Утильалым көлік бағасына қалай әсер етеді?

Утильалым көлік бағасына қалай әсер етеді?
Ашық дереккөз
Елімізде утильалымына қатысты дау-дамай әлі де басылған жоқ. Әлеуметтің өзекті проблемасына айналған утилизациялық алым салығына наразы азаматтардың қатары күн санап көбеюде. Үкімет мұндай алым түрін 50 пайызға төмендеткенімен, салыққа қарсылар петиция жариялап, бүгінде олардың саны 50 мың адамнан асты. Атап өтейік, қолданыстағы заң бойынша қарсы қол қоюшылар саны белгілі бір межеге жеткенде, бұл процесс міндетті түрде қайта қаралуы тиіс. Осылайша, жаңа заңға сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі мәселені Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігіне қайта қарау үшін жолдады. Енді өтініш келіп түскен сәттен 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде талқылау жүргізілмек.

 УТИЛЬАЛЫМ МӘСЕЛЕСІН КІМ ШЕШЕДІ?

Бүгінгі таңда утильалымына қатысты өтінішті қарау үшін Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігі барлық мүдделі тұлғаларды қамтитын жұмыс тобы құрылды. Мұнда барлық мүдделі тараптар өтініште көтерілген мәселелерді мұқият және тиімді қарастыру үшін қамтылады деп күтілуде. Ал, жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттары, Өнеркәсіп және Құрылыс, Экология және Табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, Инновациялар және Аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Сонымен қатар, топ құрамына петицияның бастамашысы, сондай-ақ бірқатар қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылық қоғамдастықтың және өнеркәсіп секторының өкілдері де қосылды.

ЖҰМЫС ТОБЫ ІСКЕ КІРІСТІ

Утильалым мәселелері жөніндегі петицияны қарау аясында жұмыс тобының мүшелері еліміздегі көлік құралдары және ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттарды аралауды бастап кетті. Мәселен, бұған дейін петиция бастамашылары Көкшетаудағы «КАМАЗ-Инжиниринг» зауытына барып, өндіріс орнының тыныс- тіршілігімен танысты. Ал, бірер күн бұрын бұл топ Алматы қаласындағы «Hyundai Trans Almaty» зауытын аралады. Мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Астана Моторс» компаниясының еншілес «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты жылына 50 мың автокөлік шығарады.

Зауыт өкілдері төлеген утильалымның автоөндіріске қайта түсуіне мүдделі. Ол үшін тек отандық көлікті көптеп шығаруға тура келеді. Ал, компанияның импорттаған темір тұлпарлары үшін утильалым міндетті. Мәселен, былтыр «Астана Моторс», «Жасыл даму» мекемесіне импорттаушы ретінде 63 миллиард теңге аударған.

– Заң бойынша отандық автокөлік өндірушілер утильалымды біріншіден төлейді. Сосын сол төлеген құн қайтадан сол зауытқа қайтарылады. Сондықтан, елімізде шығарылған автокөліктердің құнында утильалымның құны жоқ. Сондықтан, активистер бізге сендер утильалымның бенефициарысыңдар деп жала жабады, ол жалған ақпарат. Бірақ, «Астана Моторс» компаниясы тек қана автокөліктерді шығармайды. Біз қазір Қытайдан импорттық автокөліктерді әкеліп жатырмыз. Сондықтан біз утильалымдарды төлейміз, – дейді «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Жалпы, осы күні автоөнеркәсіп саласында алты мыңнан астам маман жұмыс істейді. Былтыр өндіріс көлемі 30 пайызға өсіпті. Ендігі мақсат – сан мен сапаны одан әрі арттыру. Жұмыс тобының өкілдері утильалымды алып тастаудың салдары жұмыс күші мен нарыққа тікелей кері әсер ететінін алға тартуда.

– Утильалымды және алғашқы төлемді алып тастасақ ескі көліктер кіреді. Өз нарығымызды өзіміз қорғай алмай қаламыз. Утильсбордың ақшасы әріптестеріміз айтқандай экологиялық бағдарламаларға барады. Бізде автобустарға ақша бөлінді, әкімдіктер автобустарды жаңартсын деп, ауыл шаруашылыққа бөлінді өз техникасын жаңартып алсын деп. Біздің утильсбордың ақшасы тікелей зауыттарға бармайды. Әкімдікке барады автопаркті жаңартсын деген, тікелей халыққа баратын 4 пайыздық бағдарлама бар, – дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

Шетелден әкелінетін көліктер үшін төленуі тиіс төлем мен бастапқы тіркеу жарнасына қатысты халықтың жанайқайы халық қалаулыларын да бей-жай қалдырған жоқ. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов қайта өңдеуге қарсы петицияға өзі де қол қойғанын мәлімдеді. «Утильалымға қарсы мен де қол қойдым. Қайта өңдеудің нәтижесі қайда? Ақша қайда кетеді? Зауыттар қайда? Ал жалпы, ол қалай есептеледі? Неге біз халықты қанай береміз? Олар тым болмағанда ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеу төлемінен босатуды сұрады, бұл шынымен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен кедергі келтіреді», – деді ол.

Мәжілістің тағы бір депутаты Ермұрат Бапи әлдебір мүдделердің қақтығысынан қоғам мен атқарушы билік арасында түсініспеушілік туындап отырғанын жасырмады. «Меніңше, дәл осындай утильалымды, алғашқы салықты алудың түрлі жолы бар. Тіпті, бірқатар елдерде мұндай салық жоқ. Өзі қымбатшылықтан әрең күн көріп жүрген халыққа салық салу – санаға сыймайтын нәрсе. Атқарушы биліктің уәжі бар. Олар егер осындай салық салмасақ, елімізде тоқсаныншы жылдардағы шетелдің ескі көліктерінің қалдығы қаптап кетуі мүмкін дейді. Бірақ оны да реттеудің жолы бар ғой. Бәріне бір көзқараспен қарауға болмайды. Одан гөрі көліктің жылына байланысты салықты көбейте берсін деймін. Мәселен, ескі көліктің салығын көп қылып, жаңаны аз қылсын. Бұл атқарушы билік пен қоғам арасындағы текетірес қоғамның мүддесіне шешіледі деп ойлаймын, – деді Е.Бапи.

Ал, Абзал Құспанның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникаларына және жүк көліктеріне қатысты утильалымды толық алып тастау қажет. Ол депутаттардың көбі жеңіл көлікке салынатын утильалымға қарсы екенін айтты. «Депутаттардың басым көпшілігі утильалымға қарсы шығып отыр. Өйткені, нақты нәтиже жоқ. Естеріңізде болса, осыдан үш апта бұрын Парламентте жауапты ведомство басшысын да сұрақтың астына алдық. Сол кезде ол да нақты жауап бере алмады. Ал жеңіл көлікке келер болсақ, өз басым жергілікті автоөнеркәсіптің жағдайын білгім келеді. Оған байланысты біраз мәліметтер сұратып жатырмын. Осы кезге дейін көпке берген ақпараттары нақты емес. Автоөнеркәсіпте «Мade in kz» деп тек сыртына белгі жапсырып қоямыз, алған қалған бөліктері Өзбекстаннан не Қытайдан келген болып шығып жатыр, – деді халық қалаулысы.

ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛА МА?

Шетелдік су жаңа көлікті тізгіндеген азаматтың бірі – жамбылдық Нұрсұлтан Сырлан. Ол жуырда әкесінің 60 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Кореядан «Toyota Raf4» маркалы автокөлігін арнайы алдырған. Оның айтуынша, алғашқы төлем мен утильалым қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда.

– Автокөлік тақырыбы қазір халықтың назарында тұрған дүние екені айтпаса да түсінікті. Оған қатысты әрбір жаңалық елді елең еткізбей қоймайды. Өздеріңіз білетіндей, бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры елімізде жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Осылайша, ел аумағына кіргізілген көліктер рет-ретімен заңдастырыла бастады. Алайда, бүгінгі таңда шетел көліктерін тіркеудің бір реттік төлемі мен утильалымының бағасы халықтың қуанышын су сепкендей басқаны белгілі. Мәселен, Оңтүстік Корея елінен алдырған «Toyota Raf4» маркалы автокөлігі үшін алғашқы төлем мен утильалымға 3 миллионға жуық қаражат төлеуім керек. Бұл аз ақша емес. Ал, бұл қаражаттың қайда кетіп жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Жалпы, қазір қазақстандық автокөлік нарығында баға аспандап тұр. Осы себепті, ел тұрғындары шетелдік көліктерді тізгіндеуге мәжбүр. 5 шілдеге дейін утильалым тағдырын шешетін процестен күтеріміз көп, – дейді ол.

 

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Қорыта айтқанда, халық қалаулылары да, қарапайым халық та утилизациялық салықтан жиналған қаражат жөнінде ақпараттың жетіспеушілігін сынға алуда. Шын мәнінде, жұртшылық өздерінен жиналатын қаражаттың қайда және қалай жұмсалатынын білгісі келеді. Белгілі бір компаниялар жиналған қаражатты қандай мақсатта пайдаланып жатыр? Ашықтық пен жариялылық керек. Барлық мәселе осыдан туындап отыр. Болашақта жауапты мемлекеттік құрылымдар мен бұл қаражатты жұмсап жатқан компаниялар толық ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенеміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар