Бірлігі жарасқан Бірлік ауылы

Бірлігі жарасқан Бірлік ауылы
Ашық дереккөз
Елді мекендерді заманауи жарықшамдармен қамтамасыз ету – ауыл-аймақтың ажарына әр беріп қана қоймай, энергияны үнемдеуде көп көмегін тигізері анық. Бүгінгі таңда Шу ауданы, Бірлік ауылдық округі толығымен электр желісімен жабдықталған. Десе де, мұндағы жарық беретін техникалық қондырғылардың әбден тозығы жеткен. Дәлірек айтқанда, тот басқан тіректер мен үзілуге сәл-ақ қалған сымдар бас ауыртар мәселеге айналған. Ал, орталықтандырылған сапалы ауыз суға жергілікті тұрғындардың 82,3 пайызы қол жеткізіп отыр.

Жалпы, 700-ден астам түтін бар бұл округте 15 ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары сауабы мол қайырымдылық шараларында белсенділік танытып келеді. Мәселен, жергілікті тұрғындар «Мектепке жол» акциясы аясында 24 бүлдіршінге оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып берсе, айшықты мерекелерде аз қамтылған 40-тан астам отбасыға азық-түлікке толы себеттерді тарту еткен. Ал, «Қазақмыс» корпорациясының көмегімен 2 отбасына баспана берілсе, көнекөз қариялар «Меркі» шипажайына жолдама алған. Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрбек Қарауловтың айтуынша, ауыл тұрғындары санитарлық-тазалық жұмыстарына да ерекше мән береді.

– Қазіргі таңда ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділігі жоғары деңгейде. Мәселен, биыл ауыл көшелерінің жол жабындысы орташа жөндеуден өтіп, 6 километрден астам асфальт төселді. Округте кәсіпкерлік саласы да кең қанат жайып келеді. Елді мекендердегі түрлі сауда нүктелері, шаштараз және дәмхана халыққа қызмет көрсетуде. Әрине, мәселесіз ауыл жоқ. Ауыл-аймақтағы шешімі ұзақ уақытқа созылған электр бағандарын ауыстыру жергілікті тұрғындардың талап-тілегі. Бұдан бөлек, заман ағымына сай әлеуметтік нысандардың да бой көтеруі қажеттіліктердің бірі. Алайда, мұның барлығы кезең-кезеңімен шешілетін мәселелер. Бастысы, ауыл халқының игілігі мол шаруаларда жұдырықтай жұмыла білуі маңызды. Бұл ретте округ тұрғындарына айтар алғысым шексіз. Ауылдықтар айналаны абаттандыру жұмыстарында үнемі белсенділік танытып жүр, – деді округ әкімі.

Айта кетейік, бұл күні аталған округ аумағында сафлор май өңдеу цехы, мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт, асфальт өңдеу зауыты, руда тасымалдайтын серіктестік пен көкөніс қоймасы орналасқан. Өз кезегінде бұл кәсіпорындар ауылдағы жұрттың әл-ауқатын көтеруде шешуші рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті.

 

Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар