Ежелгі Антикалық кезеңнен Ренесансқа дейінгі аралықта сәулет өнері шарықтау шегіне жетті десек те, муралдар өткен ғасырдың мұрасы саналады. Олардың пайда болған жері өркениет ортасы Еуропа да, ғылым ошағы Таяу Шығыс та емес, үндістердің тарихи мекені саналатын Мексика жері. Ежелден тарпаң мінез тағы ұлттың өкілі саналатын мексикандықтар тарих пен мәдениетке ерекше мән береді. Бұған ацтектер мен инктерден қалған көне жәдігерлер дәлел. Осы рухани тізбекті алдыңғы жүзжылдықта көрнекті мексикалық суретші Хосе Клементе Орозко жалғады. Ол 1923 жылы Мехикодағы ұлттық дайындық мектебінің қабырғасында үлкен көркем сурет салады. Жергілікті билік вируспен күрес тақырыбындағы монументалды өнерге жаңа көзқарасты жылы қабылдайды. Тіпті, елдің білім министрі жас революциялық суретшілер тобына қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына бірқатар суреттер салуды тапсырады. Бұл іске Диего Ривера, Руфино Тамайо, Мигель Коваррубиас, Жан Шарло сынды кескіндеме шеберлері атсалысып, аталған өнер түрі сол құрлыққа емес, алдымен Латын Америкасына жайылып, кең танымалдылыққа ие болды. Бүгінде муралдарды осы қылқалам шеберлерінің есімдерімен жиі байланыстырады.
Ал сол суретшілердің көпшілігі коммунистер болғандықтан, өткен ғасырдың отызыншы жылдары олардың революцияға толы шығармашылық идеялары Кеңестік идеологиямен астасып жатты. Тиісінше, мұхит асып жеткен жаңаша құбылысты Кеңес Одағы социалистік идеяларды насихаттау үшін кең ауқымда қолданады. Әсіресе, ғарышты игергеннен кейін «Аспан мен ғарышты бағындырушылар» тақырыбындағы муралдар көптеп салына бастады. Мұндай социализм сарқыншақтарын күні бүгінге дейін еліміздің әр түкпірінен, мәдениет үйлерінен, саябақтардан, көпқабатты үйлерден жиі кездестіруге болады.
Мурал өнері Батыс Еуропа мен АҚШ-қа 1980 жылдардың ортасында ғана жетті. Бұл елдерде көше суретшілері үйлердің қабырғаларын, қоршауларын, метро ішін, вагондарды бояулармен бояп, түрлі тақырыптағы туындыларды дүниеге әкелді. Алайда, жергілікті билік мұны мәдениетсіздікке балап, ондаған жылдар бойы заңбұзушылықпен аяусыз күресті. Тек кейіннен муралдар елдегі өзекті мәселелерді өткір көтере білгендіктен, ірі мегаполистерде аталған өнер түрі біртіндеп танымалдылыққа ие бола бастады. Осылайша қабырға суреті өнер түріне айналып, бей берекет салынған граффити санын айтарлықтай төмендетуге үлес қосты.
Бүгінде муралдар әлемдік мәдениетте лайықты орын алып, адамдардың өмір сүруіне қолайлы кеңістікті қалыптастыруда, туристерді тартуда үлкен әлеуетке ие. Тіпті қабырға суреттері кәрі құрлық тұрғындарының баспана бағамына да әсер етеді. Еуропаның көптеген елінде сурет туындысы бар тұрғын үйлер қарапайым баспанадан гөрі қымбат сатылады. Осыған қарап-ақ, кезінде бей берекетсіздікке баланған қылқалам туындыларын сәулет өнеріне қалай ықпал еткенін аңғаруға болады.
Ал Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дина Раманқұлованың мәліметінше, бүгінде шаһарда 23 мурал бар. Нақтырақ тоқталсақ, Б.Момышұлы көшесінде танымал спортшылар Бақтияр Артаев пен Бейбіт Ыстыбаевтың, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың, «Арай» алабында ұлт мақтаныштары Шерхан Мұртаза мен Жамбыл Жабаевтың, І.Жансүгіров көшесінде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың айшықты суреттері алыстан менмұндалайды. Сондай-ақ, «Алатау» ықшам ауданында ағартушы Ыбырай Алтынсариннің муралы «Кел балалар, оқылық…» деп жастарды ілім мен білімге құштар болуға шақыруда. Ал әл-Фараби көшесінде орналасқан тұрғын үйдің қасбетіне «Донор болу – ерлікке тең» муралы, «Астана» муралдары салынған. Бұдан бөлек, қалада қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің, сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің муралдары бар.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді