Самалға ерген сәтіндей көрдім сағымның

Самалға ерген сәтіндей  көрдім сағымның
ашық дереккөз
Самалға ерген сәтіндей көрдім сағымның

Балқытып бойды баурайтын лезде тәтті еріп, Ерні мен тілі ләззат бастаулы балқайнар. Көздері болса толысқан кезде қақ бөліп, Төңкеріп әкеп, Тәңірі таққан жарты айлар.

Кірпіктерін де сәуледей көзге дәл қадап, Ақ бұлтқа әбден аптап алғандай ақ маңдай. Кемпірқосақтың алқызыл түсін таңдап ап, Ақша бетіне жарасымды ғып жаққандай.

Аңқытып жұпар, төгілген қара шаштарын, Теңіздің бұйра толқыны деп те танырмын. Асықпай ғана әсемдеп қадам басқанын, Самалға ерген сәтіндей көрдім сағымның.

Пәк сұлулықтың құдіреті-ау, сірә ұқтырған, Бірін де мұның байқамас едім әсте мен. Білмеймін дерт пе көзқарасынан жұқтырған, Сағыныш-мұңнан тізетін болдым тәспі-өлең!

Елесін ғана құшуды маған нәсіп қып, Ақыл түгілі қалмағанын-ай естің де. Бұл дерттің болса асқынған түрі ғашықтық, Біздерден басқа таралмаса екен ешкімге!

6Асхат Қылышбек

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар