«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел танитын таланттардың ең қысқа туындылары

Ел танитын таланттардың ең қысқа туындылары
Ашық дереккөз
Қазір Әуезовтың том-том «Абай жолын», Нұрпейісовтың «Қан мен терін», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқып отыратын оқырман бар ма, жоқ па белгісіз. Бұл – басы ашық ащы сауал. Дегенмен Чеховтың әйгілі максимумын бәрі біледі, ол «Қысқалық – таланттың қарындасы» деп кесіп айтқан еді. Бұл тұста әлемде әйгілі туындыларын барынша қысқа қайыратын қаламгерлер де аз емес.

Жалпы, қысқа романдар жазу – кешелі- бүгінді ашылған жаңалық емес, әлем әдебиетінде бұрыннан бар үрдіс. Мәселен, кейінгі отыз-қырық жылдағы жапон жазушыларының романдары әрі кетсе 200 беттік, тіпті 100 беттің айналасында. Юкио Мисима, Кобэ Абэ, Харуки Мураками романдары қысқа әрі нұсқа. Ойы терең, қазіргі заманның «қаны сорғалап» тұрған, оқырманға керек, жүрегіне сәуле түсіретін, көркемдік тұрғыдан пайдасын тигізетін әлеуметтік түйткілдерді романға айналдырады. Мүмкіндігінше сығымдап, көп сөзге ұрынбай, табиғатты, басқаны көп суреттемей, кейде монолог, кейде диалог, әсіресе, диалогты молынан қолданады.

Орыс әдебиетіне де бұл үрдіс таңсық еме с. Мәселен, Тургеневтің алты романының ең ұзағы «Әкелер мен балалар» бар-жоғы 250 бет. Әлем әдебиетінде Хемингуэйді айтамыз ғой, оның да 150- 200 беттік бірнеше романы бар.

Бұл көлемі жағынан қысқа туындылар, ал әлем әдебиетінде санаулы сөзден ғана тұратын шығармалар да жетерлік.

Мәселен, ресейлік жазушы Владимир Блинов ең қысқа жазылған романдардың бәйгесiне қатысып, алғаш рет өткізілген «Нобельдік Бука» сыйлығының (Екатеринбург) арнайы жүлдесін жеңiп алған.

Бүгінде нанотехнология ғана емес, наноәдебиет те сәнге айналған сыңайлы. Кітапта аталған екі сөйлемнен басқа, Блиновтың өзі салған иллюстрация мен әдеби сыншы Константин Комаровтың мақаласы бар. Аты жоқ роман екi-ақ сөйлемнен құралады. Санаулы данамен шыққан кітапта: «Не надо! Я сама» деген роман сөзі, автордың иллюстрациялық суреті мен бір сыншының рецензиясы бар. Осы романды Мырзан Кенжебай: «Қойшы! Өзім-ақ шешем» деп қазақ тіліне аударды. Таралымы – 150 дана.

Негізі әлемдік әдебиетте қысқа, қысқа болғанда да өте қысқа әңгіме жазу тәжірибе сі бар. 1980 жылы Ұлыбританияда «Drаbble» атты әңгіменің ерекше жанры пайда болған. Жанр бойынша әңгіме 100 сөзден аспауы шарт және осы 100 сөздің аясында шиеленісі, шарықтау шегі, шешімі бар әңгіме жазылу қажет. Бұл жанрдың көпшілік арасынан қолдау тапқаны себепті, «New Time» журналының редакторы Стив Мосс «Drаbble»-дың қатып қалған канондарына өзгерістер енгізіп, 1987 жылы байқау ұйымдастырады. Байқаудың атауы: «55 сөзден аспайтын әңгіме» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, әңгімедегі сөз саны 55-тен аспау керек. Көп шығарма қатысады, сол әңгімелер жинақталып, «Құмарлық, махаббат, сатқындық, кек, өлтіру, үрей туралы әлемдегі ең қысқа әңгімелер» деген атпен кітап болып, басылып шығады.

Ал бүгін одан да қысқа, көлемі 10- 15 сөзден аспайтын, ары кетсе екі-үш сөйлемнен құралған әңгімелер жазу әдісі де оқырмандардың сұранысында. Олардың бірсыпырасы мыналар:

1. Бірде Эрнест Хемингуэй «Бірнеше сөзден тұратын, оқырманды бей-жай қалдырмайтын қысқа әңгіме жазамын» деп достарымен бәстескен дейді. Бәске құмар жазушы сөзінде тұрып, өзінің атақты алты сөзден тұратын әңгімесін жазған. Ағылшыншасы: «For sale: baby shoes. Never worn». Сөз саны санаулы болғандықтан, тікелей аудармасы: «Балалар аяқ киімі сатылады. Ешқашан киілмеген».

2. Өз шығармаларында күтпеген шешім жасайтындығымен атақты О’Генридің шағын әңгімелер жарысында жеңіске жеткен әңгіме сі бар. Шиеленісіп, шарықтау шегіне жетіп барып, шешімін тапқан бұл туындыны қысқа әңгімелердің эталоны ретінде алуға да болады. Былай:

«Темекісін тұтатқан жүргізуші қанша жанармай қалғанын білмек болып, жанармай багіне үңілді. Бейбақтың жасы 23-те болатын».

3. Марк Твен де бір уақ қысқа әңгіме жазудан шет қалмаған. Жергілікті газеттердің біріне оның футбол матчы туралы жазбасы шыққан екен:

«Жаңбыр жауып, ойын болмады».

4. Фредерик Браунның хоррор стиліндегі атышулы әңгімесі бар:

«Жер бетіндегі соңғы адам бөлмеде отыр еді. Есік қағылды».

5. Англиядағы бір колледжде ең қысқа әңгімеге байқау жарияланыпты. Әңгіме көлемін сақтап, еркін тақырыпта жазып ғана қоймай, арнайы қойылған төрт шарты да болған.

Патшайым мен Құдай айтылып, аздап махаббат пен құпия болуы қажет. Бір студент жеңімпаз атанған екен. Авторының есімі ұмытылып кеткендіктен, бұл әңгіме әдеби ортада қазіргі кезде былай айтылып жүр: «О, Жаратқан ием, мен жүктімін, бірақ кімнен екенін білмеймін деп айқайлады патшайым».

6. Сұлулықты табысқа айналдырған француздарда бұл бағытта ағылшындарға е се жіберген еме с. Францияда ұйымдастырылған «Ең қысқа автобиографиялық жазба» сайысында бір кәрі француз әйелінің жазғаны жеңіске жеткен: «Бұрын менің бетім тегіс, белдемшем қыртыс-қыртыс еді. Ал қазір керісінше».

7. Спарталықтардың Македония ханы Филипп екіншінің хатына жазған жауабы да тарихтағы ең қысқа жазбаларға жатады. Хат алмасу былай болған: «Тез арада берілуге кеңес беремін. Себебі, егер менің әскерім сендердің жерлеріңе кіретін болса, мен сендердің бақтарыңды құртып, адамдарыңды құл етемін, қаланы жоямын». Спарталықтар жауабы: «Егер».

8. Виктор Гюго өзінің «Аластатылғандар» романын баспаға жіберерде жанына «?» жазылған хатты қосып жіберген. Баспаның жауабы «!» болған екен. Сыншылардың пікірінше, автор сұрақ белгісін жіберу арқылы туындысына баға беруді сұраған екен. Баспа сәйке сінше леп белгісімен «Керемет» деген баға берген.

9. Валерий Брюсовтың 1895 жылы жазылған моноөлеңімен қысқа жанрды қортындыласақ:

«Боп-боз аяқтарыңды жапшы» («О, закрой свои бледные ноги»).

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар