Ғылыми жетістіктерді медицина, энергетика, ақпараттық технологиялар, көлік және экология, химия сияқты әртүрлі салаларда қолдану ілгерілеу мен тұрақты дамуға ықпал етеді.
Ғылыми өнертабыстар мен оларды жүзеге асыру арқылы қаншама мемлекеттер түйінді мәселелерді шешіп, жаһандық сын-қатерлердің алдын алу бойынша көш бастап тұр. Бұл олардың экономикасын нығайтуға, инвестиция тартуға, білім мен адами капиталды дамытуға көмектеседі. Сондықтан да ғылыми-техникалық даму ұлттың гүлденуі мен әл-ауқатына жетудің қозғаушы күшіне айналуда.
Жалпы, өзге ұлттың мәдениеті мен болмысын білу үшін оның тілін үйрену керектігі сияқты, кез келген нәрсені түсіну үшін де соның тілін білу қажет. Мысалы, медицина, заң, құрылыс, психология секілді салаларды меңгеру үшін сол мамандықтарды адамдар жылдар бойы арнайы оқиды. Ал, осы салалардың әрқайсысы өз алдына бір ғылым. Сол ғылымды түсіну үшін біздер ғылымның тілін түсініп қана қоймай, терең меңгеріп, нақышына келтіріп, қоршаған ортада еш мүдірместен еркін сөйлей алатын хәлде болуымыз керек. Сонда ғана ғылым дамиды. Сонда ғана ғылымы күшті алпауыт елге айнала аламыз. Ал, «Ғылымның тілін қалай үйренуге болады?» деген сұраққа жауап беретін болсам, ғылымның тілі – пәндер арасындағы көпір.
Қазіргі әлемде ғылым шындықты түсінуде және өзгертуде шешуші рөл атқарады. Дегенмен, әрбір ғылыми пәннің өзіндік ерекшелігі, өзіндік тілі бар.
Ғылым тілі әрбір пәннің құрамдас бөлігі және ғалымдардың қарым-қатынасы мен ақпарат алмасуына көмектесетін арнайы терминдер, ұғымдар мен белгілер жүйесі. Дегенмен, ғылым тілінің маңыздылығы жеке пәндердің шегінен әлдеқайда асып түседі.
Біріншіден, ғылым тілі әртүрлі білім саласындағы ғалымдардың күш біріктіріп, ынтымақтасуына мүмкіндік береді. Мысалы, биологтар мен математиктер, химиктер мен экологтар күрделі биологиялық, химиялық жүйелерді зерттеу үшін ортақ терминдер мен әдістемелерді пайдалана алады. Бұл бізге жаңа тәсілдерді бірлесіп әзірлеуге және оқшауланған жұмыс кезінде мүмкін болмайтын синергияға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ғылым тілі ғалымдардың ұрпақтары арасында білім беру, пікір алмасу құралы қызметін атқарады. Әрбір пәннің өз тарихы мен жинақталған тәжірибесі бар, ол басылымдар, оқу материалдары және ғылыми конференциялар арқылы беріледі. Ғылым тілі ғылыми зерттеулердің сабақтастығы мен эволюциясын қамтамасыз ете отырып, әртүрлі ұрпақ ғалымдарының арасындағы көпірге айналады.
Үшіншіден, ғылым тілі пәндер арасындағы шекараны кесіп өтуге және зерттеудің жаңа бағыттарын жасауға итермелейді. Ең маңызды ғылыми жаңалықтардың кейбірі әртүрлі пәндерді біріктіру арқылы жасалды. Мысалы, биология мен информатика бірігіп, биоинформатиканы құрады, бұл геномика мен молекулалық биологияның жаңа жаңалықтарына әкелді. Қазіргі уақытта дамушы елдерде ғылым тілі әртүрлі сала ғалымдарының бірін-бірі түсініп, өзара әрекеттесуіне мүмкіндік беретін көпірге айналды.
Жақында YouTube желісінен ғылым туралы подкастты тыңдадым. Сол жерде сұхбат берген академик мектеп жасындағы кез-келген балалар ежелгі және алғашқы академиктердің, яғни ежелгі грек философы, Афины академиясының негізін салушы Платонның, Платонның шәкірті және перипатетикалық мектептің негізін салушы Аристотельдің, ежелгі грек философы, Сократтық мектептің негізін салушы Сократтың, Қытай философы Конфуцийдің, ежелгі грек философы және математигі Пифагордың, ежелгі грек астрономы және географы «Алмагесттің» авторы Птолемейдің, гидростатика және механика салаларындағы ашқан жаңалықтарымен танымал болған ежелгі грек математигі, физигі және инженері Архимедтің, Қытай философы және даоцизмнің негізін салушы Лао Цзының, ежелгі грек математигі, геометрия бойынша «Элементтер» деп аталатын ірі еңбектің авторы Евклидтің, ежелгі грек дәрігері, Гиппократтық медицина мектебінің негізін салушы Гиппократтың кім екендіктерін, олардың еңбектерінің нені насихаттайтындықтарын, ұстанымдары мен ғылыми тұжырымдамаларын бес саусақтай білетін болса, ол балалар түптің түбінде еліне пайдалы азамат болатыны хақ екенін өте дұрыс айтты. Сонымен қатар, Аристотельдің әлемнің бірінші ұстазы, Әл-Фарабидің екінші ұстаз аталатындығын жан-жақты талдап түсіндіру керек және баланы туылғаннан бастап музыкаға баулу керек. Ол баланың сезімталдық қабілетін шыңдауға көмектеседі. Сондай-ақ, музыка математиканың бір бөлігі, оны меңгерсе ақпараттарды логикалық тұрғыдан түсінуіне жол ашады.
Ұлы тұлға Мырза Ұлықбектің кім болғанын көптеген ересек адамдардың өздері де біле бермейді. Ол астрономия мен математикаға қосқан елеулі үлесі үшін, Самарқандта обсерваторияның негізін салғаны үшін және «Ұлықбек жұлдызды кестелерін» құрастырғаны үшін ұлы болып саналады. Ол сондай-ақ, өнер мен ғылымның қамқоршысы болған, өз сарайына ғалымдар мен өнер қайраткерлерін тартқан, өз мемлекетінің мәдени дамуына орасан зор күш салған. Сонымен қатар, медресе ашып, оқу-ағарту ісін дамытуға ықпал еткен ұлы тұлға. Яғни, оның «Зиджи Гургани» жұлдыздар жинағы бүкіл әлемді мойындатқан. Сонымен бірге Шәкәрім мен Абайдың, тағы басқа тұлғалардың білімнің әртүрлі салаларындағы идеялары мен үлестері бүгінгі күнге дейін маңызды. Өкінішке қарай ұлттық бірыңғай тестілеу пайда болғалы мектеп бітіруші түлектер түсініп оқудан бұрын, жаттандылыққа әуестеніп барады. Жаттаған дүние ұмытылғыш келеді. Адам баласы ақпаратты негізі жадына түйіп оқыса, тасқа қашалған таңбадай болып, мәңгілік есте сақтай алатын қабілетке ие болады.
Мысалы, мен 1989-2000 жылдары ауылдық жерде, қарапайым орта мектепте оқыдым. Мені оқытқан мұғалімдердің сапасы жоғары болды. Мектептегі оқу бағдарламасы мен оқулықтың сапасы қазіргі оқулықтармен салыстыруға келмейді, құнарлы ақпараттарға толы еді. Бірақ, жоғарыда аталған ежелгі және алғашқы академиктер, ұлы тұлғалар туралы толық ақпараттарды мен университетке түскенде философия деген пән арқылы терең таныдым. Сол кезде «Неге мен осы ақпараттарды 15 жасымда білмедім?» деп өзіме сұрақ қоятынмын. Егер де мен сол жасымда осы ақпараттарды білгенімде ғылымға деген ынтам қазіргі кездегі ұмтылысымнан да терең болар ма еді. Осы ретте әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды» деген нақыл сөзі ойыма оралады.
Қазіргі уақытта көпшіліктің талқысына салса, бәрі жабылып жастардың деңгейінің төмендігін сөз етеді. Алайда, сол жастардың аға буын өкіліне қарап бой түзейтіндігін естен шығармауымыз керек. Сол үшін де мектеп пен жоғары оқу орындары кәсіби бағдар жұмысы үшін ғана емес, үздіксіз ақпарат алмасатын алаңға айналуы тиіс. Сонымен қатар, әрбір кәсіби білім беретін орталықтар мен жоғары оқу орындары өз ғимараттарында жиі-жиі ашық есік күндерін әр маусымда өткізіп тұрса, өсіп келе жатқан балалардың бойындағы тұншығып тұрған қабілеттері оянып, қызығушылықтары артатын болар еді және көкейлеріндегі сұрақтарын тиісті маманға қоя отырып, өзінің қызығушылығын, танымдық көзқарасын кеңітуге жол ашылар еді. Сондай-ақ, жоғары сыныпқа келгенде қалауындағы мамандықты өзі анықтап, дұрыс шешім қабылдай алатын халге жетер еді. Олай дейтінім, жеке өзімнің тәжірибемде алдыма жыл сайын оқуға түсуге кеңес алу үшін ата-аналар мен оқушылар келеді. Орта есеппен алғанда 70 пайыздан астам оқушы өз таңдауын жасай алмайды. Нақты не керек екендігін білмейді, сайып келгенде грант болса болды деп, төрт жыл бойы ұнатпайтын мамандықтың жетегінде университеттің табалдырығын тоздырады. Ақыры, соңында ол бағытта жұмыс істемей, басқа салада қайта оқуына тура келеді. Ал, бұл жағдай жұмыссыздықтың санын арттырып отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан осындай кемшіліктерді көріп келе жатқанымызға 30 жылдан асты. Бір жақты шешім қабылдайтын уақыт келді. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, қызығушылығы басым адамдарды бір арнаға тоғыстырып, жұдырықтай жұмылдырып жұмыс істейтін мезгіл баяғыда туған. Алысқа бармай-ақ, биыл орын алып отырған еліміздегі ахуалды ойласақ жүрек ауырады. Жер сілкінісі, су тасқыны сияқты апатты жағдайлардан шығудың жолдарын білу үшін де білім мен дағды қажет. Адамзат өміріне қауіп төндіретін апатты жағдайларды алдын-ала ескеріп тиісті шараларды қолдануға кеңес беретін де, басы-қасында жүріп басшылық ететінде әрине білікті мамандар. Сол үшін ғылым тілінің дәнін әрбір жеті жастан асқан балаға сеуіп, жағдай жасау керекпіз. Сол үшін ғылым тілі ғылыми зерттеулерді ілгерілетуде және пәндер арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдетуде маңызды рөл атқарады. Ол ғалымдардың басын біріктіреді, білімді тасымалдауға көмектеседі және ғылыми прогреске жаңа мүмкіндіктер жасайды. Сондықтан ғылым тілінің қажеттілігі мен маңызын ұғыну – ғылыми ортаның басты міндеті болуы керек. Ынтымақтастық пен идеялар алмасу арқылы ғана біз жаңа жаңалықтарға қол жеткізе аламыз және адамзат алдында тұрған күрделі ғылыми сынақтарды жеңе аламыз.
Ғылым тілі терминдер мен ұғымдардың жиынтығы ғана емес, сонымен бірге бізді қоршаған дүниені өзгертуге қабілетті күш. Адамдарды ғылым тілін тереңірек зерттеуге және түсінуге шақыра отырып, біз жалпы адамзаттың ілгерілеуі мен әл-ауқатына жетелейтін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалық ашылуларға жол ашамыз.
Ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы қағидасы – аға ұрпақтан жас ұрпаққа тәрбие мен ғылыми зерттеу әдістерін дәйекті түрде беру. Бұл жас ұрпаққа аға ғалымдардың зерттеулерін дамытып, тереңдетіп қана қоймай, жаңа білім көздерін ашуға мүмкіндік беретін ғылыми жетістіктер мен тәжірибелік деректердің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл ғылымның өзекті болуына, өзгермелі жағдайға бейімделуіне және уақыт талабына сай қиындықтарды сәтті жеңуге мүмкіндік береді.
Қорытып айтқанда, орта білім беретін барлық деңгейдегі мектептерде оқушыларды бастауыш сыныптан бастап үздіксіз ғылыми тілді меңгертіп оқыту оларды сыни ойлауға, шығармашылықты дамытуға, ақпаратты қабылдау мен талдау қабілетін шыңдауға ықпал етеді. Сонымен бірге, практикалық тәжірибелер, ғылыми жобалар, ғылыми қоғамдастықпен өзара әрекеттесу және заманауи технологияларды пайдалану олардың ғылыми әдісті меңгеруіне және ғылымнан шабыттануына көмектеседі. Мемлекеттің мәңгілік болуын қамтамасыз етуде білімі мен біліктілігі, талпынысы мен ынтасы ұштасатын белсенді жастар басты рөл атқарады. Үздіксіз ізденіс пен ерекше еңбекті қажет ететін ғылым осы үдерістің құрамдас бөлігі болып табылады. Дәл осындай жастардың және олардың бәсекеге қабілеттілігінің арқасында мемлекет ұзақ жылдар бойы тұрақты даму мен өркендеуге қол жеткізе алады.
Саят МАМЕШОВА,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы, Аймақтық менеджмент академиясының қауымдастырылған профессоры, Ресей жаратылыстану академиясының кеңесшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді