Жәнібектей әнші қайда...

Жәнібектей әнші қайда...
Ашық дереккөзі
Ән өнерінің дүлдүлі, қазақ даласын әнмен тербеген керемет дарын иесі Жәнібек Кәрменов биыл 75 жасқа толды. Өмірі әнмен өрілген хас таланттың ортамызда көбірек жүру бақыты бұйырмады. Оның шырқаған әндері биікте қалықтап тұрғандай. Құлағыңа үздік-үздік талып жеткендей болады. Сағынасың, аңсайсың.

Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскенде Жәнібекпен қатар отырып, білім алдық. Дара болмысымен, жібектей мінезімен біздің жүрегімізді жаулап алды. Ән өнерінің жарық жұлдызымен серіктес әрі сырлас болып, ғұмыр кешкен студенттік жылдарымды айрықша бағалаймын.

Бірінші курсқа түскен біздерді Алматы облысы, Шелек ауданының Қорам ауылына темекі жинауға апарды. Курстағы елу қыз-жігіт бір ай бойы темекі алқабында жұмыс істедік. Ауыр жұмыстан шаршап-шалдығып, даладан орталықтағы үйімізге қайтқанда, көліктегі үнсіздікті Батық Мәжитұлының езу жиғызбайтын әзіл-қалжыңдары бұзатын. Ішек- сілеміз қатып, күлкіге қарық болып, шаршағанымызды мүлдем ұмытып кетуші едік. Батықтың юморлары таусылған ба? Оспанханның сықақтарын мұртын бұзбай әртістік өнерімен жеткізе білетін т а лантына тамсанып жүрдік.

Күндер жылжып өтіп жатты. Темекінің сірне сінен киген киімдеріміз қатайып, ауырлай түсетін. Киім ніңа салмағы мен жұмыстың қиындығынан әлсіреген біздерге рухани күш беретін адамның жанымыздан табыларын кім ойлаған? Бір кезде көліктегі тыныштықты қақ жарып, ерекше сазды әуен аспанға қалықтады. Әншіні іздеп, бәріміз жан-жағымызға қарадық. Дөңгелек жүзді, аласа бойлы аққұба жігіт екі көзін жұмып алып, асқақ сезіммен дәстүрлі қазақ әнін әуелеткенде дір етпеген жүрек болмаған шығар. Ішімізден тынып, қимылсыз қалпымызда әншіні ғана емес, кең далаға еркін тараған әннің құдіретіне басымызды иіп, алғаш рет өнерден ләззат алғандай сезіндік. Ән біткенде терең демалып, қасымызда отырған курстасымызға, қазақтың талантты ұлына дала сахнасында қол соғып, алғашқы тыңдарманы біз болдық.

Кешкі тамақтан кейінгі бос уақытымызда Жәнібекті қолқалап, ән айтқызып, талай мәрте әнге деген шөлімізді басқан едік. Жәнібек те тартынбайтын, ән айтып қана қоймай, сол әннің шығу тарихынан әңгіме қозғап, дәріс беріп отырған ұстазымызға ұқсап кететін. Айтқан әні қандай, сөйлеген сөзі қандай? Бірімен-бірі қабысып, бірін-бірі толықтырып, ойы мен сөзі сабақтасып, біздерді өнер әлеміне тартып отыратын. Сол кезден бастап, біз Жәнібекке тәнті болдық. Өнер үшін жаралған жігіт екендігін сол кездің өзінде мойындаған едік.

«Осындай өнер иесін журналист болуға не итермеледі?», деген сұрақтың мазалағаны рас. Сөйтсек, біздің Жәнібек қарасөздің де дарабозы екен. Кейінірек оның шығармашылығымен таныстық, көркем туындыларының куәсі болдық. Соның ішінде шоқтығы биік «Ақылбайдың әні» кітабы болатын. Одан бөлек, «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні», «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» атты кітаптары оқырмандарының жылы бағасын алды. Кестелі тілмен өрнектелген шығармаларын тамсанып оқисың, жазушыға тән нағыз суреткердің көркем бейнелеген кейіпкерлеріне риза болып, сүйсінесің.

Қазақ ұлттық университетінде Жәнібектей жайсаң жігіттің жүруі де заңды болатын. Ол оқу ордасында білім алып қана қоймай, аталған университеттің атын биіктетіп, даңқын аспандатты. Ректорымыз Өмірбек Жолдасбеков ағамыздың өзі Жәкеңді баласындай көріп, өнердегі қадамының сәтті болуына барынша қамқорлық жасады. Талай өнер сапарында болып, қазақ әнін әлемге әйгіледі.

Қазақ телевидениесінде дәстүрлі қазақ әнін дәріптеуге арналған арнайы бағдарламаны көрмеген адам жоқ шығар. Сол бағдарламаны көрнекті жазушы Ақселеу Сейдімбек ағамыз жүргізген еді. Қандай хабар десеңізші! Ақселеудің сөйлеген сөзі қандай? Ән туралы тереңнен толғаған ой қандай? Әнді қалай орындау керектігін көрсеткен әнші қандай? Жүректі шымырлатып, жаныңды тебірентіп, тұла бойыңды толағай сезімге бөлейтін әсем әннің әсерінен алатын тағылым қандай? Бірін- бірі толықтырып, ән мен сөздің сабақтасып, көрерменін көркем дүниеге жетелеген бұл хабар шын мәнінде жауһар жобаның біріне айналды. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөз тіркесі сол кездері ел арасына кеңінен тарап кеткен еді.

«Жомарт табиғат Жәнібектің бойына ел-жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алатын тегеурінді дарын сыйлады. Ол өз замандастарының қуанышы болып қалықтап, арманы болып шарықтап, қайғы-қасіреті болып зарлап өтті. Барша замандастары сияқты, өмірдің рахаты еткен еңбегінен ажыраған, күнкөріс әрекеті мақс ат-мүдде сінен бөлінген, қажыр-қайраты елеп- ескерусіз қалған заманда өмір сүру Жәнібектің де маңдайына жазылды. Алайда ол осынау қиын шақтың зіл батпан салмағын арқалай жүріп, жанды жегідей жейтін азабын тарта жүріп, рухани мәңгүрттікке қарсы күрес жолынан қылдай ауытқыған емес. Оның тал бойында өзіне дейінгі сан ғасыр ұрпағының тірнектеп жинаған, аялап сақтаған асыл қазынасы мол еді. Жәнібек дүниеден озғанда ойлай білетін зиялы қауым қазақ өнері мен мәдениетінің қабырғасы опырылып түскендей сезімде болды.

Жәнібек өмірде ғана емес, өнердің де жайсаңы еді, жампозы еді. Қазақ халқының ең қанатты өнері, ең шабытты өнері ән-күйі болса, Жәнібек осынау аруақты да арқалы өнердің біртуар тарланы болатын. Бұл орайда Жәнібек бұрындары өткен Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Кенен сияқты өнер саңлақтары мен бүгінгі ұрпақ арасын жалғаған алтын арқау сияқты еді. Сонымен бірге, Жәнібекті замандастары күні кешегі Жүсіпбектің, Манарбектің, Қалидың, Қосымжанның, Байғабылдың көзіндей көретін, солардың орнын жоқтатпас шәкіртіне балайтын. Шыны да сол болатын. Бұл ретте Жәнібек өзіне дейін желбіреген қазақ әнінің туын биіктетпесе, төмендеткен жоқ.

«Сексенінші жылдардың бас кезінде Жәнібек екеуміз теледидарға қазақтың ән өнері туралы сегіз хабар жаздырдық. Осы хабар-әңгімеде мен Жәнібекке тоқсанға тарта ән айтқызыппын. Олардың ішінде асқақ Біржанның, адуын Мұхиттың, мұңды Ақанның, шерлі Естайдың, арқалы Исаның, арманшыл Әсеттің, бойлауық Жамбылдың, сұлу Сәкеннің, сыршыл Кененнің, міне зді Қасымның әндері болатын. Жәнібек осынау алуан бітімдегі әнші-композиторлардың бәрімен де тіл табысып, бәрінің де ішіне түсіп, әндерінің шырайын келтіріп, шырқау биікке шығарушы еді. Жәнібекті исі қазақ өнерінің Жәнібегі атандырған қасиетінің өзі осында болатын», – дейді «Менің Жәнібегім» атты өз естелігінде Ақселеу Сейдімбек. /«Жәнібек» естеліктер жинағы, «Жалын» баспасы, 2001 жыл, 49 бет/.

Жәкең ауызша әңгімені майын тамызып айтатыны өз алдына, әзіл-қалжыңның да асқан шебері болатын. Тапқырлығына тәнті болатын едік. Бірде ұстазымыз Өмірсерік Шәріпов лекция оқып тұрып:

– Кәрменов, сен Карл Маркстің «Капитал» атты еңбегін айтшы, – деді.

– Ойланып алайын, мұрсат беріңіз, – деді жайбарақат.

– Кәрменов, Карл Маркс қай жылы туды? – деді ұстазымыз.

– Ағай, тілімнің ұшында тұр. Білсеңіз айта салыңызшы. Ол жарықтықтың дүниеден өткеніне де көп жыл өтті ғой. Аруақты күңірентіп қайтеміз, – деді Жәнібек. Студенттер ду күліп жіберді.

– Кәрменов, сабақтан шық. Қазір Қожакеевке айтамын, – деп ұстаз ашуға булықты.

– Ағай, сабыр...сабыр... Ашу – дұшпан. Кең болсаңызшы, Маркс Германияда туған. Мен қайдан білейін, ағай? – деді Жәнібек. Ағай да күліп жіберді.

Алма Қыраубаева апайдың сабағы болатын. Ауыз әдебиетінен дәріс оқыған ұстазымыз шәкірттердің білімін тексермек болып тапсырма берді. Белгіленген тақырып бойынша шағын шығарма жазуға тура келді. Бәріміз жазып жатырмыз. Уақыт біткен кезде берілген тапсырманы шетімізден оқып бердік. Кезек Жәнібекке келді. Ол орнынан тұрып, жазған шығармасын мәнерлеп оқып, үлкен әсермен аяқтады. Оның қасында отырған Қанеш досымыз: «Апай, ол шығарманы жазған жоқ, ауызша айтып тұр», – демесі бар ма?!. Ұстазымыз Жәнібектің жанына жақындап, қолындағы дәптеріне қарады. Жәнібектің дәптерінде ешқандай жазу жоқ болатын. Оның ауызша айтқан сөзіне әрі таңданған әрі риза болған ұстазымыз ештеңе демеді.

Жәнібекті текті жерден шыққан тұлға десек те болады. Ұлы Абайдың жан досы Ерболға шөбере болып келетіндігін айтсақ та жеткілікті. Жәнібектей сөз өнерінің дүл дүлін, ә н өнерінің бұлбұлын Жүсіпбек Елебеков сонау Семейден алдыртып, Алматыға шақырып, қамқорлығына алған. Тәңірдің іздегені табылғандай қуанып, бауырына басып тәрбиелеген. Бәрі де өзі үшін емес, өнер үшін, өнердің өрге озуы үшін істеген. Неткен көрегендік!

Университетті бітірген соң біраз жыл «Жалын» баспасында қызмет істеді. Эстрадалық студияда болашақ өнерпаздарға дәріс беріп, ұстаздық етті. Кейінгі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы Халық әндері кафедрасының меңгерушісі болды.

Жәнібектің Ішкі істер министрлігінің ансамблімен бірге Жамбыл облысына гастрольдік сапармен барғаны ел есінде. Осы сапарында курстас досымыз Болат Жаппарұлының туып-өскен жеріне атбасын бұрып, концерт қойғаны тектен-тек емес. Өйткені Жәнібек өнерге етене жақын Болатты өзіне тартып, қатар жүрді. Білгенін үйретіп, өнердің қыр-сырына баулыды. Сарысу ауданының Түгіскен ауылында тұратын Жаппар қарияға арнайы сәлем беріп, осында жиналған қарттарға ән салып беріпті. Міне, досқа деген адалдық қандай? Үлкендерге деген құрметі қандай? Кісілік пен кішілікті қатар ұстаған қасиет қандай?!.

Жәнібек кісімсініп, кеудесін керіп, шалқайған кездерін көрген еме спіз. Жадыраған жайдары қалпында жүретін, елдің өтініш-тілегіне «жоқ» демейтін, жайсаңдардың жайсаңы болатын. Жұртқа жасаған көмектеріне көңіліміз қуанып, жанымыз сүйсінетін.

«Алматыға бала Жәнібек болып келіп, асыл ағалары арқылы ортасы толып, көңілі өсіп, шығармашылығы артып, сол кісілер сияқты ел-жұрты мойындаған, әншілік қасиетін қабылдаған дана Жәнібекке айналды. Әдебиетте, өнерде жүрген өзіне дейінгі ағаларды үлгі-ұстаз тұтса, кейінгі толқынға ерекше мейіріммен қарап, олардың да жетістіктеріне балаша қуанатын. Жер-жерге, ел- елге бөліну дегенді білмей кетті. Өнердің айналасындағыларға қамқор көңілмен қарайтын, тіпті сырттай тілеулес болып отыратын. Сол қасиеті болар, өзі де сыйлы еді. Кез келген аралас-таныс жолдастардың үйіне қонаққа барғанда да, Жәнібектің ұнататын асын бөлек әзірлеп, құрмет көрсетіп жататын-ды», – деп еске алады әншінің жары Тоты Тұрсынханқызы. /«Түркістан» газеті, 4 мамыр 2017 жыл/.

Үшінші курста оқып жүргенімізде бір топта оқитын до сымыз Нұртілеу Иманғалиұлының үйлену тойы болды. Осы тойдың тізгінін Жәнібек өз қолына алды. Тойды басқарудың тамаша үлгісін мен осы жолы көрген шығармын. Елді тамсантқан, жұртының жүрегін тербеткен, әуезді әнмен әлдилеген, көпшіліктің бойын балқытып, көңіл-күйін шалқытқан тойдың толассыз дүбірі менің құлағымда әлі күнге дейін жаңғырып тұрғандай. Асабаның шешендігі қандай? Сөзден түйін түйген шеберлігі қандай? Ортаға тастаған ой қандай? Аққудың үніндей қалықтаған ән қандай? Бәрі үндесіп, бәрі жымдасып, жүректі жылытқан хас өнердің құдіреті қандай?

Біздің Жәнібек талай тойды басқарып, талай келіннің бетін ашып, талай жақсылықтың басы- қасында жүрді. Бірақ өзінің алтын асықтай ұлының тойын көре алмады. «Келінжан» деп көмейден құйылған күміс әнді келістіріп шырқамады. Небәрі 43 жасында жол апатынан қаза болды.

Артында «Үш жүзден таңдап алған жарығым-ау», деп еркелетіп жүретін асыл жары Тоты қалды. Әкелерін жоқтап Әсет, Ақбота, Керімтай есімді ұл-қыздары қалды. Өзі тереңнен толғайтын «Өмір туралы толғауын» қалдырды. «Мұңайма Жәке, мұңайма, сабыр ет енді жүрегім. Бір күні сен де тоқтайсың, Оны да жақсы білемін», – деп жүрек түкпірінен шыққан ақтық сөзін қалдырды.

Студенттік жылдары ортамызда жастық шағымыздың жалауындай болып, Жәнібек досымыз жүріпті. Біздің өмірімізге жарығын беріп, әнімен шуағын төгіп, алдымызда жұлдыздай жарқырап өтіпті. Ол өмірден кетсе де, елінің жүрегінде сұлу үнімен, асқақ әнімен сақталып қалады.

 

 

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Ұқсас жаңалықтар