«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті

«Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті
Ашық дереккөзі
Таразда Amanat партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтті. Сондай-ақ, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Қазақстан халық Ассамблеясы, Кәсіпкерлер қауымдастығы, облыс әкімдігінің білім, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет басқармалары атсалысқанын айта кеткен жөн.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов фестивальдің мақсаты – балалардың спорттық өнерін насихаттау арқылы денсаулықтарын жақсарту, дене шынықтыру жаттығуларымен өз бетінше шұғылдануға жағдай жасау, олардың арасындағы достықты нығайту екенін жеткізді.

– Бұл спорттық сайыс балалар үшін жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана. Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен инклюзия – қоғамды барлық адамдарға кедергісіз орта құру, барлық адамдарды өзара неғұрлым тең ету бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып жатқанын жақсы білесіздер. Amanat партиясы да Мемлекет басшысы реформаларының қоғамдық тірегі болып, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруда. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 527 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Amanat партиясы мен «Болашақ» қорының қолдауымен облыстағы мектептерде 8 инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар ашылды, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Айта кетейік, облыста «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» жұмыс жасайды. Қазіргі таңда аталған спорт клубында 16 спорт түрімен 355 адам қамтылған. Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың 3 мыңнан астамы немесе 8,7 пайызы дене шынықтыру және спортпен шұғылданумен қамтылған.

Жалпы, фестивальге Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 32 команда (96 бала) қатысып, инклюзиялық командалық жарыстың «Бочча», «Біз жеңімпаз боламыз!», «Жеңіл атлетика» түрлері бойынша сынға түсті. Тілге тиек ете кетерлігі, бүгінгі инклюзиялық спорт фестивалінің жеңімпаздары республикалық сында облыс намысын қорғайтын болады.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Ұқсас жаңалықтар