан бұған дейін аса мұқият зерттелмеген жағдайға ақпараттық, мазмұнды сипаттама мен сараптама жасалды.
Заман өзгереді, күні ертең біз қайдан келдік?, дейтін жас толқынның сұранысын белгілі бір деңгейде өтеуге қажетті дүниелердің сапалы болғаны да анық.
Сіз 2019 жылы «Тараз мұралары» деген сериямен тұңғыш рет шыққан сексен том кітаптың жауапкершілігі мен ауыртпалығын көбірек көтерген (редакциялық және шығармашылық топтың жетекшісі) тағы да Мақұлбек ағамыз болғанын білесіз бе?
Көп ізденіс өз нәтижесін берді.
Сол сексен том кітапты көркемдеп шығару мәселесін тендер арқылы ұтып алған Талдықорған қаласындағы баспаға қаншама рет барып, осыншама еңбекпен жасалған дүниелердің бір әріпінің қисайып кетпесін бақылап, сан мәрте, сан мың шақырым шапқылап шаршағанын көз көрді.
Бұл нені білдіреді, өзіңіз ойлаңызшы. Зейнет жасындағы кісінің орнына жастау бір қызметкер барса қайтер еді, жоқ олай болмайды, аға ұрпақ өкілі әдетінше ар-ұят пен жауапкершілік жүгін бәрінен биік қояды.
Мына бір мәселені әдейі айтайын деп бекіндік. Өйткені, қазір біреуге бірдеңе бермесең, аттап баспайды деп қара аспанды төндіріп жүргендер аз емес. Бұл көп жағдайда шындық. Ана көшірме той әнінен миллион-миллион теңге тауып жүрген танымал эстрада әншіден фонограмма арқылы бір әнді ғана тегін орындап бер, деп өтініп көрші, не дер екен, ә?! Әкесінің құнын сұрайды. Қазақ зиялысына тән қарапайымдылықтың үлгісіндей болған Мақұлбек жеке өзінің авторлығымен шыққан 15 том зерттеу және публицистикалық еңбегіне де, өзі жетекшілік еткен редакторлар тобының қатысуымен даярланған сексен томдық сан алуан тақырыптағы жинақ кітаптарға да тиісті қаламақысын, яғни, көк тиын ақша қаражатын алған жоқ. Тегін.. бірақ сіңірген еңбегі мен қызметі тектіліктің төрінде тұрды.
Сіз осындай арда туған, елге пайдам тисе болғаны дейтін жанкешті кісіні қазір таба аласыз ба?
«Бұл қалай, дейміз ғой сонда? Өзіне келгенде тым-тырыс болғаны несі?» Алып тұлғалы ағамыз әдетінше иегін алға созыңқырап, қаршыға көзін өңмеңнен өткізе қадаған күйінде «Қойшы-ей, неғыласың, өздері біледі, мен сұрамаймын» деп өзіңді сол заматта жуасытып жібереді.
Билік төңірегіндегі пысықайлар мен ептілер сол шақтарда қызмет бабын пайдаланып, түк білмеген сыңай танытады. Бұл адам еңбегін қанаумен бірдей емес пе? Жә, әншейінде турашылдықты ұқтырып, талай дөкейді ықтыратын ағамыз өзгеше ықыласты болды.
Дегенмен, дарқан ағаның бұл азаматтық пейілі мен жанқиярлық еңбегін бірінші кезекте жергілікті ақын-жазушылар мен журналист әріптестері жақсы біліп, таңғалып та жүрді. Белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин мен филология ғылымының докторы, профессор Сәлмен Құлбарақ сол ел шежіресі мен жер тарихы туралы кітаптарды бірлесіп даярлау кезінде «Егер мейлінше адал азамат Мақұлбек Қайыпбекұлының жауапкершілік ұстанымы, ізденісі, бай тәжірибесі, терең сауттылығы, әдеби талғампаздығы мен шаршауды білмейтін ерен еңбегі болмағанда бұл кітаптардың дер кезінде жарық көруі екіталай еді», – деп тебірене айтып, әділ жазды.
Ұлттық руханияттың құндылықтарына бас-көз болған ардақты азаматтың тындырған осынау берекелі тірліктерінің ешбірін ешқашан пұлдаған емес. Өзі үшін солай болуға тиісті қалыпты жағдай деп қабылдаған.
Дәл осы қызметте ол өз миссиясын толық орындады. Ендігі жерде мұндай ұлттың сөзін ұстаған, рухы мықты қазақты таба алар ма екенсіз..
АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН АҒАЛАР ЖОЛЫМЕН
Жамбыл жақта достар жайында әңгіме айту бір қызық.
Қандай жақсы кісінің кімдермен арасынан қыл өтпес, қимас дос болғанын тәрбие мағынасында танытудың өз жолы, өз дәстүрі бар.
Киелі Әулиеатада кезінде болыс, би болған, Қаратауда кілең жүйрік тұлпарлар баптаған, бертінде Асада әкім лауазымын атқарған және әріптестер ауылындағы аттастарының қайсысы мыңға татитыны десе, біздіңше, ашық қоғам кеңістігінде, көпшілікті әдеби-мәдени ортада кесек тұлға, маңайында турашылдық пен мәдениет шуағын шашып тұратын Қайыпбекұлы Мақұлбектің еш әсірелеусіз әуелі еске түсетіні рас.
Қайран да қайран, жаратылысы бөлек, сөзі қорғасындай салмақты, таудан құлай аққан сарқырама секілді дауысы гүрілдеп шығатын тарпаң мінезді, маң-маң басқан марғасқа ағаны іздеп, сағынасың-ау.
«Жақсысы да елдің сен едің, жайсаңы да елдің сен едің» деген тіл ұшында тұрған ортақ ой оралады.
Ел аузында жүрген азамат кіндік қаны тамған Жуалы қазақтары сияқты басынан сөз асырмайтын батылдығы, айтса, бүгежектемей ақиқатын айтатын қасиеттеріне қай уақытта болмасын кір жұқтырмаған. Мінез – сол баяғы өзіне тән ірілердің мінезімен қалыптасқан.
Тағдыр мен өмірдің талай сынағынан өткенін дабыра ғып айтпаса да әрбір жағдайды мейлінше тура бағалауы арқылы анық аңғарта қоятын.
Бұл жайында дәлме дәл айтсақ, 1990 жылдардың бас жағында Жезқазғаннан Жамбыл қаласына, тағы да нақтылай түссек, қиын балалық шағы мен бозбала дәурені өткен туған ауылына оралған сәттен дос қолын ұсынған Әлібек Әмзеұлының «Менің заманым мен замандастарым» деген кітабында жақсы айтылған. Жас шамасы қарайлас болуы мен әдебиет, өнер десе жанын аямайтын, әділ сөздің алдаспаны, рухтас Әлекеңді ескі төлқұжаты бойынша «Әмзеев жолдас» деп жүрекке еркелете жақын тартқаны байқалады.
Әулиеатада мызғымайтын достар туралы сөз болғанда облыстық «Ақ жол» газетін 20 жылға жуық басқарған қаламгер Баттал Жаңабаев пен мәдениет және білім саласының парасатты тұлғасы Әкім Садықбеков екеуінің кіршіксіз қасиеттерін Нарша ақын жырға қосады. Ал, астарлы қалжыңға шебер Әлекең мен шындықты бетіңе шыжғырып басатын, бірақ мейірімі мол Мақаңның да адамдар мен қоғамды жаман пәлекеттерден сауықтыру мақсатында мүдделес, ниеттес ізгіліктері аңызға бергісіз айтылады. Әзіл-қалжыңы да, екеуара айтыс-тартыс әңгімесі де зілсіз, ұдайы жарасқан абзал жандар өле өлгенінше шын дос болып өтті.
Әлгі ойымызды одан әрі жалғайық.
Ер Мақаң Алматыда КазМУ-де бес жыл оқып, қолына қалам ұстағаннан кейін көп әріптестері секілді журналистика майданында өзінің туған ауыл-аймағындағы баспасөзді меже етпей, романтика іздеп, таулы-өзенді Мыңбұлақтан саялы Сарыарқаға қарай мың шақырымдық жол тартады. Арманшыл жас журналист Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен барғаннан соң Жезқазған облыстық газет редакциясына кідіріссіз қызметке қабылданады.
Кенді өлкеде оның қалай олжалы болғанын айтып тауыса алмайсың. Алыптардың сарқытындай болған палуан кескінді жігіт Дәметкендей еліктің лағындай лағылды адал жар етті, студенттік шақтан бері сүйіктісіне берген сертіне сай өркенді өлкеде өзін тек қана жақсы қырынан танытты.
Қазақ «Жақсы әйел ерін босағадан төрге оздырады» деп айтқан. Дәйім бала-шағасы шаттықты отбасында еріне сүйеу болған әрі еңбек сүйгіш журналист жеңгей жайында бұдан басқа сөз айтылмайды да.
Талант қай жерде болса да тас жарады. Есею жылдарында ол өндірісті өңірдің өзекті тақырыптарын көркем очерктері мен сараптама мақалаларына арқау етті. Солай тез танылды. Көп ұзамай еліміздің аймақтағы журналистерінің арасынан Жезқазған облыстық газетінің тілшісі Мақұлбек Рысдәулеттің республикалық Журналистер одағы мен Қазақстан Ленин комсомолының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атағын алуы, әрине, барша әріптестерін жалт қаратты. Біріншіден, бұл облыстық газетінің жанында әлдеқайда танымал, тарихи және өз мектебі әбден қалыптасқан мықты газеттер аз емес еді. Екіншіден, «кәсіби журналист кадрларына зәруліктен едәуір қиналатын басылымның шамын жаққандай сыйлықтың иесі әзірге белгісіз, қалай, қайдан шықты өзі?» деген сауалға қызықты. Бұл сол кезең саясаты мен уақыт өлшемімен санағанда екінің бірінің қолы жете бермейтін, жас журналистер үшін ең мәртебелі атақ болатын.
«Ең жарық жұлдыздар біздің ауылдың төбесінде тұрды» деп мақтанса да болатындай еді.
Әдеби тілші қызметінен газет редакциясының жауапты хатшысына дейінгі баспалдақтарда жеке ізденістері мен шығармашылық қарым-қабілетіне сай болатын өмірбаяны осылай көңіл демдейтін өз өрнегімен басталған-ды. Оның ұлт перзенті, атақты ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевқа арналған «Мыс дария» повесінің (Қазақстан Жазушылар одағы байқауының бас бәйгесін алған) дүниеге келуі он сегіз жылғы ізденістің жемісі десек болады. «Жезқазған. Жездінің бұл қатпарынан, Еліме иен ырыс ақтарылған. Осында жүр жастары, қарттары да, Қанышынан үйреніп, хат таныған. Хат таныған, Басына бақ дарыған» (М. Мақатаев). Ғұлама ғалымның Жезқазған-Қарағанды өңірінде жерасты байлықтарын зерттеу жылдарында жергілікті қарапайым халықпен байланысы, ел аузынан ертедегі аңыз-жырларды жазып алуы және көреген болжамдарының ғажайыптары жайында көркем шығармасын жарыққа шығарды. Салиқалы автордың кейінірек жазған деректі прозадағы «Жұлдыздар жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз» және басқа да он туындысының көркемдігі мен жанрлық ерекшеліктерін әдеби сыншылар мен қаламдас әріптестері жақсы қырынан бағалады.
Сонымен, Жезқазған журналистерінің абыройына абырой қосып, жұлдызы жанған мұртты жігіттің түбі жамбылдық екенін бертінде білдік.
1991 жыл. Біз, кәдімгі жуалылық Талғат Сүйінбай, мойынқұмдық Болат Оңғарбай, құландықтар Қыдырәлі Қойтай мен Басқар Битанов секілді Жамбыл мектебінен түлеп ұшқан журналистер Мақұлбек ағамен демократиялық сөз бостандығы мен ой еркіндігінің айнасы «Халық кеңесі» газеті редакциясында жолықтық. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметінің органы ретінде ашылған жаңа газетке еліміздің түкпір-түкпірінен кілең беделді журналистер шақырылған болатын. Шын мәнінде таралымы тез көтерілген газет Жоғарғы Кеңестің, яғни, Парламенттің үні болып танылды. Аз уақыт ішінде ақпарат айдынында желкенін керген, өз жолы бар басылымға айналды. Оның шаңырағын көтеріп, уығын қадасуға атсалысқан журналистердің де атақ-даңқы бір кем емес еді. Бас редакторы Сарбас Ақтаев, оның орынбасарлары Жұмабек Кенжалин мен Жанболат Аупбаев, жауапты хатшысы Марат Тоқашбаев және басқа да айтулы қаламгерлер қатарында қазақ баспасөзінде бәсекелестік туғызатын республикалық газеттің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілші қызметіне М.Рысдәулетовті аттай қалап алды. Сол кездегі Жоғарғы Кеңестің 362 депутаты дегеніңіз, саяси билік пен қалың бұқараның арасындағы қызу айтыстың қазанында қайнап жатса, кеңестік империяның бұғауынан босап, азаттық таңы атқан тарихи оқиғалар орын ала түсті. Жалпы, кешегі одақтас республикаларда ұлы өзгерістер күш ала бастаған-ды.
Ел егемендігінің қарсаңындағы қарбаласта тұсауы кесілген басылымдағы материалдар, дербес мемлекеттікке қол жеткізген жаңа дәуірдің әрбір сағаты, әрбір күні, әрбір айы ұмытылмас, естен шықпас төл тарихына айналды. Жоғарғы Кеңестің әр сессиясынан қажетті стенограммалық жазбаларды «Халық кеңесінде» ашық жариялаудың өзінен оқырмандар көп ой түйіп, саясат пен заң шығару барысынан өте мағыналы ақпараттар алуға мүмкіндік алды деп ойлаймыз.
Бір ғана меншікті тілшінің өңірлерден тынымсыз жазған дүниелерінде жергілікті халықтың көңіл-күйін дәл беру мен ел мен жер, тіл мен ділге қатысты ең өзекті әлеуметтік мәселелердің жай-жапсарын жария етуде ақпараттық жеделділік және ашықтық тән болды.
Біз әуеліде редакцияның меншікті тілшілер бөліміне жетекшілік жасаған едік. Сондықтан да өңірдегі «елшілеріміз» туралы айтуға қақылымыз. Кілең сайдың тасындай іріктелген жампоздар болатын. Әрқайсысы қоғамдық деңгейдегі тұлға атанып, ел ішінде кәсіби адалдықпен қызмет етті. Жарқын құштарлықпен және құлшыныспен жұмыс істеген жылдары Жамбылдан пошта арқылы жеткізілетін, факспен де берілетін мақалалар легі бір толастамайтын еді.
Біздіңше, Мақұлбек журналисті елімізге атын шығарып, оның ішінде Жамбыл өңірін толық танысып білуіне және өзінің де жұртшылыққа кеңінен танылуына күн сайын шығатын «Халық кеңесі» газетінде жиі жарияланған сүбелі туындыларының әсері мол. Сондай-ақ, жеке өзінің парасаты мен мәдениеті, елгезек жүріс-тұрысы, мемлекетшілдігі, қоғамдағы белсенді азаматтық асыл қасиеттері көп жәрдемдесті.
Оқырмандардың көңілінен шығып, қоғамдағы олқылықтарды қолдан келгенінше түзеуге септігін тигізген және жергілікті билікті мазасыз күйге түсірген сан ондаған мақаларын былай қойғанда, оның «Меркі ауданын кім басқарады?» деген өткір тақырыппен жарияланған көлемді сын мақаласы облыс әкімшілігінің басшылығын «есінен тандыра жаздағаны» әлі есімізде.
Отанымыздың бас газеті – «Егемен Қазақстандағы» жылдары сағымды, сағынышты жылдар. Бұл енді ағамыздың көңіл-күйін өсіріп, шығармашылық қарым-қабылеті әбден толысқан, шыңдалған шақтарымен шендеседі.
Басылымның бас редакторы Уалихан Қалижанұлы мен оның бірінші орынбасары Ержұман Смайылдың іріктеу сынынан, бес-алты үміткердің арасынан таңдап алынған журналист еді.
Қазақ баспасөзінің қара нары, «Егеменнің» локомотиві Ерағаның меншікті тілші қызметіне келем деген журналистерге «Қане, айтшы, облыс әкімінің есігін рұқсатсыз аша аласың ба?» деп сұрайтын әдеті бар болатын. Әншейінде сыпайылықпен айтылар «рұқсатсыз» дегенін «теуіп» деген қамшылар сөзбен алмастырып айтуы да кәдік. Бас газеттің тілшісінің («өз тілшісі», «меншікті тілшісі» деп те жазылатын) абырой-беделінің өлшемі қандай болу керектігін қатаң аңғартқан бір ауыз сөздің құдіретін сезіну де ақылдылық. Ал, Жамбылдан мерейлі журналист Мақұлбек ағамызды арнайы редакцияға шақыртқан күні алдын-ала әңгімелесу болмай жатып-ақ «газеттің Жамбыл облысы бойынша тілшісі» қызмет куәлігі жазылып қойған еді. Мұны бас редактор танымал журналист, абыройлы азаматқа « сенім – зор сенім» деген сөзбен қысқа қайырғанына біз куәміз.
Шын тұлпар қамшы салдырушы ма, еді?!
Жампоз журналистің ірі басылымда жаңа тынысы ашылып, дүркіретіп талай дүниені жазды.
Алатау-Қордайдан Бетпақдалаға, Хантаудан қарт Қаратауға дейін созылып жатқан байтақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ең өзекті, ең көкейкесті тақырыптарды тереңінен үңіліп, толғанып жазды.
Тіс қаққан, кәнігі журналистің жазу стилінде қызыл сөз сапыру мен шалажансар деректерді сүйреп әкелу атымен жоқ. Не айтса да нақпа-нақ! Жазған мақаласының сыр-сипатында аса салмақты сөз бен шындықтан бас алдырмайтын дерек-дәйекпен байлап, матап тастайтын мықтылығы сезіліп тұратын.
Қазіргі Жамбыл облысының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған Аманкелді газ кенішінің ашылуы жолындағы айтыс-тартыс күресте журналист Мақұлбек Рысдәулетовтың еңбегі ересен, осы мақсатта ол жұртшылықтың қолдауына ие болды, анығында бір кітапқа жүк боларлық зерттеу және сараптамалық мақалаларды жазды.
Ортақ игілікке зор үлес қосты.
Сол алмағайым кезде Талас ауданын басқарған айтулы тұлға Батырбек Құлекеев қоғамдық пікір мен жұртшылықтың тілегін құп көріп, өзі де риза қалыппен марғасқа журналистке «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағын бергені әділеттілік және өте лайықты болғанын айтуға тиіспіз.
Алдыңғы толқын ағалар жолымен жүріп, қазақ баспасөзінің қайраткері белесіне көтерілген ол 2004 жылы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалуы барлық жағынан заңдылық және қисынды еді.
Қазақстанда республикалық газеттермен бірдей аталатын үш облыстық, яғни «Жетісу», «Орталық Қазақстан» және «Еңбек туы»(қазіргі «Aq jol») газеттерінің бас редакторларын Алматы және басқалар да жақсы білетін. Жамбылда қаламгерлігі мен қайраткерлігі өңірден тысқары жерге де әйгілі, қазақ зиялыларының ортасында абыройлы тұлғалар Ғ.Сармурзин, Б.Жаңабаев, А.Бекбосын және Ә.Қалдыбаевтардан кейін бас тізгінді ұстаған М.Рысдәулет алты жыл бедерінде газеттің беделіне бедел қосты, шығармашылық ұжымға әр аудандардан келген жас ізбасарларымен толықтырды. Ең бастысы, әділеттілік пен адалдықтың ұясы болды, басылымның мазмұны мен заман сөзін сөйлейтін өткірлігі өмір шындығымен астасып әрі жалғасып жатты. Етжеңді «Ақ жол» газеті мен жасөспірімдерге білім шырағын құйған «Алтын шырақ» қосымшасы уақыт пен тарих жылнамасы болып қалды. Тарлан басылымның «Жәдігер» кітабы да мұра мен құндылықтарды қадірлеу тұрғысында тағылымды дүние деп білеміз.
Ел газеті – дастан, таусылмаған әу бастан. Сол дастанды жазуға ұйытқы болып, өз қолтаңбасын өшпестей етіп қалдырған аға-достың өзі де бір дастан.
САБЫРЫН САРЫ АЛТЫННАН ТӘУІР КӨРГЕН
Сыралғы аға достың «Жігіттер, бөрікті аспанға атып, аттан салып, мақтанбалық, мақтанбалық!», – деп сабырға шақырып, жел сөзді сапырып сөйлейтіндерді тыйып тастайтын сыр-мінезі бар болатын.
Асып, тасығандарға да бір ауыз сөзі даяр.
Бұл мінезі кімнен жұғысты болды екен?
Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне екі жыл ауылда қара жұмыс істеп, содан кейін түскенде өзі қатарлы жігіттердің кілең таланттыларын тағдыр қосқан. Студенттер аудиториясынан бастап, иықтаса жүріп үлкен өмір сабақтарын бірге үйренген Көпен Әмірбек, Жүрсін Ерман, Қайырбек Асанов тәрізді әдебиеттегі тарланбоздардың өзі онымен абайлап әзілдесетін. Дарқан көңілді, ер мінезді Мақаң қазақты небір асыл азаматтарын құтты шаңырағының дастарқанынан дәм татқызған қонақжай мырза, көзтаныс досқа барынша адал екеніне талай рет көз жеткен.
Айбарлы ағаның төрде отырғанын көру де керемет әсерге бөлейтін, жөн сөзге берік, мейірімді ықыласқа құлай берілген аяулы азамат болмысы кеңінен танылды.
«Бәрін айт та, бірін айт», демекші, қазақтың айбыны, халық жазушысы Шераға-Шерхан Мұртазаның шекпенінен шыққан шәкірті болып қасынан табылды. Жамбылда ең жақын, ішкі жан дүниесін терең сезініп сырласқан адамының бірі болды. Екі мыңыншы жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауында Шераға халықтың қолдауымен баламалы дауысқа түскен саяси додада Мақұлбек сенімді өкіл дәрежесінде бір ай бойы кандидатпен бірге төрт ауданның барлық елді мекенін аралап, үгіт-насихат жұмыстарын тынымсыз, ұйқысыз жүргізді. Бұл адал шәкірттің, ақберен азаматтың ісі болды.
Сол тартысты сайлауда Шерағаның жеңіске жетіп, Парламент Мәжілісінің депутаты болуынан қоғам ұтты, дәуір туғызған қайсар қайраткердің арқасында бұқараның әрбір талабы мен ұсынысы биліктің құлағына жетті. Егер Парламент көп үнді оркестрдей бола алмаса, онда шарболат депутат Шераға секілді жеке орындаушылардан тұратын кезең болған.
Бір мезгіл сырттай қарағанда Әулиеаталық ақберен асқақ кеуделі, ешкімнен ықпайтын, көзіңе тіке қарайтын сипатта көрінеді. Бірақ, өмірде өзіне қатал қарағанымен, кісілік пен кішілік қасиеттерімен аялы алақанын еш аямайтын жанашыр, ұлтжанды ел серкесі болды.
Әуелі, әдемі де әйбат әзілдері есіңізге түсті ме? Кейде дауыс пен сөздің ырғағы жекіп сөйлейтіндей естілетіні де бар. Бұйрық райы сақтала бермейтін болған соң сыпайылылықтың астарында бәрібір жылы леп сезіле қалады.
– Әй, бала! – деген дауысы өзіне ғана тән жұмсақ естілер еді.
Сондағы бала деп еркелетіп тұрғаны өзімен әрі қатарлас, әрі ит көйлекті бірге тоздырып, етене жолдас, сыйлас болған құрдастары болып шығады. Аты дырдай курстастары. Жамбылда өзі іздеп тұратын Болат Мәуленовтей ақсүйек мінезді сырбаз журналист, талғампаз публицист не облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі, кезінде республикалық газеттің бас редакторы Молдахан Мұқатаевтар екен дейік.
– Е, не боп қалды?
– Е, немене дейсіңдер, өздерің, ә?!
Иә, жасы үлкендер сықылды сөйлейтін әдеті тым ретсіз емес, достық рәуіште бәрі де.
Бірі сүйсініп, екіншісі ардақ тұтқан Мақаңның маңайында жақын жүріп, үйірсектеген үзеңгілестерінің өзі оның мейірімі мен достыққа деген адалдығын шынайы сезінді.
Арғысын айтпағанда, кейінгі есте қалған қым-қуыт өмірде, қым-қиғаш, айқыш-ұйқыш кезеңдерде адамдар бір кісіні қатты қадірлесе, имандай шынымыз, біздің жақта осы ағаларын да қадірлейтінін, арқа тұтатынын білетінбіз.
Несіне жасырайық, таудай ағамыздың қиянат пен жолсыздықты көрсе, өз шамасында шарт кетіп, асау бурадай буырқанатын кезі де болды.
Найзағай ойнатып, көңіл ыстығын суытып жіберетін жасанды әділетсіздіктің бетін қайтару үшін атойлап, жарқыл-жұрқыл ала жөнелетін, баяғының билеріндей өрімді қамшыны қысып ұстап, кесек ойларымен өмір сырларын ұқтырып жатқандай көрінетін еді-ау.
Өркенді қоғамды қорғайтын осындай турашыл, өнегесі түнде таудан көрінген оттай адамдар қашанда керек-ақ, деп сағынып тұратынбыз.
Оны жұрт « Жақсыдан қалған көз» деп те ардақтап, мақтаушы еді. Жақсы сөз жан жадыратады. Сондайда.. Самал жел ескендей риясыз күлімдеп тұрушы еді.
Нар тұлғалы азамат ешқашан атаққұмар және даңққұмар болған емес. Мұндай адал, таза адамдар аз ба, көп бе?
Еліне еңбегі ерекше сіңіп, ұрпақтарына мол рухани мұра қалдырған және іздеушісі жоғалмаған қоғам қайраткері биыл 75 жасқа толар еді..
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді