«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Париж Олимпиадасы: Әзірге алты жолдама

Париж Олимпиадасы: Әзірге алты жолдама
Ашық дереккөз
Егемендік алғалы бері еліміздің спортшылары жазғы Олимпиада ойындарына осымен сегізінші мәрте ат байлайын деп тұр. Батыс Еуропаның баурайында, Париж төрінде өтетін осынау доданың дүбірі де таяп келеді. Күн өткен сайын Олимпиада ойындарына жолдама үлестірер лицензиялық сайыстар да сиреп жатыр. Бүгінге дейін жамбылдық спортшылардың еншісінде бірнеше спорт түрінен олжалаған алты жолдама бар. Сондай-ақ, үміт артқан бес саңлағымыз жолдама санын еселеуге күш салады деп жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков осылай деді. Оның айтуынша, жамбылдық жампоздар Париж Олимпиадасының кезекті жолдамасын алу үшін еңбек етуде.

– Біздің споршыларда әлі де болса жолдама санын еселеудің мүмкіндігі бар. Іріктеу сындарында саңлақтарымыздың қайрат-күші кемімей, ұл-қызымыз ұпайын түгелдеу үшін барын салады деп сенеміз. Бұл ретте Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев, Зульфия Габидуллина, Ерболат Кәрібай және Салтанат Әбілқазымқызына артылған сенім жүгі ауыр. Аталған спортшылар халықаралық рейтингілік жарыстарға қатысып, ұпайларын жинақтауда. Халықаралық Олимпиада Комитеті алдағы уақытта рейтинг бойынша жолдама алған спортшылардың тізімін жариялайды. Қазіргі таңда спортшыларымыздың дайындығы білікті мамандардың қатаң бақылауында. Ал, біз өз тарапымыздан олардың маңызды оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қадағалап, қажетті дәрумендермен қамтамасыз етіп отырмыз, – деді Нұржан Қырықбайұлы.

Бір қуанарлығы, әулиеаталық өрендер үшін биылғы жыл өте сәтті басталды. Дәлірек айтқанда, жыл басында өткен ел біріншілігінде жерлестеріміз жасындай жарқылдады. Мәселен, нақ осы чемпионатта паратаеквондошыларымыз 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальді еншіледі. Ал, армрестлингтен қоржынымызға 5 алтын, 7 күміс пен 6 қола медаль түсті. Бұдан бөлек, нысана көздеуден өңір құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Десе де, төрт жылдықтың басты додасында медальсіз қайтқан спортшыларымызға қоғам тарапынан аз сын айтылып жүрген жоқ. Өзгесін айтпағанда, әйгілі Бақтияр Артаевтың ерлігін қайталай алмай жүрген күрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлері мақтау естімей келеді. Ал, биыл қалай болар екен?!

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар