Барша қазақстандық оқушыларды биылғы оқу жылының аяқталуымен құттықтаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде алғаш рет қорытындылау сабағы жаңа форматта өткізіліп отырғанын айтты.
– Бұл бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, мұғалімдерге, мектеп ұжымына, ата-аналарымызға алғыс айтуға болатын таптырмас себеп. Өйткені, сіздердің еңбекпен алған білімдеріңіз Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі. Бүгін сіздермен бірге еліміздегі төрт миллионға жуық оқушы келесі сыныптарға ауысады. Бір жылда сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Осы оқу жылында біздің оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 95 күміс, 128 қола медаль бар. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз нәтижелеріңізбен мақтана аласыздар. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін.
Құрметті педагогтер, биылғы көктем, әсіресе батыс және солтүстік өңірлердегі әріптестерімізге ауыртпашылық ала келді. 26 мыңнан астам білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы күресте алдыңғы қатарда болды. Қиындықтарға мойынсұнбай, балаларымызды оқытуды жалғастырдыңыздар, мектептерді құтқарып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеттіңіздер және ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ұстаздық кәсіпке адалдықтарыңыз үшін ең шынайы ризашылығымды білдіремін.
Құрметті түлектер, сіздер өмірдің жаңа, жауапты кезеңіне аяқ басқалы тұрсыздар және бұл сіздер үшін ғана емес, бәріміз үшін – ата-аналар, мұғалімдер, тәлімгерлер үшін де жан тебірентер сәт. Биыл 186 мың мектеп түлегі аттестат алса, 150 мыңнан астам колледж бітіруші диплом иеленіп, толыққанды маман болады. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін. Сіздерге ақ жол тілеймін! – деді Ғани Бектайұлы.
Көппен бірге осы күні тәрбие сағатын әр сыныбы түрлі форматта өткізген Тараз қаласындағы №30 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында заман талабына сай білім алу арқылы танымдық көзқарасын, ой-өрісін, дүние-танымын кеңейтіп, іскерлік қасиеттерін дамыту мақсат етілді.
– Бүгін мектебімізде биылғы оқу жылының соңғы сабағын әр сынып өз мұғалімдерімен бірге тәрбие сағатымен өткізді. Оқушылар өз сыныптарында бір жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы есебінде креативті формада әртүрлі бейнематериалдар дайындады. Мысалы, 10 «А»сыныбы бір жыл бойы балалар қандай жетістіктерге жетті, қалай оқыды, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қанша кітап оқыды, осының бәрін көрсеткен. Сонымен қатар, сынып жетекшісімен бірге тарихи жерлерді аралаған сәттерінен түсірген бейнематериалдарын, ата-аналар жиналысында нендей мәселелерді талқылады, оқушылардың олимпиадаларға қатысқан сәттерін бейнетүсіріліммен назарға ұсынды. Жылда мектептің ауласына экожоба жүргіземіз, онда балалар тал, гүл, шырша ағаштарын отырғызады. Кейбірінің атаулы ағаштары бар. Олар өз ағаштарын жеке күтеді. Осының бәрі бүгінгі тәрбие сағатында көрсетілді. Ал, 10 «Ә» сыныбының жетекшісі әр оқушының жеке қабілетіне қарай түрлі аталыммен медальдар дайындап, марапаттады. Барлық сыныптарда осындай ерекшелікпен ұйымдастырылды. Бұл балалардың келесі оқу жылында белсенді болуына мотивация береді. Сынып жетекшілеріміз жазғы демалысқа жіберіп жатқан оқушыларына балалар оқуға болатын әдеби кітаптардың тізімін жасап, соларды оқуды тапсырып жатыр. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі дайындаған «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» тақырыбындағы GUIDEBOOK берді, соны барлық оқушыларымызға түрлі түсті етіп шығарып, бүгін таратамыз. Ол гайдбукта ата-ананы құрметтеу, бос уақытын пайдалы ұйымдастыру, жазда немен айналысу керегі, қандай кітаптар оқып, қандай кинофильмдер көруге болатыны, қауіпті жерлерде шомылмау, саяхатқа шыққанда неден сақтану керегі, табиғат аясында өзін қалай ұстауы тиістігі жазылған, – деді мектеп-гимназияның директоры Рахия Есеева.
Рахия Райқұлқызының айтуынша, биылғы оқу жылын бұл мектеп 1850 оқушымен аяқтап отыр. Оның ішінде 46 оқушы биыл мектепті тәмамдап, мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. Ал, олардың ішінде 1 Алтын белгіге және 1 Үздік аттестатқа үміткер бар.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді