«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйелге әлімжеттік қылу азаймай тұр

Әйелге әлімжеттік қылу азаймай тұр
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сөзінде «Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл агрессия мен қатыгездіктің кез келген түріне төзбейтінін көрсетіп келе жатқан біздің қоғамның құндылықтар жүйесіндегі оң өзгерістерді білдіреді. Мен Президент қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға баса мән беремін. Біз бұл бағытта заңнамалық және институционалдық шараларды дәйекті түрде қабылдап келеміз», – деген еді.

Сондай-ақ, биыл сәуір айында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Заңға қол қойды.

Аталған Заң аясында тиісті органдар түрлі шаралар жүргізуде. Қатыгездік пен зорлыққа жол бермей, отбасы құндылықтарын сақтауға шақыратын Президент бастамасы бүгінде талай жанды тура жолға салды. Әйелінің құқығын аяқасты етіп, нәзікжандылардың өміріне қауіп төндіретіндерді тәртіпке шақырды. Өкініштісі сол, ел ішінде әйелге деген әлімжеттігін тыя алмай жүргендер әлі бар.

Солардың бірі Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында тұрады. Ол азаматтың атын атауымды қаламаған алты баланың анасы адам төзгісіз қорлыққа шыдап келген. 30 жастағы Мойынқұм ауданының тұрғыны қазіргі кезде облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығында тұрып жатыр. Алты баласы да анасымен бірге аталған орталықты паналауда.

Көпбалалы келіншектің өзі де сол Бірлік ауылының тұрғыны. Небәрі 17 жасында өзінен 13 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан. Күйеуі алып қашып кеткен соң босағаны кері аттамауды жөн санап, Гүлнұр сол үйде келін болып қала берген. Жұбайының анасымен біраз уақыт тұрған соң жас отбасы шалғайдағы шаруа қожалыққа қоныс аударады. Онда күйеуі мал бағады, өзі үй шаруасын атқарады. Сол жерде тұрып үш ұл, үш қызды өмірге әкеледі.

Гүлнұрдың сөзінше, күйеуі мұны жұбайы ретінде еш құрметтемеген. Тіпті, басынып алған. Басқа әйелдермен сөйлесіп, опасыздыққа дейін барған. Күйеуінің алғашқы құқайын үлкен қызына аяғы ауыр кезінде көрген.

– Күйеуіме қаламасам да тұрмысқа шығуыма тура келді. Зорлықпен үйіне келін етіп түсірген кезде 18 жасқа да толмаған едім. Үлкендердің сөзінен аттауға дәтім шыдамай, не де болса қалуға бел байладым. Бұл шешімім маңдайыма жазылған бақ емес, сор болды. Жолдасымның бұрын үш рет мал ұрлап сотталғанын да білмеппін. Кейін мені қорқыту ниетімен түрмеде болғанын жеткізді. Екі күннің бірінде үйде жанжал. Болмашы нәрсені сылтау етіп жұдырық ала жүгіреді, – дейді Гүлнұр.

Сондай-ақ, ол денесінде қамшының ізі әлі де бар екенін жасырмады. Сиыр айдағанда малшылардың ірі-қараны ырқына тез көндіру үшін терісін осатындай етіп қамшының ұшына жалғайтын жіңішке темір сымы болады. Денеңе тисе жаныңды көзіңе келтіреді. Келіншектің денесі осындай қамшыдан талай рет жараланған. Оның сөзінше, алғашқы кезде жүктілігіне де қарамай соққыға жыққан. Сол соққының салдарынан іштегі баланың денсаулығына зиян келген. Намысына тиіп, жүйкесін жұқартатын боқтық сөздер есту – қалыпты жағдайға айналған. Өзінен бөлек, бауырларын да кемсітіп сөйлейтін көрінеді. Сөйлей алмайтын әпкесін кекетіп, оның кемшілігін бетіне басады екен. Тәні мен жанын жарақаттайтын түрлі соққыға да еті үйренген кейіпкеріміз балалары үшін күйеуінің қандай қорлығына да төзуге көндіккен. Бірақ, ол кей күндері сол балаларымен қоса дала кезіп үйінен қашатынын, тіпті сырт киімсіз сыртта түнейтінін айта келе, мұндай отбасылық өмірден перзенттерінің де әбден мезі болғанын жеткізді.

– Соңғы кездері балалар да әкесін қатты жек көріп кетті. Үйімізден береке қашты. Дастархан басында күліп-ойнап ас ішу арман болды. Ойда жоқ жерден ұрыс шығарып, тамақ тұрған дастарханды төңкеріп тастайды. Пеш үстіндегі ыстық ас толы қазанды да лақтыра салады. Соңғы кездері ажырасып кетуімді де балалардың өзі сұрай бастады. Білмеймін, қандай әрекет жасасам да күйеуіме жақпадым. Одан тек қорлықтан басқа жақсылық көру маған бұйырмапты, – дейді жас келіншек.

Бүгінде осы орталықтан ғана жанына жылу тапқан Гүлнұрдың қазіргі жағдайы қалыпты. Мұндағы қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, денсаулығын да түзейді. Орталықта медициналық қызмет те қарастырылған. Мұнда алты айға дейін паналайды.

«Облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айдана Биғабылдың сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары кәмелетке толмаған балаларымен бірге орталық қызметіне тәулік бойы және демалыссыз жүгіне алады. Медицина қызметкерлері арнайы бекітілген кезекшілік кестесі бойынша жұмыс істейді. Мекеме сегіз бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық бағыттар бар. Сонымен қатар, көмек алушыларды еңбекке тартып, оларға мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Отбасынан айырылғандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеуге ықпал етіп, құқықтық қызметтер де көрсетеді.

– 2014 жылдың қазан айынан бастап осы жылдың 31 мамырына дейін орталыққа 1290 қызмет алушы қабылданды. Оның 392-сі әйел, 898-і бала. Биыл қаңтар-мамыр айларында 18 әйел 43 баламен қабылданды. Қазіргі таңда орталықта жеті әйел, 25 бала қызмет түрін алуда. Ал, былтыр орталыққа 160 адам қабылданған болатын. 43 әйел, 117 баланы құраған. Қызмет алуышылардың ішінде 16 әйел, 45 бала үйіне оралды. Ал сегіз әйел, 15 бала жалдамалы пәтерлерді паналады, – дейді Айдана Сатылғанқызы.

Алты айдан соң алты баласымен жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр келіншектің ендігі өмірі қандай болмақ? Бұрынғы күйеуі бұған алимент төлеуден басқа көмек беруге ниет танытып тұрған жоқ.

 

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар