Тұрар Рысқұловты білуші едік, Тұрар Рысқұлбеков кім?

Тұрар Рысқұловты білуші едік, Тұрар Рысқұлбеков кім?
Ашық дереккөз
Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағының оңтүстік шығыс бұрышында орналасқан «Бейбітшілік аллеясының» көп жылдан бері ескерусіз, әрі елеусіз қалғаны анық. Олай дейтініміз, саябақтың бір бұрышында қалғаны шағын аллеяға саябақ басшылығының да, қала әкімдігінің де аса көңіл бөлмейтінін айналасын басып кеткен шөптен, қақ-қақ жарылған, одырайған орларға қарап аңғару қиын емес.

Аллеяны қақ жарып соқпақ жол жатыр. Оның оң және сол қанатына қаланың құрметті қонақтары тал-дарақ отырғызу үшін арнайы тақталар орнатылған. Арасында шетелдік елшілер сияқты мәртебелі меймандар да бар.

Аудан әкімдері де оған өз үлестерін қосқан екен. Одан кейін түрлі департаменттер мен басқармалардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың да тақталары бірін-біріне жалғасып жатыр. Бір қызығы, аудандар арасынан «Тұрар Рысқұлбеков ауданын» кездестірдік. Тақтадағы жазуға қарап аудан тақтасының 2018 жылдың 27 қазанында орнатылғанын аңғардық. Содан бері аллеяның үштен біріне отырғызылған ағаштарда жайқалып өсіп кете қоймаған. Ал, аллеяның қалған бөлігіне ағаш отырғызу жоспарланғанын әрбір тақтаның тұсында қазылған орларға қарап бағамдадық. Бірақ ол орлардың қазылғанына да бірнеше жылдың жүзі болғаны көрініп-ақ тұр.

 

Халқымыздың айтулы тұлғалары Тұрар Рысқұлов пен Қайрат Рысқұлбековтың есімі мен тегін бір ауданға теліп қойған шынында да ұят. «Жеңіс» саябағында «Бейбітшілік аллеясының» бар екенін аудан әкімдері білмеуі де мүмкін. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің мамандарына хабарласып едік, олар одан бейхабар болып шықты. Есесіне, өздерінің аудандағы отырғызған тал-дарақтар туралы айтып кетті. Ал, аллеядағы ағаштарға ешкім көңіл бөлмегендіктен ондағы тал-дарақтар балақтап, бой ала алмай тұрғаны былай тұрсын, кейбірін құрт жеп, өңі қашып тұр.

Қала тұрғыны, 84 жастағы ақсақал Нұрғали Бұралқиев «Жеңіс» саябағында көп жүрем ғой. Саябақтың ана басындағы «Бейбітшілік аллеясына» мекемелер мен аудан әкімдері бір-бір ағаш отырғызыпты. Соның ішінде Тұрар Рысқұлбеков деген ауданды көзім шалып қалды. Тұрар Рысқұловты білуші едім, Тұрар Рысқұлбековын білмейді екенмін», дейді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі мен азаматтығын жерлесіміз, әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза жеріне жеткізе жазды. Ал, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты бар қазақ біледі, қастер тұтады. Осындай тұлғаларымыздың барын білмейтін басшыларға қарап, не айтарыңды да білмейсің?..

Саябаққа жауапты «Жасыл ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Әбішов ол аллеяның жағдайынан хабардар болып шықты. «Бейбітшілік аллеясында» аудандар мен түрлі ұйымдардың тақталары орналасқан. Тал-дарақтар отырғызылған. Биыл ондағы ағаштарды бұтап үлгере алмадық. Күзде қараймыз. Ал, тақталардағы жазуға аса мән бермеппін. Өйткені, тақталардағы жазу біздің құзіретімізге жатпайды. Біздің міндетіміз – қала әкімшілігі тапсырған сәтте ағаш отырғызатын орнын дайындап беру. Тақтайшаларға қойылатын жазуларды тіл мамандарына көрсетіп, өздері дайындап әкеліп, орналастырады», – дейді ол.

Әрине, ол тақта орнатылғалы да алты жылға жуық уақыт болды. Одан кейін қаншама тақтайша орнатылып, қаншама ағаш отырғызылды. Өкініштісі сол, келген-кеткен басшылардың бірде-бірінің Тұрар Рысқұловтың есімі Қайрат Рысқұлбековтың тегімен жазылып кеткенін байқамағандығы ойлантады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар