Айтулы жарыста атой салған жүректі жігіттеріміздің бірі – Мадияр Бексұлтанов. 80 килограмм салмақта өнер көрсеткен шулық ұлан бұл біріншілікте қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Алғашқы бапкері Нұрлан Топашевтай азаматтан тәлім алған ол білгенінен жаңылған жоқ. Шаршы алаңға шыққан сәтте-ақ спорттың бұл түрін бекер таңдамағанын дәлелдеген жерлесіміз халықаралық аренада намысты қолдан бермеді. Әбжіл әдістерімен қарсыластарынан айласын асырған оған өз салмағында ешкім тең келген жоқ. Осылайша, байрақты бәсекеде бабы келіскен Мадиярдың бағы жанды.
Атап өту керек, Бексұлтанов бұған дейін біраз сыннан сүрінбей өтіп, ел намысын абыроймен қорғай білген спортшы. Мәселен, ол екі жыл бұрын Иордания мемлекетінің Амман қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал, өткен жылы Сербияның Врбас қаласында кадеттер арасында өткен «6th JUNUOR NATIONS CUP» халықаралық турнирінде тұғыр биігіне көтеріліп, жанкүйерлерін шын қуантты. Әкесінің жөн сілтеуімен 9 жасында спорт үйірмесіне жазылған оның болашақта әлі талай биік белестерден көрінеді деген сенім мол. Мадиярдың ендігі арманы небәрі 20 жасында-ақ Олимп шыңын бағындырған марқұм Бекзат Саттарханов ағасының ерлігін қайталау.
– Менің таңдауым – бокс. Спортқа келіп, боксты таңдаған күннен бастап-ақ алдыма бірнеше мақсаттар қойдым. Шүкір, бокстың арқасында ата-бабамның аяғы тимеген шетелдерді көрдім. Әлемдік деңгейдегі шаршы алаңдарда мықты деген қарсыластармен жұдырықтастым. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға аянбай күш жұмсауға бекіндім. Қандай да бір байрақты бәсекеге шыққанда көк туымның көкке көтерілгенін көруге асығамын. Бала күнімде теледидардан олимпиаданы көріп, Қазақстан спортшысы жеңіске жетіп жатса, «алақайлап» қуанатын едік. Әнұран айтылып, көк туымыз көкте желбіресе ерекше толқимын. Спорт саласында Сидней Олимпиадасының чемпионы, жасындай жарқ еткен талантты боксшы Бекзат Саттархановты үлгі тұтамын. Небәрі 20 жасында қыршын кеткен ағамыз жеңіс тұғырына көтерілген 2000 жылда мен тіпті дүние есігін ашпаған да едім. Бекзат ағамыз І дәрежелі «Барыс» орденін алған тұңғыш спортшы ретінде де тарихта қалды. Ағамыздың жеңісті жолы бізге бұйырып, қазақтың арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұлдары көбейе берсін, – дейді Мадияр.
Елордада түндігі түрілген Азия чемпионатында Мадиярмен бірге Бекнұр Батырбек те өнер көрсеткен еді. 92 килограмм салмақта сынға түскен бұл спортшы оңай шағылар жаңғақ емес екенін дәлелдеп үлгерді. Нәтижесінде, айтулы бәсекеде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жақында Алға ауылдық округінде өткен жиында жергілікті жұртшылық қос ұлына шынайы алғыстарын білдіріп, құрмет көрсетті. Ал, бұған дейін меркілік ағайын Мадияр Бексұлтановқа ат мінгізіп, қошеметтеген еді. Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпаздарына 700, 400 және 200 АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді.
Шу ауданы
Есен ӨТЕУЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
«Jambyl qyzmet cup kuz – 2024» турнирі өтті
- 5 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді