ЕРЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІН

ЕРЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІН
Ақәділ Рысмахан
Бүгінде өңірде санаулы ғана Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оларға құрмет көрсетіп, ілтипат жасау жастарға парыз.

Осы бір ұлық міндетті орындау мақсатында Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 79 жылдығына орай облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек 101 жастағы қарт майдангер Шалданбай Шанбаевтың шаңырағына арнайы барып, ардагерді мерекесімен құттықтады.

Шалданбай ақсақал Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Сұм соғыстың алғашқы хабары жетісімен-ақ елден береке қашып, халық түн ұйқысынан айырылыпты. Бұл қиындықтар сол кезде небәрі 17 жастағы бозбала Шалданбайдың жігерін жанып, ерте есейткен көрінеді. 1942 жылы 18 жасқа толысымен оған әскери комиссариаттан шақыру қағазы жіберілді. Осы сәттен Шалданбай Шанбаевтың әскери қызметі басталып, Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін жалғасқан.

Әскер қатарына іліне салып жігіт Шалданбай Еділ бойына әскери дайындықтан өтуге жіберіледі. Төрт ай дайындықтан соң желтоқсан айының соңында Сталинградты қорғауға аттанып, Ішкі істер әскерлерінің 227-ші атқыштар полкінің құрамында болды. Соғыс аяқталған соң әскер қатарында қалып, елге 1949 жылы оралады.

– Дұшпанмен алысу әсіресе қыстың күні қиын болады. Соғыс кезіндегі суықтар мен қытымыр аяздар есімнен кетпейді. Бірақ соған қарамастан, біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Кері шегінбей, күн сайын алға қадам жасай отырып, жеңіс тұғырына жақындай түстік. Фашистер Сталинградты жермен-жексен қылды. Тоқтаусыз зеңбіректің астында қалған жерлер терең шұңқырға айналды. Әр 15 минут сайын сарбаздар оққа ұшып, аласапыранның қақ ортасында болдым, – дейді ғасыр жасаған қарт майдангер.

Қорғаныс орнатқан Кеңес әскерлері жаудың екпінін тоқтатып, 1943 жылдың басында қарсы шабуылға көшті. Майдангер Шанбаев Котельниково, Запорожье, Одесса қалаларын азат етуге қатысып, Румыния мен Венгрия аумағындағы ұрыстарға қатысады. Көп ұзамай Франкфуртқа да жетіп, Ұлы Жеңіс күнін үзеңгілес жауынгерлермен бірге Берлинде қарсы алады.

Отанға сіңірген еңбегі, жаумен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін майдангер «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және бірнеше мерекелік медальдармен наградталған. Елге табан тіреген соң ағасының соғыста жоғалып кеткенін естиді. Бауырының ізінде екі ұлы мен екі қызы қалған еді. Оларды қамтамасыз ету үшін майдангер оқудан бас тартуға шешім қабылдап, тракторшы болып жұмысқа орналасады.

Жаңатұрмыс колхозында кадр тапшы болғандықтан, есепшілік курсын аяқтап, ауылға оралғаннан кейін Шалданбай Шанбаев жаңа қызметке тұрып, 1959 жылдан 1984 жылы зейнетке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған. Бүгінде майдангер Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы.

Қазыналы қарт Жеңіс күнін жыл сайын зор қуанышпен күтеді. Ғасыр жасаған қарт майдангер бұл жылы да шаңырағына келген құтты меймандарды сән салтанатымен, кеудесіне ордендерін тағып, жарқын көңіл-күйде қарсы алды.

Ел Президентінің, облыс әкімінің құттықтауын жеткізе келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қарияға ұзақ ғұмыр тілеп, даңқты ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар