Орталықты ашқанға жеткен қаржы, еденді жаңалауға жетпей ме?

Орталықты ашқанға жеткен қаржы, еденді жаңалауға жетпей ме?
Ашық дереккөзі
Қазіргі таңда ауылдардағы басты мәселенің бірі – жұмыссыздықты жою немесе азайту. Мемлекет тарапынан тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының Ақкөл ауылынан ашылуы да осы мақсатты көздейді.

Ақиқатын айту керек, аталған орталық ашылғалы Ақкөл ауылында жұмыссыздық күрт төмендеген, қазіргі таңда жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрғандар жоқ десе де болады. Аталған мекеме директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Динара Алпысбаевамен осынау орталықтың асхана, спорт залын бірге араладық. Бірқатар көкейкесті мәселелерді көрдік. Спорт залының едені өте ескі, тозып тұр. Мекемеге кірген бетте аула ішіндегі қосымша ғимараттардың ұсқынсыз кейпіне алаңдап едік.

«Бұл ғимарат осы кезге дейін біздің теңгерімімізде болмаған. Сондықтан, ештеңе істей алмадық. Айналасындағы шөптерді де тазалау мүмкін болмады», – деп Динара Серікқызы мән-жайды айтып өтті. Жаңадан ашылған мекеменің спорт залының едені неге сонша тозып тұрғанын түсіне алмадық. Директордың орынбасары қаржының тапшылығы қолбайлау болғанын айтумен болды. Мекеменің мәжіліс залындағы орындықтар да бұрынғы ескі күйінде қалған. Әр орындықты матамен қаптап, кішкене бетін бері қаратқан. Дегенмен, ескінің аты – ескі. Барлығы қаржыға барып тірелетінін және ол жоғары тараптан бөлінетінін ескерсек, бәлкім бұл орталық басшыларын кінәлай берудің реті жоқ шығар. Әйтпесе, орталық директоры Жалын Баймахановтың әр нәрсеге сергек қарайтынын аңғардық.

Тағы бір мәселе – мекеменің атауында. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекеме болған соң, мекеме атауындағы «Талас аудандық» деген тіркес артық сияқты.

Мәселен, Қаратау қаласындағы мекеме «Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы №3 арнаулы әлеуметттік қызметтер ұсыну орталығы» деп аталады. Бұл жерде мекеме атауы дұрыс жазылған деп айтуға болады. Мекеме атауы дұрыс болғанымен, мұнда да көңілімізге қонбаған мәселелер кездесті. Мекеме директоры Ерлан Әнетбаев асхананы аралата барғанда «Асханамыздың мәзірі жақсы. Бірақ, біздің мәжіліс залымыз да, спорт залымыз да осы – асхана. Іс-шараның барлығы осы ас ішетін жерде өтеді. Себеп – орын тапшы. Осы мәселелерге қаржы сұрап жатырмыз», – деді.

Біз 70 қызмет алушысы бар мекемеде мәжіліс залы мен спорт залының жоқтығын түсіне алмадық. Бұл өзі 20 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе екен. Мәселенің мәнісін сұрап, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ардагерлер мен мүгедектерге арналған бөлімнің басшысы Нұрбек Алтынбековпен хабарласқан едік. «Аталған екі мекемеде де ондай мәселенің бар екені рас. Ақкөлде ашылған мекеменің қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаражат бөлінген, бірақ, спорт залының еденін жақсартуға қаржы бөлінген жоқ. Қаратау қаласындағы оңалту орталығына қосымша ғимарат сұраған едік.

Ол сұраныс әзірге қолдау тапқан жоқ. Егер қосымша ғимарат салынса, спорт залы да, мәжіліс залы да қамтылатын болады. Әзірге бұл мәселеге қашан қаржы бөлінетіні туралы айта алмаймын», – деп жауап берді.

Бұрын Ақкөлдегі арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының орнында Ақкөл кәсіптік техникалық училищесі болса, Қаратаудағы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының орнында шипажай болған екен. Сонда шипажайға да мәжіліс залы мен спорт залы қажетсіз болғаны ма? Ал, бұрын Ақкөлдегі арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы туралы да біраз сұрақтың жауабын ала алмадық. Сонда бүтіндей орталыққа қажетті ғимараттарды қайта жөндеуден өткізуге жетіп артылған қаражат, спорт залының еденін жаңалауға жетпегені ме? Бәлкім, бұл мәселелерге тиісті қаражат бөлініп қалар.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар