Жылқы жылында жамбылдық спортшылар Әлем, Азия біріншіліктерінен осынша медаль олжалапты
Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков жылқы жылында атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Өткен жыл жамбылдық спортшылар үшін табысқа толы болғаны анық...
– Елбасының тапсырмасына орай өңір тұрғындарының бұқаралық спортпен қамтылуы өткен жылға қарағанда 1,6 пайызға артыпты. Нәтижесінде, 23,3 пайызға жетіп отыр. Есепті жылы 2287 бұқаралық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 484 мыңнан астам адам қатысты. Өткен жылмен салыстырғанда, қатысушылардың да, іс-шаралардың да саны артқан. Аталмыш шаралардың ішінде ауыл жасөспірімдерінің спартакиадасы, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары, «Денсаулық» фестивалі секілді іс-шаралар өз жемісін берді. Ұлттық спорт түрлеріне де баса назар аударылып келеді. Атап айтсақ, ат спорты, қазақ күресі, асық ату сияқты спорт түрлерін дамыту қолға алынды. Аудандық спорт мектептерінде көкпар, саятшылық, асық ату секілді спорт түрлері жоспар бойынша дамуда. «Әулиеата» ат спорты клубының жастар командасы жеңістен-жеңіске жетті. Сонымен қатар, «Еуразия барысы», бильярдтан өткен әлем чемпионаты, бокстан ересектер арасындағы ел біріншілігі де «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткізілді. Мұндай байрақты бәсекелер спорттың кеңінен насихатталуына себеп болады. Бұқаралық спортты дамытуда Қордай, Шу, Тұрар Рысқұлов, Сарысу аудандары нұсқаушы әдіскер штаттарын ашты. Өзге аудандарда да осы бастамаға қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануына жағдай молынан жасалуда. Оған дәлел бүгінгі күні 307 нысанның жұмыс атқарып тұрғаны.
Жылқы жылы спорт саласының дамуы үшін 5,65 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылға қарағанда төрт пайызға артық. Қарастырылған қаражат есебінен материалдық-техникалық базаны жақсартуға қол жеткіздік, – деген Гамлет Төреханұлы өз баяндамасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен қамтылуы үшін атқарылып жатқан жұмыстарды, нәтижелерді де сөз етті. Облысымызда спорттың 42 түрі қамтылған болса, оның 21-і – олимпиадалық, 12-сі олимпиадалық емес, 8-і ұлттық спорт түрлері екен. Облыс спортшылары жылқы жылында Әлем, Азия біріншіліктерінде 128 медальға қол жеткізсе, оның 66-сы – алтын. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 28 алтын медальға көп. Әсіресе, дзюдошы Елдос Сметов, каратэші Гузалия Гафурова секілді саңлақтардың, зілтемірші Жасұлан Қыдырбаевтың жетістіктері жас спортшылар үшін үлгі болары сөзсіз. Ел біріншілігінде топ жарған боксшылар Олжас Сәттібаев, Алмас Жақыпов, Асланбек Шымбергенов өңір спортының мерейін асырды. Бір сөзбен айтқанда, салада даму бар. Әрмен қарай сол жұмыстарды лайықты жалғастыру қажет. Есепті жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Гамлет Қайнарбековке бұқаралық спортты ары қарай дамытуды, спортшыларды Рио олимпиадасына бүгіннен бастап мықтап дайындауды табыстады. Жарыссөзге шыққан «Айша бибі» су добы клубының директоры Алан Балфанбаев және өзгелер басқарма басшысының жұмысына ризашылығын білдіріп, үлкен жеңістерге бірге жететіндіктеріне сенімді екендіктерін жеткізді.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді