
Таң атпай көше сыпырып, «Жеңіс» саябағының ішін тазалап жүрген Мұрат есімді жігітпен тілдестім.
«Бұл бүгін ғана болып тұрған жағдай емес. Таңертең келсең саябақ іші шашылып жатады. Не жоқ дейсің? Тәттінің қағазы, тәтті сусындардың құтысы мен баклашкалар, темекі тұқылы, шемішке мен жаңғақ қабықтары. Әрине, бұл көпшілік орын. Мұнда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, қала берді жақын маңайдағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары кешкісін осында келіп демалады. Бірақ тазалыққа көп мән бере бермейді. Содан кейін ортақ мүлікке деген жастарда жанашырлық жоқ. Міндетті түрде бірнәрсені бүлдіріп немесе қиратып кетеді. Көбіне жарық шамдары мен орындықтың ағаштары сынады. Тіпті тып-тыныш тұрған қоқыс салғыш жәшіктің өзін жерден жұлып алып, төңкеріп, аяқпен теуіп майыстырып тастайды. Тағы бір атап өтетін нәрсе, екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырларына арнап тұрғызылған, есімдері гранит тақтаға қашалып жазылған кешендегі тақталарды бүлдіру де тыйылмай тұр. Жеңіс мерекесі қарсаңында тас тиіп, қиратылған 7 батырдың ілмесі қайта жасалып орнына қойылды. Сонымен бірге тыл еңбеккерлері мен соғыста қаза болған жауынгерлердің есімдері қашап жазылған кешендегі әріптер мен ою-өрнектер де жиі бүлінеді. Көбіне кешендегі ою өрнектерді жұлып тастайды. Не үшін олай жасайтындарын түсінбедім. Бұзықтықтың да шегі бар ғой», – дейді ол.
Осыдан жарты ай бұрын газетіміздің №52 санында «Қаңғыбас иттер біздің дәрменсіздігімізді біліп қайқаңдап жүргендей...» атты мақала жарық көрген еді. Бүгін де алдымнан сол бір топ ит «мені көрдің бе» дегендей қоқыстың айналасынан табылып, қайқаңдап шыға келді. Амалсыз аялдап, артымнан ілескен жолаушыны күтуге тура келді.
Адам қарасы көбейгенін байқаған иттер орындарынан тұрып, ағаш арасына сіңіп кетті. Жалпы, «Даңқ залы» артындағы күл-қоқыс тастайтын орынның айналасындағы ағаш арасында шашылып жатқан күлек қалта мен тәтті қағаздары біраз жерге желмен барғаны көрініп ақ тұр.
«Осы жерден өткен сайын айналама жалтақтап, қарап өтем. Кішкентай кезімде аяғымнан ит қауып алғаны бар еді. Содан болар, иттен қатты қорқам. Ал соңғы кезде саябақтың ажарын ашып тұрған «Даңқ залының» артында күл-қоқыс деген үйіліп жататын болды. Неге оны уақытылы шығармайды екен? Ондай жерге қаңғыған ит те үйір келеді. Саябақта өріп жүрген ит соған келмегенде қайда барады?», – деді менімен қатарласқан әйел кісі ағаштың арасына сіңіп кеткен иттерге үрейлене қарап.
Жалғыз «Жеңіс» саябағы емес мұндай көріністерді облыстық полиция департаменті іргесіндегі «Желтоқсан», «Қайрат Рысқұлбеков», «Жастар» аллеясы мен саябақтарынан да кездестіресің. Олардың қазіргі келбетіне қарап, саябақтар мен аллеяларға қала билігі тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын аңғару қиын емес. Мәселен, «Жеңіс саябағы» мен «Жастар» саябағындағы гүлзарлар бірнеше жылдан бері мүлде қараусыз қалған. Күл-қоқыс тастайтын жәшіктер аузы-мұрнынан шығып, төгіліп жатады.
Біз бұл мәселе бойынша «Жасыл ел – Тараз» мекемесіне қарасты демалыс орындары және көше тазалығын сақтау учаске меңгерушісі Арайлым Арыстановамен сөйлестік.
– Шынын айтқанда, мұндай жағдай көбінесе мереке күндері ғана болады. Өйткені мереке күндері саябақтар мен аллеяларға халық өте көп келеді. Өкініштісі, олардан соң демалыс орындары шашылып жатады. Ол шашылған бос ыдыстарды, тәтті басқа да азық түлік қалдықтарын жинау үшін жұмысшыларды жұмылдырамыз. Мұндай жұмыс жалпы барлық күні жүргізіледі. Кейде жиналған күл қоқысты шығару үшін қосымша техника шақыртуымызға тура келеді. Әсіресе халық көп жиналатын «Қайрат Рысқұлбеков» пен «Жеңіс» саябақтарындағы тазалық жұмысы адамды көп қажет етеді. Мереке күндерінен кейін мұнда көп қоқыс жиналып қалады. Біз бір күнде үш «Камаз» жүк көлігімен шамамен 10 тоннадан аса қоқыс шығардық, – дейді Арайлым Арыстанова.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді