Көрмеге мәдени ынтымақтастық аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркемсурет галереясымен бірлесіп, Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер мұражайының қорынан отандық кескіндеме шеберлерінің 55 жұмысы қойылған.
– Атыраулық суретшілердің «Көркем өнер керуені» көрмесі Қазақстанның бейнелеу өнері туындылары мен музей қорын кеңінен насихаттау және мәдениетаралық байланысты нығайту, рухани құндылықтарды дәріптеу, мәдениет арқылы жеке тұлғаның дүниетанымын тереңдету мақсатында ұйымдастырылған бірегей іс-шаралардың қатарында, – дейді облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева.
Таразға арнайы келген Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер мұражайының басшысы Төлеген Орынбасарұлы жыл өткен сайын музейдің сурет қоры елімізге есімдері кеңінен танымал қылқалам шеберлерінің жаңа туындыларымен толығып отырғанын атап өтті.
– Суретшілер, реставраторлар, музей мамандарының арасында тұрақты мәдени байланыс пен ынтымақтастық орнату мен өскелең ұрпаққа бай және жан-жақты мәдени мұраны таныстырудың маңызы зор. Біздің атыраулық азаматтардың бәрі талантты, кеңінен танымал. Бірақ мен олардың арасынан қазақ өнерінің майталманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановты ерекше атап өткім келеді. Ол сіздердің жерлестеріңіз, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылының тумасы. Бірақ 2000 жылдан бері Атырау қаласында тұрады. Қазақстанға ол композитор және өнертанушы ретінде танымал. «Әселім әнім», «Еділ мен Жайық» сынды әйгілі әндерді жазған. Бір қызығы, Ілия Жақанов 75 жасында Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, суретші мамандығы бойынша білім алған. Қазір ол 88 жаста. Тараз қаласында өтіп жатқан «Көркем өнер керуені» көрмесіне осы жерлестеріңіздің қылқаламынан туған 11 жұмыс қойылған. Оның ішінде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, балет әртісі Досжан Табылды сынды қазақ өнерпаздарының портреттері бар», – дейді Төлеген Орынбасарұлы.
Көрмеге мұражай қорынан Шаймардан Сариев, Бақытнұр Бүрдесбеков, Мәлік Қайдаров, Сейсенхан Маханбетов, Дастан Оразаханов, Камила Жапалова, Манарбек Дәулетияров, Валентин Ткалыев, Валентина Фролова, Қами Айтқалиев, Саркис Саносян сынды қазақтың көрнекті қылқалам шеберлерінің заманауи өнер туындылары қойылған.
Жұмыстардың басым бөлігі майлы бояумен кенепке және картонға салынған. «Ақ Жайық», «Қаратаудың қойнауы», «Қаратаудағы үңгір», «Толағай», «Жайықтағы күз», «Кешкі Каспий теңізі», «Бұғыл өзені», «Домбыра дастаны», «Ежелгі қала», «Азияға жол» сынды картиналар көздің жауын алады.
Көрмедегі туындылар әр буындағы түрлі темперамент пен шығармашылық тәсілдерді еркін қолданатын қылқалам шеберлері өз таланттарын күрделі элементтер мен сан қырлы техника арқылы аша алатынын аңғартады. Көпшілікке ұсынылған шығармаларда Отанымыздың тұмса табиғаты, бүгінгі цифрлық дәуірдің шынайы келбеті, тарихи оқиғалар кеңінен көрініс тапқан. Арасында Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова сияқты тұлғалардың портреттері де бар. Көрме маусым айының соңына дейін жалғасады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді