Құран бойынша, Құрбан Айт өзінің бастауын Алланың Ибраһимге жіберген сынағынан кейін пайда болған. Пайғамбар 86 жасына дейін бала сүймеген көрінеді, тек 86 жасқа келгенде ғана бірінші ұлы Исмаил дүниеге келеді. Бір күні Ибрахимге Алладан әмір келіп, ол жалғыз ұлын құрбандыққа шалуға мәжбүр болады.
Алланың әміріне қарсы келе алмаған Пайғамбар қазіргі Мекке қаласы тұрған жерге, яғни Мина өзенінің жағасына келеді. Осында барлық дайындықтарды жасайды. Әкесі сияқты Аллаға берілген Исмаил әкесіне қарсы келмейді. Пайғамбар енді әрекет жасай бергенде, Алла оны тоқтатып, «сен менің сынағымнан өттің, маған шын берілгендігіңді дәлелдедің» дейді. Сөйтіп, құрбандыққа шалуға қой жібереді. Содан бастап Құрбан Айтта құрбандыққа қой шалу дәстүрі басталыпты.
Мұсылмандар ең ұлық мейрам Құрбан Айтты (Ид аль-адха) хиджраның екінші жылы (мұсылмандардың жыл санауы) яғни, 624 жылдан бастап атап өтетін болған.
Тәуелсіздігімізбен бірге елімізге оралған ұлық мерекенің тарихына да тоқталып өтсек, әлбетте, қазақ даласында ислам діні кіргеннен бастап Ораза айт пен Құрбан айт бірге жарасып келгені белгілі. Алайда, түрлі кезеңдегі солақай саясаттың салдарынан, әсіресе, Кеңес Одағының құрамында болғандықтан, асыл дінімізге бұғау салынып, оның аясындағы мереке атаулы да халықтан аластатылғаны белгілі.
Қазақтардың алғаш Құрбан Айтты тойлаулары туралы ақпараттар ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында да кездеседі. Тарихшылардың зерттеген деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың басында, нақтылап айтқанда, 1926 жылға дейін халық арасында Ораза айт үш күн, Құрбан айт үш күн, Наурыз бір күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Елдік мерекенің осындай ретпен тойлануына 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитеті Төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі негіз болған екен. Бұл шешімнің қабылданатын отырысына мемлекет қайраткері Cейітқали Меңдешев төрағалық жасаса, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхандар Төралқа мәжілісіне қатысқан екен.
Бұл туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің 1911 жылы Орынборда жарық көрген «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтқан.
Кейіннен Кеңес Одағының күшімен 1926 жылдан бастап мұсылмандар мерекесіне тыйым салынған болатын. Тәуелсіздіктің арқасында, яғни, 2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды.
Осылайша, егемендіктің арқасында біз осы ұлық мерекемен қайта қауыштық. Қауышып қана қоймай, Құрбан айттың қоғамдағы орнына ерекше мән берілді, оның ресми мәртебесі жаңғырып, тарихи әділеттілік қайта орнықты. Халықтың талап-тілегі ескеріле келе, Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды.
Құрбан шалу – діни мәдениеттің ең көне формасы. Ол қазіргі діндер пайда болмай тұрып көп уақыт бұрын пайда болған. Көне заманғы адамдардың түсінігі бойынша, бұл салт табиғаттың рухы мен Жаратушының разылығы үшін жасалған.
Ендеше сол адамзат дамуымен бірге жалғасып келе жатқан ізгі мереке қарсаңында халқымыздың барлық дұға-тілектері қабыл болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді