Алайда, Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының ата-аналары балаларының әлі лагерьлерге жіберілмегенін айтып, хабарласты. Оның себебін мектеп әкімшілігі мемлекеттік сатып алу арқылы әлі ешқандай лагерьмен келісімшарт жасалмағанымен түсіндіріпті. Мұның себебін облыс әкімдігі білім басқармасынан сұрадық.
– Байзақ ауданында биылғы жазда 400 оқушы лагерьлерге жіберіледі деп жоспарланған. Аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алуға үш рет конкурс жариялаған, бірақ конкурсқа ешбір лагерь қатыспағандықтан, әлі күнге дейін жеңімпаз анықталмаған. Енді тапсырыс берушінің қызмет ұсынушыны бір көзден табу мүмкіндігі бар. Осыны пайдаланып, Байзақ аудандық білім бөлімі қазір екі лагерьмен келіссөз жүргізіп жатыр. Егер ол да болмаған жағдайда облыстық басқарма тарапынан іздестіретін боламыз. Біз, әрине, өз облысымыздың лагерьлерін қамтығанды қаладық. Егер таппасақ, Түркістан облысының лагерьлерінен іздеп көрсек деген ойымыз бар, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева.
Ал, Тараз қаласындағы мектептердің жанынан құрылған лагерьлердегі оқушылардың демалысы қалай ұйымдастырылып жатқанын білу үшін №43 және №48 орта мектептерге бардық.
– «Күншуақ» лагеріміздің ашылу салтанаты 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні өткізілді. Мектебіміздің өнерлі оқушылары би билеп, ән салып, балаларға тегін балмұздақ таратылды. Олардың көңіл-күйін көтеру мақсатында мерекелік бағдарлама ұйымдастырып, түрлі ойындар ойнатып, қызығушылықтарын арттырдық. Лагерь жұмысын 3 маусымнан бастадық, – деді шаһардағы №43 орта мектеп директоры Раушан Жанасбекқызы.
Мұндағы «Күншуақ» лагерінде сегіз түрлі үйірме бар. Олардың әрқайсысы арнайы жетекші мамандармен бекітілген. Ал, күн тәртібіне тоқталар болсақ, таңғы жаттығудан басталып, балаларды қабылдау, топпен жұмыс, үйірме жұмыстары секілді лагерьдің іс-шаралары жүргізіледі. Түскі астан соң күнді қорытындылау арқылы балаларды үйлеріне жібереді.
– Бүгінде лагерімізде 1 ауысымда 210 оқушы бар. Олардың басым көпшілігі, яғни 80 пайызы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары. Жалпы, лагерь екі ауысымнан тұрады. Арнайы ас мәзірімен бір мезгілде тамақ беріледі. Балалар лагерьлік іс-шаралардан бөлек, театрға, саябаққа барады. Түрлі үйірмелер мен спорттық сайыстарға қатысып, қызықты ойындар ойнайды. Қазіргі таңда балаларға арналған сегіз түрлі үйірме жұмыс істеп тұр. Мұнда келушілердің қатары жыл сайын артып келеді. Мысалы, былтыр алты ғана топ болса, қазір 10 топ. Әр топта 25 оқушы бар. Педагог кадрларынан құралған 38 жетекші балалардың демалысын тиімді ұйымдастыруда. Солардың ішінде 22-сі тәрбиеші, олардың әрқайсысы қазақ және орыс тобына жетекшілік етеді. Ата-аналар және балалар тарапынан лагерьге деген ешқандай арыз-шағым мүлдем болмаған, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Дүйсенбекқызы.
Дәл осындай бағытта 180 оқушыны демалыспен қамтып отырған Тұрар Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің «Балдәурен» лагері де жоспарлы жұмыс атқаруда.
– Лагерьдің ерекшелігі – бұл жерде үш түрлі бағытта жұмыс атқаратынында. Атап айтсақ, шығармашылық-дамытушылық «Балдәурен», ұлттық нақыштағы «Ақ киіз үйлі», әскери-патриоттық бағыттағы «Алаш» шатырлы бағдарламасы бойынша өтеді. Бірінші ауысымға ата-аналардың сұранысымен көпбалалы отбасыларынан шыққан, ыстық тамақпен қамтылатын оқушыларды қабылдадық. Бүлдіршіндердің қызығушылығына қарай әр уақытта түрлі бағыттағы үйірмелер мен байқаулар жүзеге асады. Барлық топты біріктіріп, саяхатқа шығу мүмкіндігі де қарастырылған. Балалардың денсаулығы бірінші орында болған соң, міндетті түрде медицина қызметкері регламент бойынша қызмет етеді. Лагерь соңында жас жеткіншектердің жарыстарға белсене қатысқанына қарай Алғыс хатпен марапаттаймыз. Олардың жетістіктері әлеуметтік желіге күнделікті жарияланып тұрады, – деді №48 орта мектептегі лагерь бастығы Толқын Есетқызы.
Күнделікті сабақтан босаған балалар жаз мезгілінде жұмысбасты ата-аналарының назарынан да тыс қалатыны рас. Осындайда жазғы лагерьлердің тигізер көмегі көп. Уақтылы тамағын ішіп, пайдалы іспен шұғылданып, ойнап та, оқып та үлгереді. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға көмегі көп.
Құрмет САРЫБАЕВ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді