Батыр ерлігі – ұрпаққа үлгі
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан, департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болған Мейіржан Аймановтың отбасына барды. Президент Жарлығымен азаматтық қорғау полковнигі М.Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендері табысталған болатын.
Батырдың отбасына облыстың бас құтқарушысымен бірге бір топ әріптестері де келіп, Мейіржан Көпбосынұлының рухына құрмет көрсетті. Арман Тоқанов марқұмның анасы мен жұбайына Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы бастығының «Алғыс хатын» табыс етті. Хатта 2021 жылдың 26 тамызында облыстағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өртті сөндіру барысында қаза тапқан Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың есімі жақында академияның «Өрт қауіпсіздігі 2135» оқу тобына берілгендігі айтылған.
Еске салсақ, М.Аймановтың сол кездегі нақты әрі сауатты іс-қимылы мен жанқиярлық ерлігінің арқасында үш елді мекеннің бірнеше жүздеген тұрғындары құтқарылған болатын. Халықты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау барысында анттарына адал болып, соның жолында жанын қиған азаматтардың ерлік істері жүректерде мәңгілік сақталады.
Діннен дәріс берген семинар
Департаменттің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының тәрбие жұмысы тобы қызметкерлер арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде семинар ұйымдастырды.
Семинар-сабаққа департамент аппаратының, Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл аудандары төтенше жағдайлар бөлімдерінің, өрт сөндіру қызметі мен жедел құтқару жасағының қызметкерлері қатысты. Жиында облыс әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының инспекторы Бақтияр Алпысбаев экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ онымен ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, қызметкерлерге лаңкестік әрекеттерге шақыратын аудио, бейне, мәтіндік материалдарды ғаламтор ресурстарында жариялаудың, экстремистік мазмұндағы ақпараттарды әлеуметтік желілерде таратудың жауапкершілігі туралы түсіндірді. Шара барысында «Деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері» тақырыбында бейнематериал көрсетілді.
Семинарда баяндамашы мен қатысушылар арасында қозғалған діни тақырып бойынша қойылған сұрақтардың барлығына нақты жауап беріліп, қызметкерлер облыстағы діни ахуал жайлы көптеген мағлұматтар алды. Департамент бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразақов барлық жеке құрамды қоғам тарапынан азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің оң имиджін қолдау мақсатында, құқық қорғау, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әдеп кодексінің нормаларын қатаң сақтауға шақырды.
Құтқарушылар көмекке қашанда дайын
Жақында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне Тараз қаласының Р.Қошқарбаев көшесіндегі тұрғын үйдің аумағында «ГАЗель» автокөлігі өртке оранғандығы жөнінде хабарлама түсті. Шақыртуға жедел аттанған өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 21 қызметкері мен 5 техникасы қызыл жалынды дереу сөндірді. Зардап шеккен бір адам қол күйігімен ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ, өткен аптада Қордай ауданы, Қордай ауылындағы «Ақниет» дәмханасының шатыры отқа оранып, өрт 200 шаршыметр аумақты шарпыды. Оқиға орнында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының күштері мен құралдары жұмыс істеп, өрт сөндірушілердің сауатты және уақтылы әрекеттерінің арқасында жалынның жақын маңдағы ғимараттарға таралуына жол берілмеді. Ал, департаменттің дағдарыс жағдайлары басқармасына Жуалы ауданының Т.Дүйсебайұлы ауылы маңындағы таулы аймақта туыстарымен бірге саңырауқұлақ теруге барған 64 жастағы азаматшаның жоғалып кеткендігі туралы хабарлама түскен бетте, оны іздеуге 17 құтқарушы мен 9 полиция қызметкері жұмылдырылды. Сол күні кешке адасқан әйел аман-сау күйінде табылды.
Жоғарыда аталған оқиғаларға байланысты құтқарушылар облыс тұрғындарынан өз автокөліктерінің техникалық жағдайын қадағалап, көлікте тез тұтанғыш заттарды сақтамауды және өрт қауіпсіздігі шараларын сақтап, өрт болған жағдайда дереу «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, жеміс-жидек жинауға бейтаныс жерлерге барсаңыз, назар аудару үшін жарқын түсті киім киюді, өзіңізбен бірге ысқырық немесе фонарь алып жүруді ұмытпаңыз!
Мақсат – кәсіби шеберлікті шыңдау
Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің басшыларымен практикалық сабақ өткізді.
Сабақтың негізгі мақсаты жылу-түтін камерасында денеге түскен қысым кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау, сондай-ақ, қысылтаяң жағдайларда іс-қимылдарға психологиялық даярлықты қалыптастыру үшін газ-түтіннен қорғаушыларды жаттықтыру болып табылады. Оқу барысында газ-түтіннен қорғаушылардың тыныс алуға жарамсыз жағдайдағы жұмысының барлық аспектілері толығымен түсіндірілді. Бөлім басшылары тәжірибелік тұрғыдан өз шеберліктерін барынша көрсетіп, аталған жылу-түтін камерасында тиісті жаттығулармен айналысты. Сондай-ақ, қызметтің оқу сыныбында бөлім басшыларының теориялық тұрғыдағы білімдері тексерілді. Шара барысында жеке құрам қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып, өздерінің кәсіби деңгейін тағы бір дәлелдей түсті. Жалпы, мұндай сабақтар тұрақты негізде өткізілетінін айта кеткен жөн.
Дайындаған Жүрсінгүл Жақып.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді