Қызғалдақ қашан қазақ елінің брендіне айналады?

Қызғалдақ қашан қазақ елінің брендіне айналады?
Қазыналы қазақ даласы жерасты қазба байлықтарымен ғана емес, сонымен бірге қайталанбас табиғи құндылықтарымен де ерекше. Табиғаты мен тарихы тамырласып жатқан Әулиеата өңірі әу бастан қызғалдақтардың отаны саналатыны белгілі. Соңғы жылдары бірнеше мәрте аймақта қызғалдақтар фестивалі ұйымдастырылып, дала галереясындағы жауқазындарға айрықша мән беріліп келе жатқаны, ал күні кеше ғана аймақта қызғалдақтардың геологиялық саябағын ашу туралы бастама көтерілгені көңіл қуантады. Алайда, геосаябақ салу үшін бізде табиғаттың тамырын тап басатын мамандар бар ма, одан бөлек біздегі қызғалдақтардың жойылу қаупіне не себеп болып отыр, неліктен қазақ даласындағы гүлдердің әлі күнге қазақша атауы жоқ деген сан сауал туындайтыны заңды. Біз осы мәселенің қауызын қаузап көрдік.

ҚЫРДЫҢ ҚЫЗЫЛ АЛТЫНЫ НЕГЕ «ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА» ЕНДІ?

Киелі туған топыраққа тамыр жайған, жылына бар болғаны он бес-ақ күн гүлдейтін нәп-нәзік қызғалдақтар сол ару табиғат ананың аяулы ажарына айналғаны рас. Мезгіл пейзажындағы мезеттік осы жаратылыс иелері он сегіз мың ғаламды жаратушының шебер шешімімен жұмыр жердің бетінде тек қасиетті қазақ даласында тұңғыш рет қауыз жарғанын да қазіргі таңда ғалам мойындап отыр. Ұлы даланың ең сұлу, ең нәзік, ең лирикалық қыры да осы қызғалдақтар. Қас қағым сәттік ғұмырына жұпар шашып, тарих пен табиғаттың бояуын бейнелеп, дәуірлер мен ғасырларды жалғап тұрғаны ақиқат. Міне, туған топырақтың тасы ғана тарих емес, сонымен қатар гүлдері де парасаттылық пен іңкәрліктің, сұлулық пен махаббаттың кең даладағы кестелі бейнесі секілді.

Францияның белгілі жазушысы Оливье Блейстің XVII ғасырдағы Голландиядағы тіршілікті қаламмен қаузаған «Торговец тюльпанами» шығармасы дәл осы қызғалдақтарға қызығушылық қызу артқан сәттегі гүл тағдыры бедерленген. Тіпті, онда аты да, заты да аңызға айналған кейбір қызғалдақ түрлері хан сарайының құнымен теңдей бағаланғаны айтылады. Қарт тарихтың тұжырымынша, сол сұлулық пен сезімнің символына айналған қызғалдақтар Жібек жолы арқылы жазира даламыздан Иранға, Түркияға, одан әрі Голландияға жеткізілген. Нәтижесінде Голландия «Қызғалдақ империясына» айналған. Ал, оның авторы – қазақ даласының табиғаты. «Шындық ешқашан шірімейді» деп қазақтың Шер ағасы айтқандай, осы ақиқатқа бүгінде әлемнің көзі анық жеткендей.

Бұл гүл түрі төл әдебиетіміздегі «қызғалдақтай», «қыр гүліндей» деген бейнелі сөздерге ғана емес, өнерде де сұлулық символына айналды. Қожа -Ахмет Ясауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейленуі, тіпті тарихи Тараз шаһарының рухани мұрасы Айша бибі күмбезінің ұшар басында қауыз жармаған қызғалдақтың бейнеленуі де он екіден бір гүлі ашылмай, ғұмыры ерте үзілген арудың ғұмырлық пәлсапасын бейнелеп тұр. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктердің табылғаны да талай шындықтың тиегін ағытқандай. Қазірде байтақ даламызда ғана кездесетін қызғалдақтар Қызыл кітапқа енгізілген, яғни қорғауға мұқтаж.

Төсінен терсек тағы қызғалдақты,

Басында заңғар таудың ызғар қапты.

Шыдамай жаздың жастық жалынына,

Ойнақтап ерке бұлақ құздан да ақты, – деп Фариза Оңғарсынова секілді талай азулы ақынның музасына айналған қызғалдақ гүліне ел назары ерекше ауып отыр. Олардың оннан астам түрі Қазақ хандығының қазығы қағылған Әулиеата жерінде ғана өседі екен. Соның ішіндегі Грейг қызғалдағы халықаралық һәм қазақстандық Қызыл кітапқа енгізілсе, Кауфман отандық Қызыл кітаптың тізіміне енгендігі жүрек ауыртатыны жасырын емес. Дегенмен, уақыт оздырмай барымызды бағаласақ, бағымызға айналары анық.

ТҮП ТАМЫРЫН ТҮРКІЛЕР БАЙЛАҒАН ГҮЛ

Күні кеше аймақта «Қызғалдақ – мұра» фестиваль-экспедициясы өтті. Ауқымды іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген турист келді.

Айта кету керек, Берікқара шатқалы, тек Жамбыл облысы ғана емес, бүкіл республикадағы бірегей мекен. Мұнда Қызыл кітапқа енген Кауфман және Грейг қызғалдақтарынан тыс, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, Альберт сияқты өзге де эндемиктер өседі. Сол себепті, сирек кездесетін өсімдіктің түр-түрін көруге қызыққандар Еуропа мен Қытайдан арнайы саяхаттап келген болатын.

Олардың арасында әлемдік ЮНЕСКО ұйымының мүшесі де бар. Қытайлық саяхатшы Жанг Венг Синг мұндай жерді әлемде кездестірмегенін айтып, таңданысын жасырмады.

– Мен бұл жердің табиғатына тәнтімін. Мұндай жерді бұрын-соңды көрген емеспін. Енді мұндай сұлулықты барлық әлем көрсе деймін. Сол үшін барлығын суретке түсіріп алдым. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіктен геобақ салынғанын қалаймын. Себебі, қаймағы бұзылмаған экожүйені барынша сақтап қалу керек, – дейді қытайлық турист.

Қызғалдақ фестиваліне келген отандық, Германия, Қытай мен Қырғыз мемлекеттерінің қызғалдақ зерттеушілері бұл гүлдердің тамыр тарихы түркілерден бастау алатынын да жасырмады.

– Қызғалдақтар көптеген жыл бұрын Ұлы Жібек жолымен Азия, Иран, әрі қарай Түркияға тараған. Одан ары әлемге тарады десек қателеспейміз. Жалпы, түркі елдеріне ортақ арнайы мереке де болған. Бұл – парсы деректерінде қызғалдақ мерекесі деп аталады. Яғни, қызғалдақтың гүлдеуі жаңару, жаңа өмір бастауы сынды мәнге ие болған. Бұл мереке кейін бәрімізге белгілі Наурыз мейрамы болып жалғасын тапты. Сондықтан, қызғалдақ арқылы өткен тарихымызды да жаңғыртатын кез келді, – дейді тарихшы-археолог Ескендір Төрбеков.

Аймақта ұйымдастырылған дәстүрлі қызғалдақтар фестивалінің қорытындысы бойынша облыстағы қызғалдақтардың географиялық атлас картасы жасалып, соның негізінде туристерге арналған маршрут жоспарланады деп күтілуде.

ШЕТЕЛДЕН МАМАН ІЗДЕУДІҢ ҚАЖЕТІ ШАМАЛЫ

Өңірдің туризм саласына жауаптылар аталған фестиваль нәтижесінде қызғалдақтың көп шоғырланған аумағында геосаябақ ашу туралы мәселені қолға алатындарын айтып отыр. Алайда, ол үшін бізге не қажет, мамандарды қайдан тартуға болады, жоқ әлде тағы да шетелдік ғалымдардың тәжірибесіне сүйенеміз бе? Бұл туралы жергілікті мамандар бүй дейді:

– Қызғалдақтар қолда бар деректермен есептегенде сегіз мың жыл бұрын біздің өлкеден тарағаны анық. Десек те, еліміз тәуелсіздік алғалы бері біздегі осындай құндылықтарымызға айрықша мән беру мәселесі өкінішке орай, көңіл көншітпейді. Түп тарихы бізден тараған осы гүлдер мәселен, қазіргі таңда Нидерланды елінің ұлттық құндылығы болып саналады. Біздің даладан тараған гүл қазір сол елдің ұлттық қорғауындағы ең басты мақтанышы. Әлемдегі үш мыңнан астам қызғалдақ түрлерінің барлығы біздегі жабайы қызғалдақтардан тарағаны ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. Соған қарамастан өз құндылығымызды өзіміз лайықты бағалай алмай отырғанымыз жанға батады. Елімізде қызғалдақтың 35 жабайы түрі бар. Оның 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Ал, дәл сол ошағы саналатын Әулиеатада геосаябақ ашылса, бізде онымен айналысатын мамандар жеткілікті. Алматыда қызғалдақпен айналысатын ғалымдар, тіпті Ботаника және фитоинтродукция институты деген арнайы оқу орны бар. Ондағы ғылыми қызметкерлердің барлығы осы қызғалдақ өсірумен айналысады. Жамбыл өңірі бұл гүлдердің таралуына өте қолайлы. Сондықтан, аймақта гүлдің табиғи қалпын, генетикалық формасын сақтаудың тиімді жолы – өсіп тұрған аймақты қорғауға алу. Ұлттық парк ретінде қорғауға алып, қоршалып, бейберекет, антропогендік факторлар әсерінен жойылып кетуге жол бермеу қажет. Әсемдік үшін олардың арғы тарихынан қамтып, небір композициялар жасауға болады. Сонымен қатар, ғылыми негізге айналдыру мақсатында геобақ ішінен арнайы зертхана ашу қажет. Себебі, ұлы дала құндылығын ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынға аманат,– дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті биология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Зияева.

ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ БЕЙНЕЛЕЙТІН БІРДЕ-БІР КӘДЕСЫЙ ЖОҚ

Кешегі Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Әулиеата өңірі қазірдің өзінде төрткүл дүниеден келетін туристердің аяғы үзілмейтін мекен. Өңірдің қазыналы тарихы мен қайталанбас табиғатына тамсанатын меймандардың басым көпшілігі аймақтағы сұлулық символына айналған қызғалдақтарға да айрықша қызығушылық білдіруде. Алайда, сол қызығушылықты өз деңгейінде қанағаттандыра алып жүрміз бе?

– Былтыр шетелден биологиялық зерттеулермен айналысып жүрген әріптесім арнайы келді. Аймақтың өсімдіктер дүниесіне қатты қызығушылық танытып, өңір табиғатымен қимай қоштасты. Өзімен бірге осы қызғалдақтарды бейнелейтін кәдесый алып кетуге бел буып, әбден іздеп, таба алмадық. Бір сөзбен айтқанда, маркетинг мәселесі бізде ақсап тұрғанын сол кезде аңғардым. Біз күнделікті киімдеріміздің өзінде шетелдің түсініксіз сөздері жазылған немесе мағынасыз суреттері бейнеленген бұйымдарға құмармыз. Бізде, тек Тектұрмас, Айша бибі секілді тарихи құндылықтардың кәдесыйлары бар. Бірақ, осы қызғалдақтарымызды не себепті мектеп оқушыларының күнделіктері мен дәптерлерінде, дүниежүзілік жарыстарға баратын спортшыларымыздың жалаушаларына, жазғы киімдерге, жалпы өңіріміздің кіре беріс аркасына логотип ретінде таңбалап, бейнелемеске? Сол арқылы өңірге келіп кеткен адамдар бұл жер қызғалдақтың отаны екенін біліп жүретін еді. Гүл арқылы әлемге танылған голландықтар «Қызғалдақ патшасы» деп айдар таққан жауқазындардың атамекенінде осындай істердің өзін қолға ала алмай отырғанымыз көңіл қынжылтады,– дейді Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының биология және ауыл шаруашылығы мамандықтары кафедрасының аға оқытушысы Қуандық Сейітбаев.

ЖАУҚАЗЫНМЕН БІРГЕ ЖАБАЙЫ АЛМА ДА ЖОЙЫЛУ АЛДЫНДА ТҰР

Тек, Әулиеата топырағына тән, осы киелі өлкеден ғана өніп шығатын өсімдіктер мен жемістердің арасында Сиверс алмасы да табиғат жанашырларын алаңдатып отырған мәселе. Алманың бұл түрі де қазір ерекше қорғауды қажет етеді. Ол тек, Іле Алатауы мен Қаратау бөктерінде ғана өсетін жеміс. Алатауда алманың 40 түрі өсетін болса, бізде одан да көп. Бірақ, қызғалдақпен бірге оның да қадіріне жете алмай отырғанымыз өкінішті. Есесіне қытайдың химиялық қоспасына батып өскен алмасын таңсық етіп жүрміз.

– Қызғалдақтар жайын айтқанда одан Сиверс алмасын ажыратып қарауға болмайды. Оның да табиғи популяциясы осы Қаратау бөктерінде кездеседі. Дүниежүзіндегі алманың сорттары біздегі осы жабайы алмадан алынған. Кеңестік кезеңде бұл мәселе мықтап қолға алынған еді. Қазір бізге Польшадан, Түркиядан, Қытайдан, Словакиядан келетін алмалар соңғы жылдары үсіп кетіп жатты. Себебі, ол алмалар біздің аймаққа бейімделмеген. Аймақтағы бірнеше алма бақтарын арнайы зерттегенімде, осыған көзім анық жетті. Ал, өзіміздегі осы көпжылдық Сиверс алмасы суыққа өте төзімді, құрғақшылыққа да төтеп бере алады. Бірақ, ол егілгеннен кейін жеті жылда ғана жеміс береді. Сол үшін шаруашылықтар оны өсіруге құлықсыз. Егер аймақта қызғалдақтар геобағы ашылатын болса, сол Берікқара шатқалындағы жабайы алманы да қамту аса маңызды. Әйтпегенде жауқазындармен бірге жабайы алмамыз да жойылып кетуі мүмкін. Оған климаттық өзгерістер, қоршаған ортаның ластануы, адами факторлар әсер етуде. Геобақ арқылы гүлді де, алманы да топырағымен сақтап, генетикалық қорын қалыптастыруға болады. Соңғы кездері көктемде қала базарларында қызғалдақтарды сатушылар көбейіп келеді. Олар ол гүлдің бәрін қайдан алып жатыр? Барлығы жылыжай салып, гүл өсіріп жатыр деп тағы айта алмаймыз. Заң қанша жерден қаталданғанымен біз осы өскіндерімізді толыққанды қорғап қала алмаймыз. Ол үшін тек ғылыми негізде айналысу қажет,– деп түйіндеді сөзін ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қуандық Жұмабайұлы.

АЙМАҚТЫҢ СҰЛУЛЫҚ СИМВОЛЫ НЕГЕ ҚАЗАҚША АТАЛМАЙДЫ?

Жергілікті табиғат жанашырлары қызғалдақтардың жеке атауларының жоқтығын, бар болған күннің өзінде олар шетел ғалымдарының атымен аталып кеткенін алға тартып отыр. Сонау 1877 жылы голландиялық гүл өсірушілер «Қызғалдақ патшасы» деп атаған Грейг, қазақ флорасының інжу-маржаны – Шудағы Регель, Қаратау мен Бетпақдаладағы Альберт секілді өскіндерден бөлек, соңғы жылдары жаңа түрлері де табылған. 2003 жылы Қаржантау мен 2009 жылы Жетіжол тауларынан табылған қызғалдақтардың әлі күнге заты бар болғанымен, атауы белгісіз. Бұл туралы аймақтағы гүлдердің фотошежіресін жасап жүрген жергілікті фотограф Алтынбек Қартабай да өз ойымен бөлісті.

– Өңірдегі қызғалдақтардың фотоларын жинақтап жүргеніме сегіз жылдан асты. Әрбір аудандарды арнайы аралап, суреттерін жинақтаған соң, олардың таралу аймағы мен атауларын жазуға тура келеді. Сол тұста қиындық туындайды. Қызғалдақтар туралы білімнің әлі жеткіліксіздігінен біздегі бұл гүлдердің атаулары әлі күнге қазақша аталмаған. Кейбіреулері көпшілік танымайтын экспедиция жетекшілерінің атымен аталып кеткен. Тіпті, өзіміздің жауқазын деген сөздің өзін айтпаймыз, неге? Барлығын жалпылама қызғалдақ дей саламыз. Неге Бем қызғалдағын «Жайлаукөл сарғалдағы», Меркі мен Шудағыны «Тау бәйшешегі», Кауфманды «Берікқара қызғалдағы» деп атамасқа? Сан ғасырлар бойы қазақ даласында өсіп келе жатқан гүлдердің атауының өзін қазақшалай алмай жүргеніміз қынжылтады. Екі ғасыр бұрын табылған гүлдерді қазақшалай алмасақ та, кейінгі жылдары табылған қызғалдақтарды қазақша атауға не кедергі? Қашанғы жат елдің ғалымдарына жалтақтаймыз?,– дейді А.Қартабай.

БӘЙШЕШЕКТІҢ САКУРАДАН НЕСІ КЕМ?

Өздеріңіз білетіндей, Жапониядағы сакураның гүлдегенін көруге жергілікті халықтың түп-тұқиянына дейін қалмай тегіс жиналатын дәстүрі туған жер сұлулығына құрметті білдірсе, сакура сұлулығына көз суарып қайтуға әлемнің түкпір-түкпірінен ағылатын туристердің қарасында қисап жоқ. Сакураның гүлдеуін жапон халқы «Ханами» деп атайды. Ханами – шие ағашының гүлдену уақыты. Бұл кезеңді ерекше атап өту дәстүрі XII ғасырда Танг әулетінің патша сарайында бастау алған болатын. Бұл уақыт аралығында жапон халқы жұмыс істемейді, жастар мен мектеп оқушылары сабаққа бармайды. Қарап отырсаңыз, қандай құрмет. Барлығы сакураның гүлдегенін бақылайды. Шие ағашының саясында демалып, табиғат құбылысына тамсанады. Сакураның гүлденгені көктем мезгілінің келгені деген сенім бар. Гүлдеу кезеңі бір аптаға созылады. Ең бірінші болып Жапонияның оңтүстігінде отырғызылған ағаштар гүлдейді. Сондықтан да, алғашқы кезеңді назардан тыс қалдырған жандар солтүстік аймаққа арнайы барып, шие ағашының қауыз жарғанын бақылай алады. Сакура гүлдеген кезде жапондықтар ұлттық киімдер киіп, бұл кезеңді ән айтып, би билеп, ұлттық ойындарды ұлықтаумен өткізеді. Ұлттық тағамнан ауыз тиіп, бір-бірін осы кезеңмен құттықтап, игі тілектер айтады.

Сондықтан, әйгілі қызғалдақтардың өмірге келген өлкесін де туристер үшін үлкен есікке айналдыруға болады. Себебі, біздегі қызғалдақтардың да қауыз жарар мезгіл-мезеттері бар.

Мәселен, Жамбыл ауданындағы Ақыртас тарихи кешені аумағы мен Жуалыдағы Берікқара шатқалы, Қаратау бөктеріндегі қызғалдақтар 5-15 сәуір аралығында ғана гүлдесе, Жуалыдағы Боралдай ауылдық округі және Күйіктің маңындағы қызғалдақтар 5-20 сәуір аралығында гүлдейді екен. Ал, Сарысудағы Ақтоғай ауылының маңындағы қызғалдақ түрлері 15-25 наурыз аралығында, Қордайдағы Қарақоңыз қорықшасындағы гүлдер 1-15 мамырда қауыз жаратын көрінеді. Дәл осы сәттердің өзі аймақта туризмнің далалық даңғылын даралауға таптырмас мүмкіндік емес пе?! Сол мүмкіндікті мүлт жібермей, бағытын анықтап, барымызды дер кезінде бағалай алмасақ, бармақ тістеп қалуымыз ғажап емес.

 

Нұржан Қадірәлі

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар