Төтенше жағдайлар министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен «Мемлекеттік орман қорының орман өрттерін сөндіру үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметті тарту тәртібі туралы» келісімі бекітілді. Соған сәйкес, облыстың мемлекеттік орман қорының іргелес аумағындағы өрттермен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі өзара іс-қимыл жоспары «Қазәуеорманқорғау» мекемесімен келісіліп, бекітілді. Сондай-ақ облыстың мемлекеттік қорының және дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен алдын алу іс-шараларының жоспары әзірленді. Осыған орай, табиғи өрттерді сөндіруге тартылатын бөлімшелердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында сәуір айының соңында орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық 15 мекеменің аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізу, ал мамыр айында іс-қимыл жоспарына сәйкес ірі өрттерді жою кезінде Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Талас және Шу облыстары бойынша басқармаларымен трансшекаралық оқу-жаттығу өткізу жоспарланды.
Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1237 километр автожолдың 1074 километр қашықтығында, облыстық маңызы бар 1943 километр автожолдың 712 километр және 840 километр теміржолдың 104 километр қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жергілікті теледидарларда тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында өртке қарсы тақырыпта мақалалар жариялануда. Мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерлерде және автомобиль жолдары бойында 60 аншлаг, 40 панно және 16 билборд орнатылды.
Биыл облыс аумақтарына ғарыштық мониторинг жүргізуге жергілікті бюджеттен 6,5 миллион теңге бөлінді. Осыған орай, сәуір-қараша айлары аралығында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет облыстың мемлекеттік қоры аумағының жалпы ауданы 3,048 миллион гектар жерін «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің авиатехникасымен ұшу арқылы күзету жұмыстарын жүргізеді. Облыс аумағының өрт қауіпті учаскелерін «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен ұшуды жүргізу және олардың өртке қарсы жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін облыс бюджетінен 53 миллион 813 мың теңге (60 ұшу сағаты), ал орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 280 миллион теңге бөлінді. Айта кетсек, қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының жарақтандырылуы тиістілік нормасының 78 пайызын құрайды.
Бүгінде облыстың ауылдық округтерінде жеке құрамы 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылым құрылды, оларда 49 су тасығыш, табиғи өрттерді сөндіруге бейімделген 508 техника, 88 өрт мотопомпасы және 175 ранцтық өрт сөндіргіш бар. Аталған 165 ерікті құрылымның 10-ы қоғамдық бірлестіктер нысанында құрылғанын айта кеткен жөн. Соңғы екі жылда «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» РММ өрт сөндіру бөлімдері және мамандандырылған оқу орталықтарында 2 мыңнан астам ерікті өрт сөндірушілер оқытылды. Жергілікті атқарушы органдар ерікті құрылымдарды техникалық нығайтуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізуде. Мәселен, аталған құрылымдардың техникалық құрамын нығайту үшін аудан әкімдіктері биыл 43 миллион теңгеден астам қаражат бөліп отыр.
Облыс аумағында 377 елді мекен бар десек, оның ішінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің 20 өрт сөндіру бөлімі өзінің қызмет көрсету радиусына кіретін 106 елді мекенді қорғауды жүзеге асырады. Қалған 271 елді мекенді қорғауды жергілікті атқарушы органдардың 36 өрт сөндіру бекетін кезең-кезеңімен құру арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Осыған байланысты облыс әкімдігінің экономика басқармасымен бірлесіп, 2021-2025 жылдары облыс аумағын дамыту жоспарына 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдерімен және бейімделген техникамен жарақтандырылған өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған жоспарға сәйкес, бүгінгі күні облыс аумағында 19 өрт сөндіру бекеті құрылды. Аталған бекеттердің жауапкершілік аймағында 20 километр радиусы шеңберінде халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан. Жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекеттері 2022 жылы шалғай елді мекендерде 32 өрт сөндірді, оның ішінде өртке қарсы қызметпен бірлесіп 23 жағдай және өздігінше 9 өрт сөндірілді. Былтыр 42 өрт, оның ішінде 27 жағдай өртке қарсы қызметпен бірлесіп, ал 15-і өздігінше сөндірілді. Жалпы, шалғайдағы елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін және ерікті өртке қарсы құрылымдарды қоғамдық бірлестік нысанында құру мәселесі тұрақты бақылауға алынған.
Абылай БАЯНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді