Бұл мәселе облыс орталығынан шет аумақта орналасқан шөлейтті мекен ретінде Сарысу ауданы тұрғындарын да мазалайды. Дегенмен, аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, біртіндеп болса да оның шешімі табылуда.
– Ауданымызда жалпы 25 елдімекен бар. Оның ішінде, бүгінгі күнге Жаңатас қаласын қоса алғанда 24 елдімекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген, жалпы үлесі 96 пайызды құрайды. Қамтамасыз етілмеген 1 елді мекен – «Кіші Көкдала» ауылына кешенді модульдік блог орнатуға 30,2 миллион теңгеге энергетика басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Аталған жобаға қаржы қарастырылса, жыл соңына дейін халық саны 92 пайыз болып отырған елді мекендерді ауыз сумен қамту үлесі 100 пайызға жетпек», – дейді Сәкен Үмбетұлы.
2023 жылға республикалық және облыстық бюджеттен аудандағы бес ауылдың ауыз су жүйесінің құрылысына, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстарына 1,7 миллиард теңге қаралып, бүгінгі күнге үш елді мекеннің құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. «Ақтоғай» ауылының су құбырын 328 миллион теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары және 243 миллион теңгеге «Шағалалы» ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы, 208,1 миллион теңгеге «Үшбас» ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы, 614,3 миллион теңгеге «Саудакент» ауылының ауыз су жүйесі және 409,4 миллион теңгеге «Тоғызкент» ауылының ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүрген. Саудакент пен Тоғызкент елді мекендерінің жобаларына түзету жұмыстары енгізіліп, қайта сараптамадан өткізілген.
Мысалы, Саудакент елді мекенінде бір мыңнан астам аула бар. «Саудакент ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту» жобасын әзірлеу барысында авторлық жобалаушы «ТМК Engineering» серіктестігі тарапынан кемшіліктерге жол беріліп, сметада 400 аулаға ғана ауыз су желісін тарту есептелген. Осыған байланысты ауылды толық ауыз сумен қамту жұмыстарын жүргізу үшін 2 кезеңге бөлу қарастырылыпты. Аталған екі ауылдың ауыз су жүйесін шілде-тамыз айларында халық игілігіне беру жоспарлануда. Алғашқы кезең бойынша 590 аула қамтылса, бүгінгі күнге келісімшартқа сәйкес, су құбырлары толық тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға атқарылған. Енді бас тоғанның ішіне 50 текше метр су құю мұнарасын орнату, жаңадан 100 КВт трансформатор орнату, скважина ішіне орналасатын жаңадан 2 су сорғы агрегаты және ауыл ішіне су айдайтын 2 су сорғыны орнату секілді 25 пайыз қалған жұмыстар орындалуда. Келісімшарт сомасындағы 559,2 миллион теңгенің 520 миллион қаржысы игерілген. Жоба 2024 жылға өтпелі болғандықтан, 39 150,0 мың теңге қалдық қаржы 2024 жылға облыстық бюджет есебінен қарастырылған.
Екінші кезең бойынша қалған 414 ауланы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Оған аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Келісімшарт сомасы 18 мың теңгені құрайды. Жобаға сараптама қорытындысы алынғаннан кейін энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына шамамен 500 миллион теңге жоба құнына бюджеттік өтінім ұсынылу көзделіп отыр. Сәкен Мамытов сол сияқты Тоғызкент ауылының ауыз су жүйесінің құрылысын аяқтау үшін де аудандық бюджеттен 86,6 миллион теңге қаралғанын айтты.
Еліміз бойынша цифрлық газдандыру жұмыстары қарқын ала бастаған осы уақыттар Сарысу ауданы үшін де маңызды. Экологиялық жағынан тиімді әрі экономика тұрғысынан үнемді болатын көгілдір отын өнімін пайдалану үшін ауданның елді мекендерін де газбен қамту жұмыстары аса іскерлікті қажет ететін, кезек күттірмейтін мәселе. Ауданда 25 елді мекеннің «Досбол», «Тоғызкент», «Майлыкөл», «Әбілда» деп аталатын төрт ауыл табиғи газға қол жеткізген.
Бұдан бөлек, «Шағалалы» ауылын газдандыру үшін биыл облыстық бюджеттен 98,3 миллион теңге бөлініп, ел игілігіне берілген. Бүгінгі күні Сарысу ауданының 14 елді мекені, соның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамту мақсатында екі ауқымды жоба дайындалған. Бірінші жобамен Түркістан облысындағы №18 «Шалдар» АГТС маңындағы магистральдық газ құбырынан Жамбыл облысының Сарысу ауданына дейінгі жоғары қысымды 98 шақырым газ құбыры тартылып, «ЕвроХим» автоматтандырылған газ тарқату станциясының құрылысы жүргізілуде. Бастапқы құны 7 708 656 мың теңге болған жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген соң, ол 3,5 миллиард теңгеге қымбаттаған, сөйтіп жалпы құны 11,2 миллиард теңгені құраған. Оның 7,221 миллиард теңгесі қазіргі күнге дейін игерілді.
Екінші жобаға сәйкес, Сарысу ауданының 14 елді мекеніне жеткізуші және ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Ол «Қызылдихан», «Маятас», «Жайылма», «Өндіріс», «Саудакент», «Игілік», «Жаңаталап», «Ұйым», «Сыздықбаев», «Ақтоғай», «Жаңатас», «Үшбас», «Бүркітбаев», «Арыстанды» елді мекендерін қамтиды. Бүгінге өңірдің елді мекендерін газдандыруға қатысты сметалық құны 2018 жылы жасалған екі жоба бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаларға өзгеріс енгізіліп, қосымша 9,2 миллиард теңге қажеттілігі қалыптасқан. АГРС-ке қаржы бөлініп, құрылыстар аяқталған жағдайда жыл соңында он елді мекенге табиғи газ жүйесін қосу мүмкіндігі пайда болмақ. Аталған жобалар іске асқан кезде ауданның газбен қамту деңгейі елді мекен саны бойынша 72 пайызға, ал халық санымен 94 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.
Аудандағы қалған «Шығанақ», «Жайлаукөл», «Қамқалы», «Кіші Көкдала», «Үлкен Көкдала», «Ақтам» секілді алты елді мекеннің орталықтандырылған газ құбырынан алшақ орналасуына және халқының санының 200-ден аспауына байланысты оларды табиғи газбен қамту жұмыстары кейінгі жылдарға қалып отыр.
Аудан халқын тұрғын үймен қамту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 31,3 мың шаршы шақырымды алып жатқан бұл аумақтың халқының саны қырық бес мыңға жуық. Оның жиырма алты мыңға жуығы, яғни 58,4 пайызы Жаңатас қаласында тұрады. Тоғыз ауылдық округі мен моноқаласы бар аудан жұртының 91,6 пайызы қазақ, 5,2 пайызы орыс ұлтының, 3,2 пайызы басқа ұлт өкілдері екенін ескерсек, халық көп шоғырланған жерлерде баспана мұқтаждығы міндетті түрде кездесетіні дәлелдеуді қажет етпейді.
Бүгінгі күнге дейін Жаңатас қаласында тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаж азаматтар есебінде 4 санаты бойынша 1467 адам тіркелген. Өткен жылдың қорытындысымен 1,545 миллиард теңгеге мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж 185 азамат баспаналы болыпты. Жаңатас қаласында 1-мөлтек ауданнан 56 пәтерлі №60 және №44 екі үй, жеке дара 73 пәтер сатып алынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Оның 54 пәтері 3 бөлмелі, 19 пәтері 2 бөлмелі.
Биыл 2,675 миллиард теңге қаралған 180 пәтерді сатып алып, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға беру жоспарлануда. Одан бөлек, қаладағы 12 көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарына 2024 жылға бюджеттік несие ретінде республикалық бюджеттен 409,9 миллион теңге қаржы бөлінгенін айта кетуіміз керек. Жыл ішінде 1 шағын аудандағы №16, 20, 21, 22, 24 үйлер, 3 шағын аудандағы №23/1, 23/2, 26, 52 38 үйлер, 5 ықшам аудандағы №9 үй, 6 шағын аудандағы №15 үйде тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Аудандағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 535,47 шақырымды құрайды. Облыстық жол желісінің 281,8 шақырымы, аудандық жол торабының 64,87 шақырымы, сондай-ақ өзге де елді мекендер көшелерінің 188,8 шақырымы– жақсы жағдайда.
Қазірге дейін аудандық бюджеттен 20 миллион теңгеге мердігер «Нұр Құрылыс-2020» серіктестігі тарапынан аудандық жолдарды ағымдағы жөндеу және жол белгілерін орнату жұмыстары толығымен жүргізілген.
Мәселен, айтатын болсақ, «Игілік» ауылына кіре берістің 40 шаршы метрі, «Үшбас» ауылына кіре берістің 960 шаршы метр, «Арыстанды» ауылына кіре берістің 1 300 шаршы метрі, «Түркістан» ауылының 400 шаршы метрі, барлығы 2700 шаршы метр шұңқырлар жамалған. Сондай-ақ, 43,3 шақырымды алатын «Түркістан», «Арыстанды», «Үшбас», «Қаратас», «Жаңаталап», «Жайылма», «Игілік», «Маятас», «Қызылдихан» деп аталатын ауылдарға кіре беріс жол жолақтары сызылған. «Жайылма» және «Қызылдихан» ауылдарының кіре беріс жолдарына жеті жол белгісі орнатылған.
Сонымен қатар, елді мекендегі жолдарды орта жөндеуден өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 7,7 миллион теңге қаралып, бүгінгі уақытқа мердігерлері анықталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Айталық, №4, №5 шағын аудандарына қиыршық тас төсеу жобасының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 2,5 «Шанхай» (5А) массивіне қиыршық тас төсеу құрылысын салу жобасының жобалық сметалық құжатын әзірлеуге 2,5 «Үшбас» және «Арыстанды» ауылдарының кіре беріс автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжатына 1,5 миллион теңге, «Көкдала» 1 және «Көкдала» 2 ауылдарының кіреберіс автокөлік жолдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 1,2 миллион теңге бөлінген. «КЭЛМОСС» , «Нур-Асад» сынды мердігерлік компаниялар бұл жұмыстарды тиісінше орындауды өз жауапкершіліктеріне алып отыр.
Ауданда мемлекеттік бағдарламалар кесіндісінде 50/50 паритетімен 2 жоба болған. Бірінші жоба бойынша 24,9 миллион теңгеге Тоғызкент ауылына кіреберістегі автожолды орта жөндеуден өткізіп, көлік қозғалысына берген. Екінші жоба бойынша 103,9 миллион теңгеге Жаңаталап ауылына кіреберістегі автожолын орта жөндеуден өткізу үшін келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталған.
Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 59,6 миллион теңгеге ұзындығы 1,470 шақырым болатын Тоғызкент ауылындағы Т.Әубәкіров пен Есмырза көшесінің жол жабыны орташа жөндеуден өткізіліп, көлік қозғалысына берілген. Сонымен қатар, 50/50 паритетімен ауылішілік 3 ауылдың 3 көшесін орта жөндеуге 247,3 миллион теңгеге және «Саудакент», «Игілік», «Ақтам» ауылдарына кіреберіс жолды орта жөндеуге 509,3 миллион теңгеге облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған.
«Қыс шанаңды жаз сайла» дейтін аталы сөз бар. Ауданда қысқы жылыту маусымына дайындық та жүйелі жүргізілуде. Бұл ретте ыстық су мен бу өндіру үшін қолданылатын механизмдер мен қондырғылар жиынтығы ең маңызды рөл атқарады. Елімізде қазан агрегатынан және газ бен ауа құбырларынан, оттықтан, үрлеу құрылғысынан тұратын қосымша жабдықтарға сай қазандық қондырғылар қолданыла бастағалы бері, оның газ арқылы тұтынылуы экономикаға анағұрлым тиімді болып жатқаны белгілі. Осы тұрғыда Сарысу ауданы орталығындағы жылу қазандықтарын да газға ауыстыру кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі. «Жаңатас қаласының орталық қазандығын газдандыру» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін 2023 жылы 620,4 миллион теңге қаралыпты. Мердігер «Интеллект Азия» серіктестігімен шарт жасалып, өткен жылы жобада қаралған жабдықтарды сатып алу, газ желілерін тарту жұмыстары жүргізілген.
2024 жылға ұлттық қордан 2,2 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 253,7 миллион теңге қаралған. Жалпы, құрылысты толық аяқтау үшін енді 976,5 миллион теңге қажет.
Дегенмен, қазіргі таңда мердігер тарапынан қажетті жабдықтарға тапсырыс беру жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымы аяқталысымен құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кеткен. «Қалалық қазандыққа» 4-Bosch су қыздыру және 1-Bosch бу қазандығы қондырғылары (комплект) жеткізілген.
Үміт БИТЕНОВА
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Су саясаты сараланған саммит
- Бүгін, 09:49
Анықталған кемшіліктер қашан қалпына келтіріледі?
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді