Қазақ топырағында қайталанбайтын құбылыс болған Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығы Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен аймақтың айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері және Қырғызстанның ақын, манасшыларының жыр тойына ұласты. «Алатаудың бұлбұлы» атты әдеби-сазды кеш барысында екі елдің сөз сүлейлері ұлттық құндылықты ұрпаққа насихаттау бағытында меморандуға қол қойды.
– Киелі Қордай жерінен қазақ өнері мен поэзиясына еңбегі сіңген талай қайраткер түлеп ұшқаны баршаңызға белгілі. Соның бірегейі, ұлттың ән мен күй өнерінде алдына жан салмаған, қасиетті қара домбыраның қос ішегінен құдіретті ән мен күйді дүниеге әкеліп, жүрегіңе жеткізе білген біртуар тұлға Кенен Әзірбаевтің туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен өнер қайраткерінің біздің Қордай жерінің тумасы екендігін біз қашанда мақтан тұтамыз. Кенен Әзірбаевтің әр туындысы өшпес мұра, таптырмас қазына, тәлімді тәрбие. Сондықтан да ақынның есімі мен мол мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізу аға буынның парызы деп білемін. Осы мақсатта атамыздың кіндік қаны тамған туған жері, есімі берілген Кенен ауылында ақынның туған күнін жылда атап өту дәстүрге айналған. Биылғы жылы да осы дәстүрден жаңылмай, 140 жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері ауданымыздың барлық ауылдық округтерінің мәдени ошақтары мен білім беру мекемелерінде ақынның өнерін ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін, міне, мерейтой қарсаңындағы тағылымы мол іс-шарада сіздермен кездесіп отырмын.
Мерейтойға орай еліміздің басқа өңірлерінің өнерпаздарымен қатар көрші Қырғызстан Республикасының айтыскерлері мен манасшылары келіп, ақынның мол мұрасын ұлықтағалы отыр. Осындай ұлы тұлғаның өнерін жалғастырар жастарымыз көп болсын, ұлтымыздың ұлттық өнері мәңгі жасай берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді аудан әкімі Бегзат Болатбеков. Дүбірлі іс-шара барысында салт-дәстүр сабақтастығы, ел бірлігі, туған жердің қадір-қасиеті ақындар өлеңімен айшықталып, Кенен Әзірбаевтің шығармалары өскелең ұрпаққа жаңаша мазмұнда дәріптелді. Әр елдің жетістіктері ақындардың жырларына арқау болып, достық қарым-қатынас насихатталды.
Халықаралық достықты нығайту мақсатындағы жыр-терме додасы салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы кіші футбол турниріне ұласты. Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Оспанқұлдың ажырамас достығын көпшіліктің көз алдына алып келген екі ел өнерпаздары мен ақындарының өнер тойын газетіміздің келесі санынан кеңінен оқитын боласыздар.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді