Алты мың тоннадан аса алтын өндіріледі

Алты мың тоннадан аса алтын өндіріледі
Ашық дереккөз
Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жемісті жалғасуда. Инвестиция игілігі қала мен облыс орталықтарына ғана емес, аудандардың әлеуетін көтеріп, шалғай елді мекендердің де тіршілігіне серпін беруде.

Мемлекет басшысы ел дамуына игі ықпал ететін инвестиция тарту мәселесін үнемі сөзіне арқау етіп келе жатқаны белгілі. Президент таяуда Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсімінде де Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін, мол мүмкіндіктер ұсынатын және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін айтты. «Елімізде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стандарттарға, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы стандарттарына сай келеді. Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай, шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары инвестициялық кеңес құрдық», – деді Мемлекет басшысы.

Осы бағытқа басымдық беріп келе жатқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те өзінің кеңейтілген мәжілістерінде экономиканың негізгі салалары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестицияға айрықша назар аударып, нақты инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейту керектігін үнемі айтып келеді.

Бұл ретте аймақ басшысы ірі инвестициялық жобалардың жанынан жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, шағын және орта жобаларды жүзеге асыруды ұйымдастыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту шараларының маңыздылығына басымдық беруде.

«Инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру – басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің жеке бақылауында болуы тиіс. Басты міндет – тұрғындардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Инвестиция тарту бойынша аудан әкімдеріне белгіленген мерзім ішінде орындауға тиіс КРІ белгілеп, нақты міндеттер қойдық. Келесі жылы инвесторлармен лайықты түрде жұмыс істей алмаған басшыларға шара қолданылады», – деп Ербол Қарашөкеев аудан әкімдеріне нақты талап қойған болатын.

Осы ретте Қордай ауданында да инвестиция тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Аудан басшылығы алыс-жақын шетелден келген инвесторлармен көптеген келіссөздер жүргізіп, аудан әлеуетін арттыратын жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда.

Мәселен, жуырда Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев Қытай Халық Республикасынан келген «Hicheng Mining» компаниясының өкілі Чен Джиаченг есімді инвестормен жүздесті. Тау-кен металлургиясымен айналысатын қытайлық инвесторлар Қордай ауданындағы алтын кен орындарына деген қызығушылығын танытты. Көпшілікке белгілі, ауданда алтын кен қорлары жетерлік. Алайда, олар толыққанды зерттеуді, геологиялық жұмыстар жүргізуді қажет етеді. Мысалы, Қарасу ауылдық округіне қарасты «Майбұлақ шығыс» атты жерде алтын кен орындары бар. Жұлдызбек Бақаев облыстық табиғи ресурстар басқармасының өкілдерімен бірге қытайлық инвесторларды аталған кен орнына апарып, көрсетіп қайтты. Қытайлықтар геологиялық зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізіп, таудағы тастарды жинап, сынамаларды тексеру керектігін айтты.

Ауданда тау-кен орындарын ашу үлкен мүмкіндіктер берері рас. Ауданға инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорындар ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күнде аудан басшылығының бұл басты мақсаты.

Сол секілді, Қордайда «Ветро Инвест» және «Vista International» ЖШС жел энергиясынан қуат алып, электр энергиясын өндіреді. Өткен жылы «Ветро Инвест» ЖШС 4635,3 миллион теңгеге 106903,0 мың кВт/сағ, ал «Vista International» ЖШС 3168,8 миллион теңгеге 73080,0 мың кВт/сағ электр энергиясын өндірген.

Оған қоса, бұл көрсеткішті анағұрлым арттыруға қауқарлы. Аталған ЖШС-нің басшысы Рустам Сагитовтың айтуынша, үш жүз гектардан асқан алқапта биіктігі 70 метрлік 40 жел өндіру қондырғысы орнатылған. Екі компанияда жалпы елуге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Бұл ретте мәселелер де жоқ емес. Рустам Сагитов өндірілген электр энергиясы электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» акционерлік қоғамының электр тарату жүйесіне кететінін айтуда. Оның айтуынша, электр тарату жүйесіне үлкен көлемде электр энергиясын жіберуге шектеу қойылған. Себебі, желілерге үлкен салмақ түсуде.

Кәсіпкердің көтерген мәселесімен аудан әкімі Бегзат Болатбеков те хабардар. Аудан басшысы бұл мәселе облыстық деңгейде көтерілетінін алға тартуда. Өз кезегінде Рустам Сагитов, егер электр энергиясын өндіруге қолайлы жағдайлар жасалса, осындай алып қондырғылар саны едәуір артатынына сенімді екенін жеткізіп отыр.

«Қордай ауданында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін көптеген табиғи мүмкіндіктер бар. Күн мен желдің әлеуетін барынша пайдалануға тырысу керек. Бұл дегеніміз – тек электр энергиясы ғана емес, аудан бюджетіне табыс көзі және жұмыс орындары. Осы саланы дамытуға қолымыздан келгенше атсалысамыз», – дейді аудан әкімі.

Ал енді аудандағы инвестиция игіліктеріне тоқталсақ, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14189,9 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 172,8 пайызды құраған.

Қордай ауданында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 856 миллиард 641,5 миллион теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 760, ал іске қосылу кезеңінде 1303 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарлануда.

Атап айтқанда, «MONTERRА QASAQSTAN» ЖШС-нің тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы және құрамында алтыны бар кенді игеру орны. Ноғайбай ауылындағы бұл жоба 2014 жылы индустрияландыру картасына енгізіліп, 2025 жылы іске қосылуы жоспарлануда. Жоба құны 832,0 миллиард теңгені құрайды. Қуаттылығы жылына 5100 килограмм алтын өндіру. Құрылыс кезінде 350, ал іске қосу кезінде 800 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мемлекеттің қолдауы ретінде 300,5 гектар жер бөлініп берілген, «Қаратас-Майбұлақ» алтын кенін барлау жұмыстарын жүргізу үшін келісімшарт жасалған.

Сол секілді табысты жобаның бірі – «Шокпар-Гагаринское» ЖШС-нің «Гагаринское» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы. Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында орналасқан. Жоба құны 21 миллиард теңге, қуаттылығы жылына 1000 килограмм алтын өндіру. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар, ал іске асыру кезінде 400 жұмыс орны ашылу жоспарлануда. Қазіргі кезде жер учаскесіне уақытша электр желісі 44 километрге тартылған, геологиялық барлау және зауытты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Қордай ауданы әкімдігі тарапынан серіктестікке, жалпы 1101,0 гектар жер телімі бөлініп берілген.

Үшінші ауқымды жобаның бірі – «АЛТАЙ ГОЛД» ЖШС-нің «Флюорит өңдеу зауытын салу» жобасы. Отар ауылдық округіндегі Бел ауылының төңірегінде орналасқан. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар, жоба құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Қуаттылығы жылына 359,7 мың тонна руда өндіру, 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда серіктестік 2022 жылдың 23 ақпанында индустрияландыру картасына енгізіліп, ҚР Инфрақұрылымдық даму министрлігіне жер қойнауының келісімшартын алуға құжаттар жинақталу үстінде.

Қордайдағы салмақты бастамалардың төртіншісі – «Taraz Eko Fish» ЖШС-нің «Форель өсіретін шаруашылық ұйымдастыру және консерві цехын салу» жобасы. Жалпы құны 141,5 миллион теңге, қуаттылығы жылына 67 тонна өнім өндіру. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығын қамтып, құрылыс кезінде 6 жұмыс орнын, ал іске қосу кезінде 3 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда серіктестікке 5,0 гектар жер телімі бөлініп берілген. Жалпы ұзындығы 800 метр тоған 20 бассейнге бөлінген, оның малектарға арналған 3 бассейні бетондалған. Тереңдігі 15 метрлік 5 су құбыры қазылған. 1600 метр жерден электр желісі тартылып, 100 кВт. трансформатор орнатылған. Арнайы асхана да салынған. Шаруашылық аумағы профностилмен қоршалған.

Бұл таяу жылдары аудан табысын айтарлықтай арттырады деген инвестициялық жобалар. Дегенмен, ауданда дәл осы бағытта бұдан да басқа іске асып жатқан ілкімді бастамалар аз емес. Мәселен, құны 50 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы «KORCEM» ЖШС-нің зауыт құрылысы биыл аяқталуға жақын. Зауыт іске қосылса 500-600 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда мердігер компания – «Пэнфей» ЖШС зауыт орнын тегістеп, модульді жатақхана салды, 3 бетон араластыру қондырғысы орнатылды, 1 техникалық суға арналған мұнара, көлемі 600 шаршы метр асхана салынды, рельсті кран мен құмблок шығарылатын станок орнатылған. Серіктестік жер учаскесін толығымен құмблоктарымен қоршады.

«Құрамында алтын бар кенді бастапқы қайта өңдеу бойынша «Central Asia Gold Production» өндірістік кешенінің құрылысы, сол секілді «Бай Нұр» ЖШС жылына 5,8 мың тонна қуаттылығымен сүт фермасының құрылысы, «Куленов» ШҚ жылына 2,2 мың тонна қуаттылығымен сүт фермасының және «Қалдыбай тегі» ШҚ жылына 2,5 мың тонна қуаттылығымен көкөніс қоймасының құрылысы, «Gold Invest Capital» ЖШС мыс өндіру зауытының құрылысы, «Insider group» ЖШС жел электр қуатын өндіретін жел паркінің құрылысы жоспарланып отыр. Индустрияландыру картасынан тыс іске асып жатқан жобаның бірі – жоспарға сәйкес жыл соңына дейін «KORCEM» ЖШС-нің цемент зауыты пилоттық жұмысын бастайтын болады, келесі жылға инвестициялық келісімге сәйкес ауданда 600-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда ауданның жұмыспен қамту бөлімі, ауданның қоғамдық ұйымдарымен және зауыт басшыларымен бірге зауытқа қажетті мамандар мен жұмысшылардың жасағын жинау басталды, – дейді бұл шаралар туралы аудан әкімі.

Осылайша, қазіргі таңда Қордай ауданында қомақты қаражат қолдауымен іргелі істер жүзеге асуда. Аудан халқы үшін бұл инвестициялық жобалардың игілігін көретін күн де алыс емес.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар