«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі

Жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі
Ашық дереккөзі
Тәуелсіз еліміздің болашақ мамандарының жаратылыстану пәндерінің, оның ішінде физика сабағына өз деңгейінде көңіл бөлуі аса маңызды. Себебі, мектеп қабырғасында-ақ дәл осы пәнді терең меңгермеген жаннан келешекте өз саласының майталман маманы шықпайтыны белгілі. Рас, өткен кеңестік кезеңде физика пәнін оқытуға, тиісті есептерді шығаруға әрі лабораториялық жұмыстарды атқаруға тым аз уақыт бөлінетін. Осыдан соң, оқушылардың физикаға деген қызығушылығы бәсеңдеп, бұл пәнді оқыту сапасы нашарлай түсті.

Десе де, еліміз егемендікке қол жеткізген кезеңнен бастап осынау олқылықтың орнын толықтыру бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Өңір-өңірлердегі білім ошақтарында физика пәніне айрықша көңіл бөлініп, жоғары оқу орындарында гранттар саны көбейді. Өзгесін айтпағанда, 2023-2024 оқу жылындағы «Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатында: «Тәрбие мен оқытудың тұтастығын қамтамасыз ету үшін әр пәннің қысқамерзімді жоспарын әзірлеуде тәрбиелік мақсатты қою және оның сабақ барысында жүзеге асырылуы қамтамасыз етілсін», деп тайға таңба басқандай нақты жазылған.

Жалпы, 7-сыныптағы мектеп оқушылары физика сабағында тылсымға толы табиғат заңдарын танып-біліп қана қоймай, сонымен қатар, рухани байлық пен жалпы адамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, адами мінез-құлықтарын қалыптастырады. Мұның өзі физикалық заңдар мен құбылыстардың мәнін ашып, білім мен тәрбие беруге үлкен ықпал етері ақиқат. Бастысы, физика сабақтарында білім алушылар табиғи құбылыстарды бақылау, зерттеу арқылы дамудың шарықтау шегінде табиғатты қорғауды мейлінше меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде олардың бойында табиғатқа деген қамқорлық сезімдерін қалыптастырып, оны қорғап аялауға үндейді.

Атап өту керек, физика пәнін тереңдете оқытуда мұғалім мен оқушының тығыз қарым-қатынаста болуы маңызды рөл атқарады. Әрбір ұстаз өз шәкіртінің өздігінен еңбек етіп, жұмысының жемісін көруге қолайлы жағдай жасай білуі қажет. Сонда ғана қос тарап көздеген нақты нәтижеге қол жеткізуіне болады. Сабақ барысында тақырыпқа сәйкес, ғылым мен техниканың дамуының жетістіктерімен қоса, оның табиғатқа айтарлықтай елеулі зиян келтіретіндігіне тоқталып, ауаның ластануы жөнінде де дәлелді фактілер де келтірген жөн. Мәселен, автомобильдердің жыл сайын сіз бен біз қоректенетін саф ауаға миллиондаған тонна күкірт, азот, сутекті, көмір және көміртекті тотықтарын шығаратынын айтудың зияны жоқ. Шын ұғынсақ, мұның бәрі тіршілік иелерінің өміріне өте қауіпті екені белгілі. Ал, аталған пәннің аясында жоғары сынып оқушыларына еркін және еріксіз тербелісті резонанс құбылысы жөнінде оның пайдасы мен зияны туралы ақпарат берген абзал. Түптеп келгенде, мұның бәрі білім алушылардың түсінігінің ерте жастан қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.

Бұдан бөлек, сабақ барысында адамның зердесін зардапқа ұшырататын ұялы телефонды көп қолданудың кесапаты жөнінде мағлұмат беру артықтық етпейді. Ғылым мен технология заманында мүмкіндігі мол физика пәні шеңберінде «Электромагниттік толқындар» тақырыбында сөз қозғалса құба-құп. Өйткені, мұның бәрі бейжай қарауды кешірмейтін маңызды мәселелер.

Қорыта айтқанда, қоршаған ортадағы көзге көрінбейтін процестер мен құбылыстарды зерттеу физика пәнін оқытуды жетілдіруді талап етеді. Бұл ретте дала университетінде тәлім алған ата-бабамыздың тылсымға толы табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілігі мен тал-дарақты көздің қарашығындай сақтаудағы даналығын бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етудің рөлі зор. Осылайша, физика сабағының аясында жас ұрпақтың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық пен адамгершілік сияқты жалпы адамзатқа тән құнды қасиеттерді сіңдіре аламыз.

 

Дина АМИРОВА,

«Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының» физика пәні мұғалімі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар