Іс-шара Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналды. Әскери іс-шараға Жуалы, Байзақ, Жамбыл аудандарынан жоғары сынып оқушылары мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері келді. Әскери бөлім қонақтарын 5-механикаландырылған бригаданың командирі, подполковник Жаныбек Құранбеков қарсы алды. Ол бұл сапар мектеп оқушыларына әскери қызмет туралы жалпы түсінік беріп қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға деген қызығушылығын оятатынына сенім білдірді. Ал, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек осындай жиындар жастардың әскерге деген қызығушылығын арттырып, Отан қорғауға деген құштарлығын тудыратын ұшқынға айналатынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы үнемі жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге шақырады. Мектеп оқушылары мен әскери қызметкерлер арасындағы мұндай кездесулер жастардың бойында шынайы патриоттық сезім мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға септігін тигізеді. Біз биыл жүз жылдығын тойлап жатқан Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаев сияқты батыр тұлғалар өскелең ұрпаққа үлгі болуы керек, – деп атап өтті Аслан Тұрлыбек.
5-механикаландырылған бригаданың тәжірибелі мамандары әскери шеру алаңында қару-жарақ пен жауынгерлік техниканың көрмесін ұйымдастырды. Атқыштар мен доңғалақты әскери техниканың әрбір түрі жастардың назарына ұсынылды. Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз авиациялық жүйелерінің сарбаздарын даярлайтын оқу орталығының мамандары құрлық әскерлері қатарындағы әріптестерімен бірге жастарға жауынгерлік өмірдің қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрсетті. Олар мектеп оқушыларына Skylark-1Lex ұшқышсыз ұшатын аппаратын таныстырды. Іс-шараға қатысқан «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Найзабаев орталық пен әскери бөлімдер арасындағы ынтымақтастықтың келешегін айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті әскери кафедрасының меңгерушісі, полковник Сағат Мұқышев кафедраның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдермен ұзақ мерзімді ынтымақтастығы курсанттарды даярлау сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Әскери бөлімге бару маған және достарыма өте қатты ұнады. Біздің ауылда әскери бөлімдер жоқ, сондықтан да мен әскери қызметкерлерді сирек көремін. Осы жерде мен әскери қызметкерлермен және олардың командирлерімен сөйлестім, қару-жарақтың көптеген түрлерін, әскери киімдерді көрдім. Мені қызықтырған сұрақтарыма жауап алғаныма қуаныштымын. Әскерге шақырылатын уақытым келгенде мен міндетті түрде Отан алдындағы борышымды өтеуге қуана-қуана барамын, – дейді Шайқорық ауылы мектебінің оқушысы Әлішер Бақытбек.
Осылайша, «Жас қыран» акциясы балалардың әскери қызметке шын ықылас таныта алатынын көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді