«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табиғатпен үндесе өмір сүруді ұмыттық па?

Табиғатпен үндесе өмір сүруді ұмыттық па?
Ашық дереккөз
Адамға қауіп төндіретін апаттың бірі – көктемгі су тасқыны. Қыс бойы жауған қар бір еріп, бір қатып, буға айналып ұшып кетсе игі. Ал, еріген қардың азабы елді есеңгіретіп, соңы қайғылы оқиғаларға ұласты. Мұны әлеуметтік желілер мен отандық БАҚ беттерінде су тасқынына қатысты мақалалардың көптеп жариялануынан анық аңғарамыз. Жалпы, елімізде тасқын судың елді мекендерді шайып кетуі бүгін ғана болып жатқан үдеріс емес. Шындығында сіңірдей созылған, сең болып қатқан осынау мәселенің жылдар бойы шешілмей келе жатуы алаңдатарлық жағдай. Біз табиғатпен үндесе өмір сүруді шынымен ұмыттық па?

СУ ТАСҚЫНЫ: ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ

Жалпы, біздің елде тиісті мекемелер төтенше жағдайларға дайындық барысы жөнінде жыл сайын есеп береді. Алайда, су тасқыны кезінде күш-қуат пен құрал- жабдық ұдайы жетіспей қалады. Кейіннен соның зардаптарын жоюға әжептеуір бюджет қаржысы жұмсалады. Содан кейін, тасқын судан қатер төнгенде бірін-бірі кінәлау басталады. Бірі бұған жергілікті әкімдіктерді жазғырса, өзгесі төтеншеліктердің төтеннен келген сынаққа ылғи дайын болмайтынын айтады. Десе де, сіз бен біз таңдайтын жол бұл емес. Осы ретте су тасқынынан зардап шегіп, тұрғындары із-түссіз жоғалған өзге жұрттың әрекетін сараптап көруді жөн санадық.

«ДЕЛЬТА» ЖОБАСЫ

Америкалық инженерлер қауымдастығы әлемнің жеті кереметінің бірі деп атаған бұл жобаны сәтті жүзеге асырған ел – Нидерланды. Мемлекеттің мыңдаған шаршы шақырымын жұтып, бүкіл елді шайып кетуге шақ қалған толассыз толқыннан әбден зардап шеккен нидерландықтар теңдессіз инженерлік жобаны іске қосуға мәжбүр болды. Осылайша, «Дельта» бөгеті халықты су тасқынынан қорғайтын айтулы жобаға айналды. Оның негізгі ұзындығы 2,5 мың шақырым болса, көмекші бөгеттер 13 мың шақырымды құрайды. Бөгеттердің көбі теңіз тыныш кезінде ашық тұрады. Ал, дауыл тұрып, су деңгейі көтеріле бастағанда автоматты жүйе дабыл қағып, дамбалар жабылады. Осы арқылы елді тасқын судан қорғайды. Бір қызығы, бөгеттер жел энергиясы арқылы жұмыс істейді. «Дельта» жүйесінің басқа бөгеттерден бір айырмашылығы – инженерлер оны қажет кезінде теңіз кемелері де өте алатындай етіп салған. Себебі, теңізбен жалғасып жатқан Шелдт өзені біржола тұйықталып қалса, онда ол уақыт өте келе тұщы суға айналады. Бұл жергілікті экожүйеге, соның ішінде балық өнеркәсібіне теріс әсер ететін көрінеді.

ТІРШІЛІК НӘРІН ҚАДІРЛЕУДІҢ ЖАПОНДЫҚ ҮЛГІСІ

Жапон елі су ресурсына бай болса да, әр тамшыны мақсатты пайдаланудың тетіктерін жетік меңгерген. Күншығыс елінің ғалымдары суды ысырап қылмаудың ғажайып амалдарын жүзеге асырып, өндірісте де, тұрмыста да кеңінен қолданады. Жапондардың суға тек тұрмысқа қажетті сұйық деп қарамайтыны, ежелгі заманнан оны өнермен байланыстыратыны тарихтан белгілі. Тіпті, жапон мамандары тасқыннан қорғанудың ерекше жолын тапқан. Бұл елде жауын-шашын көп болатын өңірлерде жаңбыр суына арналған жерасты коллекторы орнатылған.

Мысалы, Кандагаваның жерасты коллекторына 540 мың тонна жауын суы сыяды. Алып туннель тәрізді коллектор қырық метрлік тереңдікте орналасқан. Оның солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы 4,5 километр. Токионың тасқыннан қорғауда пайдаланатын коллектор жүйесі әлемдегі ең үздік жобаның бірі саналады. Бұл жобаға 3 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Айта кетейік, Жапонияда суды апаттық жағдайда кенеттен өшіріп тастау деген мүлде жоқ. Жалпы, Жапонияның тіршілік нәрін қадірлейтіні, оны үнемдеп пайдаланатыны хақында көптеген қызықты, дәлелді мысалдар келтіруге болады. Бастысы, бұл елдің осы бағыттағы технологиясының қыр-сырын үйренудің пайдасы мол.

Байқасақ, Батыс Еуропада Солтүстік теңіздің жағалауында орналасқан Нидерланд елі де, су тасқынынан әбден зәрезап болған өнертапқыш Жапон халқы да су тасқынына қарсы шараларды дер кезінде ұтымды ұйымдастыра білген ел. Бірі азуын айға білеген америкалықтардың өзін еріксіз мойындатса, күн шығыс елінің жергілікті тұрғындары табиғатты аялаудың теңдессіз үлгісін көрсетіп келеді. Өзгесін айтпағанда, жапон шеберлері әйгілі Тосаваши қағазын жасауда Ниодогава өзенінің саф таза суын кәдеге жаратуда. Ендеше, Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан біздің елдің де тасқын судың алдын алуда өзгеше әдіс-айла табуға тура келіп тұр. Бұл ретте отандық ғалымдар өзге жұрттардың тәжірибесін терең зерттеп, қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстардың барлығын тиімді пайдалануы қажет-ақ.

 

Гүлшат ТҮМЕНБАЙ,

Тараз қаласының тұрғыны.

Ұқсас жаңалықтар