«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алаш рухы аспандасын мәңгілік

Алаш рухы аспандасын мәңгілік
Ашық дереккөз
Бекзада бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы қан кешіп жүріп жазған қазақ тарихында ел басына күн туған сын сағаттар аз болған жоқ. Халқымыз бүгінгі тәуелсіздіктің төріне зар заманның зардаптарын бастан кешіп, «тар жол, тайғақ кешулер» арқылы жеткені тарихтан аян. Осы сүрлеудің бойында «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, қаншама намысты арыстарымыздың нар ізі, нағыз ерлігі жатыр.

Дейтұрғанмен, бүгінгі таңда халықтың болашағы жолында қалтқысыз еңбек етіп, арын аманат, жанын құрбан еткен сондай сом тұлғаларымызды бейбіт заманда бір-бірлеріне қарсы қоятын кереғар көзқарастар қалыптаса бастағаны көңіл қынжылтады. Қазаққа ортақ тұлғаларды бір-біріне қарсы қойып, аруақтардың ашуына тиіп, оң қолына сол қолын жау етіп, шың басынан шаң іздеу кімге керек, одан кімнің ұпайы түгенделмек? Тұлғаларды қаралап, олардың тағдырына күйе жаққысы келетіндер кімдер және олардың өз қолдары қаншалықты таза? Бұл сауалдар кез келген қазақ баласын ойға жетелейтіні анық. Біз де сол ойдың жетегіндеміз.

Қазақ халқының ұлы рухы ұлттың тағдырлы тарихында талай мәрте аштықтан, аурудан, қолдан жасалған қасіреттерден, сұрапыл соғыстардан соққы жеп, сынған жері қатайып, жарасын жасырып жалаған арландай азаттыққа жетті. Сол азаттыққа қалай жетті? Әрине, адам төзбес азаптармен жетті. Адамзат төзе алмайтын нәубеттерге Алаш төзді. Ұрпақ үшін ұлы даланың ұлтарақтай жері қалсын деп ел ішінде, жел өтінде ғұмыр кешкен асыл ерлердің арқасында осы күннің алтын сәулесі маңдайымызға тигені жасырын емес. Ал, енді өз қолымыз өз аузымызға жетіп, етек-жеңімізді жиған сәтте неліктен сол ерлердің ерлікпен пара-пар еңбегін жоққа шығарамыз? Кезінде Батыс Сібірдің генерал- губернаторы Михаил Сперанскийдің патшаға: «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Шеге қақсаң кірмейді, балталасаң жарылмайды, ал өз-өзіне соқсаң, быт-шыты шығады. Қазақтарды дәл осындай әдіспен құрту керек», деп жолдаған хаты тарихтан белгілі. Дәл осы әккі әдіс әлі күнге ел ішінде күшін жоймағаны жаға ұстатады. Ең өкініштісі, мұндай қадамға аузы дуалы, сөзі уәлі бүгінгі ел зиялылары барып жатқаны келешекте бармақ тістетпесіне кім кепіл? Бұлай дейтініміз, биылғы жылдың басында классик жазушы Мұхтар Мағауиннің әлеуметтік желідегі сұхбаты ел арасында резонанс тудырған болатын. Онда Мағауин ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловты сатқындар қатарына қосып, сол секілді бірқатар тұлғаларды қамшылап өтеді.

Жазушы «Он сегізінші жылы ашаршылықты бастаған Рысқұлов. Содан кейін барып Түркістан Республикасын құрамыз деп Қазақ Республикасын құру кезінде бөгет жасаған» деп Алаш арыстарының ұсталып кетуіне де Рысқұловты себепші етіп көрсетеді. Қабырғалы қаламгер неліктен мұндай пікірде сөйлегені бізге белгісіз, тек ұлт тарихында Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік қадірі одан аласарып қалмайтыны анық. Әрине бұл тұста мәселенің мән-жайына мән беруге Мағауиндей марғасқа жазушының өресі жетпеді деп айта алмаймыз, бірақ өзі де, көзі де әлдеқашан ғайып болып, тарихқа айналып кеткен тұлға жайлы теріс пікір айту өскелең ұрпақ үшін өрескел түсінік боларына халықтың санасы жетіп артылатыны анық. Хош, сонымен біз білетін, тәуелсіз ел жастары танитын Тұрар Рысқұлов қандай, осыған оралсақ.

Тұрар Рысқұлов қазақ ұлысы тұрмақ, Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Моңғолия республикаларының экономикалық қайта құрылуына үлкен үлес қосты, оның бастамасы бойынша Қазақстанда Түркістан-Сібір темір жолы салынды, қуатты индустриялық орталықтар – Қарағанды көмір өндіру және металлургия кешендері, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі пайда болды. Қазақстан мен Орталық Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар құрылды. Сонымен қатар, Моңғолия астанасының атауын да ұсынған Рысқұлов болатын. Оны америкалық тарихшы «Моңғолия астанасы» атты жинағында растайды.

Ол алғашқылардың бірі болып біртұтас Түркі Республикасын құру идеясын алға тартты. Жастайынан оқумен қатар Ташкент қаласы маңындағы Красноводск тәжірибе алаңында қой бақты. 1916 жылы жазда ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Рысқұлов Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған кезең болған. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрған.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің «Бір кем дүние» атты кітабында: «Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ, кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады. Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы 1943 деп жүр. Тұрар Рысқұлов туралы «Служение народу» атты қомақты кiтап жазған москвалық профессор В.М.Устинов: «Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген», – дейдi-дағы, сыбырлап: – Аштан өлген, 1943 жылы», – дейдi. «Ақыр байдың баласы аштан өлген». Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi? Бiр кем дүние», – дейді.

Тұрардың өмірдегі үзеңгілес серіктері де осал болған жоқ, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфандияров, Нығмет Нұрмақов және тағысын тағылар. Әйгілі Мұхтар Әуезов екеуі сырлас болды.

Сол аумалы-төкпелі заманда ұлт үшін соңғы сағаты соққанша қазаққа қызмет еткен арыстар аз болған жоқ. Соның бірі – математика саласы бойынша профессор атағын алған тұңғыш қазақ Әлімхан Ермеков еді. Ол да «Алаш» идеясы, ұлт мұраты үшін он сегіз жыл өмірін қапаста өткізген тағдырлы тұлға. Кезінде Ленинге Каспий теңізінің солтүстік жағалауының Қазақ республикасына қайтарылуы тиімді екенін дәлелдеп берген, сөйтіп қазақ жерінің бір пұшпағы болса да осы елде қалуына бірден-бір себепші болған адам.

Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр болған Әлімхан 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына түсіп, оны 1912 жылы алтын медальмен тәмамдаған соң, Томск технология институтының тау-кен факультетіне қабылданады. Бұл жерде айта кетерлік жайт, Әлімхан аталған жоғары оқу орнына түскен тұңғыш қазақ студенті еді және оның ұлт жолындағы саяси арнаға алғаш араласуы да осы студенттік жылдарынан бастау алады.

Әлімхантану бағытындағы зерттеу жұмыстарының көш басында тұрған ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралинаның «Әлімхан Ермеков: тағдыр және заман» атты еңбегінде: «Әлімхан Ермеков жоғары интеллектуалды тұлға. Алаш ардагерлері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов оны Қазақ елі мен жерінің тағдыры шешілгелі тұрған жиынға кездейсоқ жібермеген. 29 жастағы жас Әлімхан Алаш Орда атынан барып, әртүрлі саяси топтардың өкілдерімен келіссөздер жүргізген. Ол Қазақ Орталық Атқару Комитетінің өкілетті уәкілі ретінде жауапкершілігі өте мол сын сәтте Мәскеуге барып, Лениннің алдында баяндама жасап, орталық аппараттың алдында Сибревком басшыларымен пікір таластырып, Ақмола облысын, Астрахань губерниялық атқару комитетінің құзырына қарап кеткелі тұрған Қазақстанның маңызды территорияларын, соның ішінде Каспийдің солтүстік жағалауының Қазақстан құрамында қалуын қадағалаған. Соның арқасында бүгінгі Астана жері, мұнайлы Батыс сақталып қалған» деп құнды пікірімен бөліскен. Осылайша қиын-қыстау кезеңде Әлімхан Ермеков Каспий теңізінің солтүстік жағалауын Астрахань губерниясының құзырынан алып Қазақстан жеріне қосу керектігін айтып ұсыныс жасайды. Оның бұл ұсынысына Астрахань губисполкмның төрағасы Брюханов қарсы шығады. Ә.Ермеков те өз пікірінен танбай: «Егер біз Каспий жолағын біздің республикамыздың жеріне қосуды ұсынсақ, ол сол аумақтың Қазақстан жеріне қаққан сынадай енуіне байланысты болып отыр және онда қазақтар тұрады, оларды ұйымдастыру бізге оңай, орталыққа балықты біз береміз» деп нақты жауап береді. Бұл да ұрпақ жадында ұмытылмауы тиіс ұлы шындық. Ал, Әлімхан Ермеков сол ұмытылмас ақиқаттың кейіпкері ретінде санамызға сіңуі қажет.

Сол секілді заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің небәрі 25 жасында Ташкентте оқып жүрген кезінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығында тыңнан түрен салатын баяндамасы да ұлт мүддесі жолында жанкешті ғұмыр кешкен тұлға тұрғысында айтылған тұғырлы шындық еді.

«Ахаңның елу жылдық юбилейі» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Алашорда қайраткерінің дара жолы, ғылыми еңбектері, ізденісі сөз болады. Қызыл саясаттың шекпенінде кетпей, Ахмет Байтұрсынұлының ұлтқа сіңірген өлшеусіз еңбегін тайға таңба басқандай ашып көрсетіп, жіліктеп береді.

Қалай десек те, заңғар жазушының «Ахаңның 50 жылдық юбилейі» атты мақаласы ахметтану ғылымында ең негізгі және ең басты дереккөз болып қала береді.

Міне, өткен ғасырдың басында Отанымыздың ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын Алтай мен Атырау арасындағы шексіз де шетсіз жеріміздің бүтінделіп, біріктірілуіне өлшеусіз еңбек сіңірген біртуар тұлғаларымыздың тағдыры осындай болған еді.

Олардың әрбірі Міржақып Дулатов айтқандай:

«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,

Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!»,– деп ғұмыр кешті.

Қазақ тарихындағы осы бір зұлматты саяси-қуғын сүргін дәуірімен есімдері қатар аталатын арыстар жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек», деп мәселенің нақты нүктесін қойды. Біздің де айтқымыз келгені осы. Алыстаған сайын аласармай, қайта өздері шерлі тағдырымен шекарасын шегендеп берген Ұлы Далада асқақтай беретін арыстар рухы ұмытылмауы керек!

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар