Өңірдегі мерейтой облыс орталығындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл қойып, тұлғаның рухына тағзым етуден басталды. Ал, одан іс-шара аймаққа түрлі елден жиылған ғалымдардың басы қосылған мазмұны ерек, салмағы бөлек конференцияға ұласты. Жиынға тарихшылар мен Қырғыз Республикасы, Моңғолиядан келген ғалымдар, сарапшылар қатысты. Конференция басталмас бұрын ҚР Орталық мемлекеттік архиві университет фойесінде «Тұрар Рысқұлов тұлғасы – архив құжаттарында» атты көрмесін таныстырды. Мұнда Тұрар Рысқұловтың Пішпек ауыл шаруашылығы училищесінде достарымен түскен фотосуреттері, сирек кездесетін құжаттар, қайраткер тұлғаның жазған өтініштері мен хаттары, 1921 жылғы «Ұлт мәселесі жөніндегі» тезистері қойылған.
Іс-шара Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі туралы бейнеүзікпен басталды. Конференцияны ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай жүргізіп отырды.
«Тұрар Рысқұловтың есімі Түркістанның баламасы іспеттес. Ол – тұтас және егемен Түркістан жолында күрес жүргізген, көш басында тұрған тұлға. Қысқа ғана ғұмырында саяси, мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға қол жеткізе білді. Тұрар Рысқұловтың тұлғасы, өмір жолы, саяси ұстанымдары жас ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет. Қайраткердің идеясы тек қана қазаққа емес, бүгінгі бауырлас түркі мемлекеттерінің болашағы үшін керек. Сондықтан, осылай елім деген ердің есімін ұлықтап, ғылыми-конференция өткізіп тұрудың маңызы зор», – деді ол.
Конференцияға қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қасиетті Әулиеата топырағында Тұрар Рысқұлов табанының ізі қалғанын айтып, жамбылдықтар ұлт қайраткерімен мақтанатынын жеткізді. Ардақты азаматтың жасампаз идеялары мен жарқын істері бүгінге дейін ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына назар аударды.
– Тұрар Рысқұлов есімінің ел тарихында алатын орны ерекше. Оның қоғам өмірінде атқарған істері, күрескерлік рухы көпке үлгі, ұрпаққа өнеге. Ашаршылық кезінде азық- түлік жеткізу туралы Сталинге жазған хаты оның батылдығын айқындай түседі. Сол ауыр жылдардағы қайраткердің тарихи ерлігі Орталық Азия халықтарының жадында мәңгі сақталып, әлі күнге дейін жоғары бағаланып келеді. Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Қазақстанда Түркістан-Сібір теміржолы салынды, қуатты өндірістік орталықтар пайда болды. Қарағанды қаласындағы көмір өндіру және металлургия кешені, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай- газ саласы, Қазақстан мен Орта Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар ұйымдастырылды. Тұрар Рысқұлов Қазақстанда жоғары және арнайы техникалық білім беру ошақтарының ашылуына бастамашылардың қатарында болды. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге етене араласып, қауырт жұмыс атқарғанына қарамастан 250-ден аса еңбек жазып, монографиялар мен мақалалар жариялады. Әулиеата жері ардақты азаматты әрқашан мақтан тұтады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін Қазақстан Ре спубликасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Тұрар Рысқұлов – төл шежіремізге, ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақала мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі «Тұтас Түркістан» идеясымен тығыз байланысты», – делінген құттықтау хатта.
Ал, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден, тұрартанушы ғалым Мұхтар Қазбек, Қырғыз Республикасы білім беру ісінің үздігі Доолотбек Сапаралиев, ақын, жазушы, Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұраған Рахметұлы, журналист, тұрартанушы Мейрамхан Жәпек баяндама жасап, қайраткер тұлғаның болмысына, оның бай мұрасына қатысты зерттеулерін ортаға салды. Конференцияға қатысушылар Әулиеата өңірінде қайраткердің мұрасына сан қырынан талдау жасалатын, терең зерттеу жүргізетін арнайы зерттеу орталығы ашылса деген ұсыныстарын да жеткізді. Одан бөлек, «Turar.kz» деген атаумен сайт ашылып, Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлік қызметі жайлы тың мәліметтер ғаламторда да кең қолданыста болса деген тілектер айтылды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Үшінші «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді
- Бүгін, 02:03
Талас - Ұлы өркениеттер тоғысында
- Бүгін, 01:37
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді