Біздің ауылдың бүгінгі әңгімелері

Біздің ауылдың бүгінгі әңгімелері
Ашық дереккөз
Уақыт қандай тез өтеді. Өмір деген осы. Ауылда өскен басқа да достарым секілді мектепте білім нәрімен сусындатып, алтын уақытын аямай оқытқан мұғалім ағайлар мен әпкейлерімді ешқашан ұмытқан емеспін.

ТАҢСӘРІДЕ КІТАП ОҚЫ...

Әуелі Әліппе үйреткен Шәкизада әпкей Юсуповадан кейін оныншы сыныпты тәмамдағанша жетекші болған Мұхтар ағай Бабахановқа дейінгі аралықта пән мұғалімдерінің жылы жүзі де, дауысы да көз алдымда жарқырап, әлі күнге дейін жаңғырып тұр.

Ұшқан ұямен қоштасатын 1974 жыл еді. Үлкен өмірге үмітпен қадам басқан шақ еді. Жас түлектер мәртебесімен жүрек толқытқан шуақты, сәулелі күн сірә, естен шыға ма?

Содан бері елу жыл болды. Бір атаның балалары жан-жаққа тарап, мың жылдық жолаушыдай жол үстінде жүрген секілді.

Аз уақыт емес, әрине. Көп те емес. Кешегі бозбала бүгіндері ақ сақалды ата болды, бойжеткен қыздар немере-шөбере сүйген әже болды. Құдайдың берген жасын жасап келеді. Тағдырдың пешенеңе жазғаны бар дегендей.

Біздің құрдастар ғана ма, жыл сайын мектеп бітірушілердің соңғы қоңырауы соғылар мезетте әркім-ақ қопаңдап, жұлдызды күндер қайта оралатындай елеңдеп қалатыны рас, мұндай ұмытылмас жылдар белестері туралы айтқанда, ең әуелі аяулы ұстаздарымыз ойға оралады.

Таяуда ғана түу сонау Қызылжар-Петропавл қаласынан байырғы педагог Зиякүл Тасыбаева әпкей телефон соқты.

«Айналайын, аман ба?» – деген даусынан жазбай таныдым.

– Әпкей...

– Иә, менмін ғой.

– Қарақтарым, сендердің де мектеп бітіргендеріңе 50 жыл болып қалыпты ғой.

– Солай...

– Өткеніме қараймын да қайран қаламын, оттай ыстық жүректеріңе нұр құйған күндерімді мен де сағынамын, – дейді әпкей. – Сендердің үлкен азамат болғандарыңды сырттай естіп, көріп, әрдайым қуанып жүремін...

Мұғалім әпкей. Сананы селк еткізді. Жадыны жаңғыртты.

Задында зерек әрі шын жанашыр Зиякүл әпкей Алматыдан жоғары оқу орнын тәмамдап келген жап-жас мұғалім болатын. Мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін Шәрипа Есетова мен Несіпбек Шардарбеков секілді атақты мұғалімдердің әріптес ізбасары болып абыройлы жолын қуды.

Заманымыз бір болды әрі жас айырмашылығы пәлендей алшақ еместігі де себеп шығар, жас мұғалім жоғары сынып оқушыларының жақын сырласындай жүрді. Алғаш келген сағатта кешегі студент әпкейдің «Мен ешкімге «екілік» деген баға қоймаймын!» деп өз шартын жүрексінбей айтқанда есімізден тана таңғалғанбыз. Әсіресе, соңғы партада отырғанды ұнататын бірді-екілі ересектеу достарымыз мұғалімнің бұл жылы сөзін бірден құп алғандай қуанып, қозғалақтап қалды.

Жаңалық па, жаңалық. Тосын ба, тосын...

– Негізі, балалар, «екі» деген баға алу ұят болады, сол себепті үлгерімі төмен болса, ондай оқушылармен қосымша сабақ өткізіп, үйретемін, – деген сырлы үнді әпкейдің методикасы мен педагогикалық тәсілі таптырмайтын талап болып шыға келді. Несін айтасыз, біздің сыныпта нашар баға алған ешкім болмаған екен.

Ризасыз ба?

Риза болмағанда...тек ақылды, көркем әпкей кейінірек өзі сүйіп өскен оңтүстіктен арман жолы шақырған солтүстік өңірге қоныс аударған. Қайда жүрсе де мейірбан кісі алғашқы шәкірттерінің барлығын болмаса да біразын сұрастырып жүруге де уақыт табады.

Ал, шешендік өнерге шебер, әлем әдебиетінен мағлұматы телегей-теңіз Несіпбек ағай апта ішінде әдебиет сабағы қанша рет өтсе, соншама не еркін тақырыпқа шығарма, не мазмұндама жаздырып «қинайтын», қатал мінезді Шәрипа әпкей сөз өнерінің тылсым сырларын өлең-жыр жаттату арқылы үйретіп тыным таптырмайтынын қазір ойлап отырсам, өз кәсібіне адал, шынайы беріліп қызмет еткен ұстаздарға деген құрметіміз шексіз жалғаса беретін секілді.

Әсіресе, жаяу жүргенінің өзі желаяқтардың жүгіргенімен бірдей Несіпбек ағайдың «Ұйқыңнан ерте оянып, таңсәріде кітап оқысаң, зейінің ашылады» деген сөзі құлағымнан еш кетпейді. Мұғалім ағайдың айтқанын мүлтіксіз дұрыс қабылдайтын кез ғой.

Таң азаннан жарысып оқулық кітап тапсырмаларын қайталап оқитын едік. Шынында да солай ұққанымыз өзін-өзі ақтады.

Біз ұшқан білім ұясында Әдебиет аудиториясы шын мәнінде мазмұнды және ғибратты болатын. Ерекше есімде қалған дүние: «Туған жер. Менің ауылым» деген тақырыпта шығарма жазудың әртүрлі форматы үйретіліп, көркемдіктің деңгейінде талқылау өте тартымды болатын. Мысалы, кезінде үздік оқушы Күлия Ағыбаева, Сағат Мырзашев немесе Болат Жаппаров секілді ауылдас жастардың «мұра» болып сақталған шығармалары үлгі етіліп, сөз болатын. Ел мен жер атаулары жөнінде өткізілетін қызу пікірталастың нәтижесінде талай аңыз әңгімелер мен мағлұматты естіп, таңырқап әрі рахаттанып қайтатынбыз. Сол ескі дәптерлер мектеп архивінде сақталды ма екен, деп кейде соны ойлап қоямын. Көңілде қалған жәдігерлерді мектептерде сақтап, білім құндылықтары ретінде қарастыру немесе музей ашу жағы несіне жасырайық, бізде кемшін дүние.

Белгілі әдебиетші ғалым, профессор Жаңғара Дәдебаевтың Әулиеата өңіріндегі жер атаулары туралы аңыздар кітабына енген талай-талай деректерді құртақандай кезімізде әке-шешелеріміздің, көнекөз қариялардың аузынан естіп, құлағымызға құйып алғанбыз.

Айталық, Талас өзенінің сағасындағы бұйрат-бұйрат құмдауыт дала қыратында тұрған «Төрт ақын» мазаратының тарихы мен ақиқаты жұртты таңғалдырмай қоймайды. Сонда төрт ақын деген кімдер? Олар ХІХ ғасырда өмір сүрген, бір-бір рулы елдің төрбасы болған ел ардақтылары Тоқберген датқа, Байсалбай, Кенбай және Момын ақын деген кісілер.

Бұл жайында ауыз әдебиетінің өкілі, жыршы-термеші Төреқожа Ханқожаұлы алғаш мәлімет беріп, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтың зерттеулеріне жол сілтеген еді.

Менің еркін тақырыпқа сегізінші сыныпта жазған «4-ші ферма» деген шағын шығарма өзімде сақталып қалғанына әлі күнге дейін ұқыптылық сипатында таңмын. Тақырыбы қатып кеткен-ау. Кеңшарға қарайтын төрт ферманың бірін кәдімгідей айта қаларлықтай елді мекен деп мақтан еткенім соншалықты, ферма меңгерушісі Асылхан Мырзатовтың Алматыда жоғары оқу орнын оқып жүргенінде қазақ күресі бойынша республика біріншілігінде аса ауыр салмақта (120 килограмм) жеңімпаз атанған бозкілем палуаны болғанын, әдебиет пен қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім Несіпбек Шардарбековтің өз күшімен саз балшықтан кірпіш құйып, оны қиюын келтіріп қалап, сосын күйдіріп, қызыл кірпіштен су жаңа там – сәулетті тұрғын үй салғанын жазғанмын ғой. Бір-екі ай бойы сексеуіл отын жаққан кірпіш зауыты секілді көк түтінін будақтатып жатты деп. Жаңалық па, жаңалық!

Көрші бірінші фермада тұратын механизатор ағай Сейітбай Дәулеткелдиевтің 1970 жылдары лотерея ойынынан «Москвич» жеңіл автокөлігін ұтып алып, айды аспанға шығарғанынан артық оқиға болмаған еді. Біздің ферманың шағын дүкенінен шөл басатын ба, басқа сусынның ба, көгілдір бір бөтелкесін сатып алған ағайға сатушы майда тиынның орнына 30 тиындық бір лотереяны бергенде тұтынушы «әй, бұны не істеймін, тиынмен қайтар деп» қиғылық салған көрінеді. Сол лотерея ойынының арқасында жоққа жүйрік жетпейді, бұйырған кетпейді, аяқ астынан ірі ұтысқа ие болған жәкемнің шынжыр табанды трактордан кейін кешкілік кербез автокөлігіне мініп алып, кеңшар клубына қарай жүйткіп, зулап кетіп бара жатқанын көрген ауылдастары алыстан да, жақыннан да қызығып қарайтын болған. Кең байтақ елімізге миллион-миллион данамен тарап сатылатын лотереяның Түгіскенге келген бөлігі сауда орындарына түскен бойда сатылып кетіп отырған. Жарнама төркіні қайда жатыр, сезіп отырған боларсыз. Ақырында біздің ауылдың еңбекқор тағы бір адамы, жәкем Шырынхан Таукешов лотереядан «Запорожец» жеңіл автокөлігін ұтып алды. Өзі кішкентай мәшине болса да моторының гүрілі ана таудай «К-700» тракторыңнан бір кем емес өзі.

Түгіскенге көктен сәттілік құсы қонғандай ұтыс көбейді.

Мұнда қандай сыр бар?

Бал ашып біле алмайсың-ау. Бір бума лотерея сатып алып (100 дана), үміттеніп, түн ұйқысы қашып, құмалақ салып бал аштырғандарға бұйырмаған ұтыс бір ғана лотереяның иесіне кеткені бір қырсық жұмбақ, оны олжалы сәттілік деуге келіңкірейді енді.

Кім кімнен кем? Атақ-даңқы дүрілдеген еңбек озаттары о заманда да дара. Табан ақы, маңдай терімен тіршілік еткен адамдардың табысы да тәуір. Екінің бірінің қолы жете бермейтін сұлу «Волга-21» жеңіл автокөлігін Ленин орденді шопан, жәкем Назымбек Дүйсенов одан да бұрын сатып алады. Дүние-мүлік біткен есепті кезде сылаң қаққан бұл еншілес мәшинені ең кемі ауданның бірінші басшысы ғана мінуге құқылы. Немесе бай кеңшар мен ұжымшар өкіметтен сыйға алуы мүмкін. Сол жағдай орнады. Ілесіп оған ауылымызға тағы бір «Волга» келді. Бұл таң-тамаша жетістіктің бағасын сол дәуірде өмір сүргендер әділ бағалай алады. Тосын емес, лайықты сый еліміз бойынша «Түгіскен» кеңшар ұжымының басшысына қаракөл қойын өсіруде ерекше көзге түскен адал еңбегіне берілген болатын. Несін айтасыз, Жаратқан ием бергенге береді дегендей, Назымбек жәкемнің лотереядан «Москвич» мәшинесін ұтып алғаны да бар. Сонымен біздің ауылда аз уақыт ішінде үш адам бар болғаны 30-ақ тиын тұратын лотерея ойынынан 3 жеңіл автокөлік ұтып алған-ды.

Күндердің күнінде ауылға «Жигули» де жетті.

Басқа ауылдарда қандай екенін білмеймін, ал біздің ауылдың марғасқа азаматтарының сол заманда ең соңғы үлгідегі жеңіл автокөлікті сатып алмайынша дамыл таппай жүретін әдеті бар болатын.

Қазір бұл жаңалықтар жас ұрпаққа біртүрлі қызықты естілуі мүмкін. Бірақ, өткен шат-шадыман кезеңді сол қалпында қабылдаған абзал.

Адамдардың жай-күйі қоғамның даму деңгейін көрсетеді.

Жақсы жолы бар, қоғамдық белсенділігі мол азаматтардың берекелі тірлігіне сүйсінесің.

Адам өмірде адал еңбегімен сыйлы, қоғамда саналы шәкірттерімен, іздеушісі жоғалмаған ұрпақтарымен бақытты екені рас болса, біз үшін Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы «Түгіскен» орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызметін абыроймен атқарған ағайлар мен әпкейлер де бақытты да құрметті жандар болып қалады.

Білім байлығынан асқан, қадірлі не бар?!

Байырғы мектептің қадірлі тарихында және өрелі жас ұрпақ тәрбиелеу ісінде өшпес із қалдырған сондай-ақ Әбдірәлі Күлембаев, Әуесхан Шәуенов, Күмісбек Егізбаев, Шекербек Мәлденов, Кеңесбек Жаңабаев, Саттар Жаппаров, Мәдіғұл Қошмағамбетов, Әйтай Әбдірәсілов, Әбдуайт Қалмаханов, Еген Садықов, Әбетбек Рысжанов, Үршай Андақұлова, Сағат Садықова, Манап Ермашев және басқа да абзал жандарға мың алғыс!

Бүгінгі алғыр ізбасарларыңыз – жаңа толқын сіздер туралы жүректен шыққан сөздерін айтатын болады.

БЕКПЕНБЕТ АТА ЕККЕН ТАЛ

Бұл – біздің ауыл. Алтын бесік. Түгіскен төрі.

Ертеден бұл атақоныс Бекпенбет қарияның есімімен аталады.

Ел аузында қалған ескі әңгіме бүгінгінің де шындығы.

Бағбан ата мыңғыртып мүйізді ірі қара малын баға жүріп Талас өзені сағасында тал егуді де тіршілік көзінің көркі еткен. Содан барып бұл тоғайлы маң дала «Бекпенбет талы» аталады.

Ел-жұртына қамқор жанның ел басына ауыртпалық әкелген түрлі қиындықтарда адамдарға қарайласатын ерік-жігері және ынтасымен өз жақсылықтарын жасайды. Қазақ халқы 1920-1930 жылдары таптық тартыс, төңкеріс, атыс-шабыс пен кеңестік өкіметтің солақай саясатының кесір-кесепатынан аштыққа, үркіншілікке ұшырағанда Бекпенбет жарықтық қарауындағы 500 шақты мүйізді ірі қарасын бай-кедей демей, жоқшылықтың ауыр зардабын шеккен әрбір қазақ ағайынға бөліп беріп, бір уыс бидай не бір үзім нан таппай жаппай қырылудан аман алып қалған екен.

Сонда жұрт кімге қарыз?!

Елім деген ер осындай болмас па? Атақ-даңқ дәметпек түгілі өз ісін өмірінде пұлдап көрмеген, пайда іздемеген парасатты атамыздың парқын тереңінен түсіне алдық па?

Бұл енді мәңгі адамгершілікке сын сұрақ.

Бір көше емес, бір ауылдың атын беруге лайықты адам Бекпенбет ата болмағанда кім болады? Артында қалған ұрпақтары – бір атадан тараған, ошағынан қазаны түспеген ағайындары не ойлады екен?

Сөйтсек, ресми қағазбен реттелмесе, жақсылық жасаған жан да өз ісінің рәтін көре алмайтын репетсіз мәселе кедергі келтірді-мыс, дейді атқамінерлер түрлі деңгейде.

Бірақ, жұрттың санасынан сызып тастай алмайтын, періште адамдар жүрегінде мәңгі сақтайтын есім – Бекпенбет ата еккен тал-теректер мен ағаштардың тамыры тереңде жатыр. Саялы бау-бақша секілді ізгілікті қасиеттер де гүлдей береді. Туған еліне жасаған жақсылығының мәні болса, арада жылдар өткен сайын құнды бола түсетініне шүбәсіз сенеміз.

Сөйтіп «Бекпенбет талы» аталған маңда жаңа кеңшар орталығы пайда болды. Үкімет қаулысымен 1945 жылдың 8 мамыр күні ресми түрде бекітіп, содан бері келе жатқан «Түгіскен» атауы енді «Тоғызкент» деп өзгертілген. Комсомол селолық кеңесі деген атқару органы да болған.

Себебі, Түгіскен деген...Арқа жақта, Сыр өңірінде осындай ауылдар бар екені себеп емес, ұқсастық аз ба, әйтеуір өткенге сын көзбен қарайтын уақытта ойға оралғандай ма, әлгі атаудың орысша жазылған нұсқасы әуелгі құжатта « Тогускентский» деп қағазға түскен. Демек, бұл біздіңше «Тоғызкент» болуы керек. Әне, бір ендікте Құмкент, Саудакент жатыр. Кілең «кент». Тоғыз ежелгі қалашықтың («Бекпенбет тоғайы» маңайы) тоғысқан тараптарын әйгілейтін осы атаудың болуы қай жағынан да қисынды деп түсіндіреді ономастика білгірлері. Тоғыз деген сан жеті саны секілді киелі деген ұғым... Ежелгі Үшаралдан отау алып шыққан жаңа кеңшарды қалай атаймыз деп талқыға салмай-ақ, құм қойнауына сұғынып жатқан шөлейт далада Ақкесене мен Көккесене, кең алқапқа жайылған Талас өзені мен Аса өзені орап ағып, тоғысатын табиғи жерлердің аумағын «Түгіскен»кеңшары деп атаған. Неге Түгіскен деген? Біз осы шаруашылықтың құрылғанына 50 жыл толуына байланысты деректі кітап жазған кезде де архивтік құжаттарды сүзгіден өткізіп қарадық, сол уақытта Мәскеуде «Қаракөл қой шаруашылығы» өндірістік бірлестігін басқарған Мұса(Мусиф) Мұқановпен де кездесіп, анық-қанығын сұрасқанымызда ол кісі «Бұл атауды жергілікті атқару органдары ұсынған болуы керек» деп алыста сағым болып қалған жылдардың елесін сағынышпен еске алып, әңгімелеп берген болатын.

Ескі мен жаңаның ауысуы ма, қалай өзі? Қалай болғанда да біздің арғы-бергі ұрпаққа Түгіскен дегені жүрекке тым ыстық әрі қымбат. Түгі өскен, сулы-нулы жер болған. Жыңғылы мен жидесі, шеңгелі мен теріскені жайқалған. Табиғи суы түгесілмейтін Манас қойнауында жолбарыс жортқан екен деседі. Солай болса болған шығар, кім біледі? Қай жылы еді, 1999 жылы осы ауылдың ақберен азаматы Жәнібек Ағыбаев аң аулап жүріп, Ақсай даласынан жолбарыс тұқымдас аңды ойда жоқта кездестіреді. Өзіне қарсы шапқан аңды аңшы жігіт қорғаныс мақсатында айдалада атып алады. Бұл хайуанаттар әлемінің жыртқышы Ақсайдың тұзды даласында неғып жүр, ол қайдан келді? Түсіңе де кірмейді. Аңшылар қоғамы да іздестіріп нақты жауабын таппады-ау деймін...

Бұл біздің ауылдың таңғажайыптарының бірі ғана.

Алпысыншы-жетпісінші жылдары Түгіскен жерінде, Аса мен Астаукөл, Қарағұл мен Майлыкөл алажаздай суға лықа толып жатады, айдында тайдай тулаған балықтарын шанышқымен түйреп алып ұстайтын едік, дегенімізге бүгінгінің озық технологиясын ұршықша игерген интернет балалары кәдімгі ертегідей сезінетінін теріске шығара алмаймыз.

Бұл неғылған тегін дүние, ә?! Ал, енді...

«Біз де бала болғанбыз!» деп қайырсам ше. Оған сенеді, әрине.

Сен, аға ұрпақ болмаса, қайдан келдің?

Заман өзгерді де кетті.

Ауылға сағынып, бірақ бәріміз асығып барамыз.

– Тәте, сіздер оқыған мектеп қандай еді? – деп сұрайды Әбдір ағамның тұңғышы Нұржан әңгіме желісін таратқысы келіп.

– Біз оқыған мектеп жақсы болатын. Еңселі еді. Төбесі шифрмен жабылған, – деймін жайбарақат. – Малшылардың балалары интернатта жатып оқитын. Ал, мұғалім ағай-әпкейлеріміз ауылдың ең қадірлі, сыйлы және абзал жандары болды. Бұл сөзіме ден қойған інім маған мейірлене қарады.

Разы көңілдің астарына үңілген кейпінен «сіздердің уақытта солай болған» деген сөз тұрғанын сездім.

– Бай тарихы бар мектепте әдемі музей болу керек емес пе? – деймін.

– Бар ғой, тәте!..

– Аты бар, алайда мазмұны жұқалтаң...киелі Бекпенбет атамыз туралы бірде-бір сөз жоқ, жәдігер де. Ұят емес пе? Тәп-тәуір музейді жасауға білікті басшы, ұйымдастыра білетін ұйытқы керек, мәдени көзқарас та әділетті қоғамның бір бөлшегі.

Біздің ауылдан түлеп ұшқан зиялы жандардың алдыңғы қатарында ел аузына іліккен Ыстыбек Зәуірбеков, Шәріпбек Шәйдікәрімов, Құралбек Құлажанов, Әбді Шынбатыров, Сейсенбек Мұстафаев, Әбдіманап Көпбергенов, Ералы Әбілезов, Исатай Сәрсенов, Болат Мәуленов, Мыңжасар Өткелбаев, Сағат Мырзашев, Болат Жаппаров, Қайрат Жораев және басқа да ғалым-оқымысты кісілердің жазбасында Түгіскен тарихы әр қиырынан тәпсі иіргендей әдемі әңгімеленеді.

Біз алтын ұяға балаған, он жыл бойы оқыған «Түгіскен» орта мектебінің түпкі іргетасы қаланғанына 80 жыл белесі болып қалыпты. Бұл аз уақыт емес, әрине, өзіндік жақсы дәстүрлері қалыптасқан, бала оқыту сапасы мен тәрбиелеу деңгейі жоғары көрсеткіштерімен әйгілі білім ордасына қашанда мақтаныш етеміз. Біздің әке-шешелеріміз өз қолымен тұрғызған мектеп сол әуелгі атауымен елімізге кеңінен мәлім. Тұғыры танымал. Керекті дерек: Қазақтың қиян түкпірдегі ауылынан, қарапайым мектебінен түу сонау Мәскеуде өткен Бүкілодақтық мұғалімдердің 5-ші құрылтайына делегат болып қатысқан санаулы қазақстандық мұғалімдердің бірі Әбдіғазит Жылқайдаровтың абырой-беделінің өзі Түгіскен мектебін аспандатып тұрған жоқ па? Біз дүниеге келген жылы «Түгіскен» орта мектебіне директор болып, содан үзіліссіз 23 жыл директор қызметін атқарған Әбдіғазит Жылқайдаров елдің білім саласын дамытуға сіңірген ерен еңбегі үшін КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атағын алды.

Қазір қарап отырсақ, майдангер кісінің саналы ғұмыры мектеп өмірімен біте қайнасты. Артында мыңдаған шәкірті бар аса абыройлы кісінің бір өзі бір ауылдың ар-ұяты болып тұратын заман еді ғой. Ересек жандардың өзі сескеніп, жол беріп, шынайы сыйластық жарасқан уақытта айтылар естеліктің бірі...

Алтыншы сыныптың оқушысымын. « Қазақстан пионері» газетіне мақала жазып жүремін. Аудандық «Октябрь таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі» деген және атағым бар. Жарияланған мақалаларыма аудандық газеттен аздап қаламақы келіп тұрады. Неше сом болғанда, Майлыкөлден екі шақырым жердегі кеңшар орталығындағы мектепке бірде автобус, көбінесе жаяу келіп, кететін «төртінші ферма балалары» Досан Шардарбеков, Сайлау Ыдырысов, ағайынды Өмірбек пен Жұман Күзембаев, Дүйсенбай Жұмабаев, Дүйсен Сыпабеков, Жұмабай Сыздықов, ағайынды Ниятулла және Ром Құрманқұлов бәріміз Ақбөпе апамыз бен Мырзаш жәкемнің азық-түлік дүкенінен лимонад, печенье, вафли секілді тәтті тағамдар сатып алып жеп, бір тойлап қарық болатын едік. Сөйтіп, алтыншы сынып оқушысы «өз шығармашылық еңбегіне» әжептәуір нәпақа табатыны бір қызыққа айналды.

Ең бір ғажабы бұл емес, қадірменді ұстаз Әбдіғазит ағайдың мектеп бітіргелі отырған әрбір түлектің оқуы мен тәрбиесіне, қарым-қабілетіне байланысты өз ойын тұжырымдап айтуының кейін арада жылдар өте келе соншалықты дәлме-дәл келетіні осы уақытқа шейін қайран қалдырады. Ешкімнің көңіліне тиетін сөзі жоқ, бірақ бағыт-бағдарды анық шамалайды. Келешектерін көктей шолып, өз ойымен алысқа көз жібереді білем. Маған да арнап айтқан әулиелі лебізі сол күйінде көңіл демеп, қанаттандырып келеді. Көз майын тауысып оқытқан шәкірттерінің үмітін ақтағанын сезіну де бақыт болар, сірә.

Күні оңынан туып, аспандағы жұлдыздары жарқыраған 1974 жылдың шыжыған ыстық күнінде мектеп бітірушілердің салтанатында үздік аттестатты қазақ әдебиеті әлемінде «Кербала» повесімен атақ-даңқы жаңадан дүрілдеп шыға бастаған жазушы, журналист Жеңіс Шыныбековтың қолынан алудың орайлас келуіне таңғалғанымыз рас. Жас тілшілердің ұстаханасы – Сарысу аудандық газет редакциясында жазған-сызғаныңды түзеп, сөз бен тілдің мәйегін үйреткен қаламгердің біздің ауылға арнайы келгені қазір ойлап тұрсам, нағыз жанашырдың қадамы екен ғой. Қимастықпен жүрек тебіренткен сол бір сәтте директор ағайдың қолымды алып, маңдайымнан сүйген қалпында «Қарағым, жұғысты болсын!» деп жылы лебіз айтуынан көп жайтты ұққандай болғанмын.

Ал, журналистикада Жеңіс аға секілді талантты қаламгерлердің жолын қуып, ұлттық баспасөздің қара қазанында бір кісідей қайнадық. Жақсы адамдардың жолы жұғысты болған секілді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың қолы қойылып берген мінездемесімен оқуға барғанымды мақтан етемін.

Алыста қалған сағынышты 1974 жылы мектеп бітіруші 67 түлегі үшін айдыннан қатар ұшқан құстай болған сол бір шуақты кезеңнің қандай қимастықпен еске түсетінін жеткізу де қызықты көрінеді.

Ұшқан ұя, тауық жылы туғандар.

Менің сергек құрдасым Серік Маширов «Біз 1957 жылы тұңғыш рет жасанды спутник ұшқан кезде дүниеге келіппіз» десе, қағылез жан, бала досым Қали Омаров өзінің кітапқұмарлығын дәйектеп «Біз туған жылы Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» кітабы жарыққа шыққан екен» деп ұмытылмайтын дүниелерді түгендеп жүреді. Екеуі де бала оқытқан педагогтер емес пе, көп нәрсеге ықтиятты. Тай-құлындай тебісіп ойнап, бір партада қатар отырып оқып, бірге қатар өскен достары үшін қашанда жүрегі от боп жанатын Жоламан Рахметовтың балалық шақтағы сәулелі күндерді күні кешегідей сипаттап, ағыл-тегіл сыр ағытатын мінезіне сай аңқылдап жететін сәттері жалт етті де ғайып болғандай-ау.

Сыныптастар, кімдер, қайда жүр, олардың артында қалған ізі мен жоғалмас ұрпақтарын іздеп жүретін абзал жан еді...

Бірнеше жыл бұрын Серік пен Жоламанның, Ыбырахым Ромның ұйытқы болуымен өзіміз оқыған мектеп тарихында тұңғыш рет сыныптастар жайында кітап шығардық.

Бұл, біздіңше, көңілдегі кіршіксіз ой-толғамдарды, өмір тағылымдарын ақ қағазға түсіріп, тасқа басу өміршең дүние, жақсы бастама болды.

Әрбір сөзін әбден пісіріп, баптап айтатын Әбдіғазит ағайдың «Арқаң терлеп жұмыс істемесең, жақсылығы мол игілікке қалай қол жеткізесің?» деген бір сөзі бар еді. Бала кезде оның түбіріне түсіне алдық па, қайдам, есейіп, ержеткенде ақылды сөздің көптің көңілін баулап алғаны анық. Айтқаны ел аузында жүр.

Бағбан ұстаздардың тәрбиелі ұлағаты мен сауапты істері ешқашан ұмытылмақ емес.

Аты аңызға айналған Бекпенбет атамыз еккен талдар кезінде ағайын жұртына сая болды. Тамыр тартып, өсіп, өнді.

ТАЛАС ӨЗЕНІМЕН ӨРІЛГЕН

Біздің ауылды сұрасаң, неше мың жыл өтсе тарих білген өлке Талас жақта дедік.

Иә, «Талас» деп аталатын біраз жер бар, пойыз тоқтайтын станса да бар.

Бірнеше елді мекен де кездеседі, ұшар басынан қар кетпейтін Хантәңірі етегінде де Талас деп аталатын шағын ауылды көрдім.

Алысқа бармай-ақ қоялық, Тараз шаһарының әулиелі Тектұрмас жағынан көкмайса Сарыкемерге дейін толқын-толқын болып жөңкіліп ағатын қасиетті өзен бойында да Талас ауылы қанат жайған.

Айтулы жазушы Арғынбай Бекбосын өзінің көркем шығармаларында тарихи жер-су атауларын осы Байзақ өңірімен астастырып суреттеп, жазады. Ал, атақты тарихшы-ғалым Талас Омарбековтың есімі киелі өзен атауымен ырымдап қойғаны айтпаса да түсінікті.

Бағзы заманнан мөп-мөлдір суымен өмір ағысын тоқтатпаған Талас өзенін ешкім меншіктей алмас, әйтсе де сұлу табиғатын, нәрлі топырағын, жасыл желегін, тал-дарағын мақтаныш етіп, алтын бесік – туған өлкесін өлең-жырға қосып, тебіренбеуі мүмкін емес. Бұл жағынан аумақтық өлшеммен алып қарағанда қазіргі Талас ауданы өмірінде айрықша әйгілі, тіптен ерекше өрнектелген өлке. Екінің бірінің тағдырына бұйыра қоймаған, маңдайына жазылмаған «Ақын-жазушылар елі» деген атаққа ие болған хас таланттардың атамекені осы жер, дәл осы жұрт. Әріге көз жіберсе, көмейінде шешендік өнердің киесі бүлкілдеген Бөлтірік шешен мен таңдайында өлеңнің ұясы бар делінген Ұлбике ақынның бүгінгі керуен көші ұзаған сайын ұрпақтары да өсіп, өркенді дәурені мен ғұмыры ұзақ өнері дәйім өрісті болар.

Таулардың атасы Алатау-Тәңіртау болса, сол таудың мұздағынан бастау алатын, Қазақстан бөлігіндегі 453 шақырымға созылған Талас өзенінің төменгі сағасында байырғы қоныс және жаңа ауылдар бар. Киелі өзен жағалауындағы адам өмірі мен қоғам тіршілігінің тарихы қашаннан бергі дәуірлердің жылнамасы әрі ашық айнасы емес пе?!

Бұл жай ғана сөз емес.

Талайғы қазақтың тағдырымен тамырлас Үшарал жері Қазақ елінің географиялық картасына 1900 жылдың жүзінде «Төменгі Талас болысы» атауымен белгіленіпті.

Енді бағамдай беріңіз. Әулиеатаның әулиелі жерінің бір пұшпағы осы таныс өлке. Дәл осы ыңғайда сонау ХҮ-ХҮІ ғасырдың шежірелі жазбасында көрініс тапқан Ақкесене мен Көккесене тарихи ескерткіштері осы уақытқа дейін мүжілсе де үгіліп кетпей, шөгіп, үйінді шоқ төбе секілді есте жоқ ескі заманның өтінде елес болып жоғалып кетпегені ненің құдіреті екен,ә?!

Көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова:

«Талас» деген – грекше «теңіз» деген,

Бір кезде ел мұнда құрғақ жер іздеген.

«Үшарал» – жарасымды табылған ат,

Жер аты – ескерткіш сөз, ең ізгі өлең, – деп жырлайды.

Тарихы мыңжылдықтар дәуірі.

Көне тарихта «Талас жазулары» әбден әйгілі.

Бірақ, бұл ілім-ғылым және оның тарихи мәнін жұрт жақсы біле ме?

Әлі күнге дейін толымды зерттеулердің жинағы жұртқа жете қойған жоқ, қарапайым халыққа түсінікті тілде жазылған танымды кітап шығару қажет. Бір қызығы, Талас жазулары туралы ғылыми диссертация қорғаған білікті ғалым Тараз қаласында тұрады.

Тіпті бұл тақырып жайында «Тараз-Жамбыл облысы» энциклопедиясынан да (Алматы, 2003 ж.) ешқандай дерек кездестіре алмайсыз.

Сонау 1269 жылы өткен Талас құрылтайы туралы да аракідік айтылғанымен бұл оқиғалы кезең өңір тарихында ескеріле бермейді.

***

Бүгінгінің әңгімесі: Ұлтыңның жүрегінде қалуға шамаң жетпесе, ұрпағыңның есінде қалдыруға тырыс!

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар