Ортақ істің олжасы мол

Ортақ істің олжасы мол
ашық дереккөз
Ортақ істің олжасы мол
Кешегілерден қалған «Ауыл болсаң – қауым бол!» деген өсиеттің көрінісін Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылынан көрдік. Таудың етегінде орналасқандықтан да тамылжыған табиғатымен көрген көзді сүйсіндірер көрікті ауылдың тұрғындары да ауызбірліктерімен талай тірлікті тындырып отыр. Жақында арнайы іссапармен барғанымызда жұдырықтай жұмыла жұмыс істеген жарлысулықтардың жарасымды істеріне тәнті болдық. Бірнеше жылдан бері бұл ауылдың ауыз суы шешімін таппай, талай айтылып жүрген еді. Бұйыртса, енді оның да оң шешілетін түрі бар. Ол да ауылдастардың бірлесіп, қажетті органдарға, халықтың мұңын билікке жеткізер кісілерге шағымдарын айтуымен шешімін тапты. Осы істердің басы-қасында жүрген Азамат Сәмбетқұлов – кәсіпкер әрі қоғам белсендісі. – Ауылымыздың ауыз су мәселесінің шешімін таба алмай күресіп жүргенімізге үш жыл болды. Былтырға дейін соттан сотқа барып, жеңіліп қалып жүргенбіз. 2020 жылдың 16 желтоқсанында Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова келіп, өзім қасында жүріп, бәрін түсіндіріп айтқаннан кейін депутат Астанадағы құзырлы орындарға жеткізгеннен соң ғана бұл іс алға басты. Қазір сапалы ауыз су шығару үшін құдықтар қазылып жатыр. Бұрын шала жасалғандықтан дұрыс су шықпай қалған, енді сол жұмысты соңына дейін жеткізу сол фирмаға міндеттеліп, қайтадан іс жалғасын тапты. Бұрынғы сметалық жоба бойынша 200 метр қазу берілген, біз 300 метр қазуды талап еттік. Осы мәселе бойынша бірнеше телеканалдарға да шағымымызды айтып шықтық. Бұйыртса, жуық арада ауылымыз ауыз суға да жетер деген үмітте отырмыз. 2021 жылы облыс әкімі болған Бердібек Сапарбаевқа ауыл ішіндегі көпірлерді ауыстырып беру туралы өз атымнан өтініш жазғанмын, әрине, ауылдастарымның қолдауымен. Шүкір, бұл мәселе де оң шешілді. Ауыл ішіндегі көпірлер жаңартылғанымен қоса, шеткі көшедегі су шықпайтын отыз шақты үйге тіршілік нәрін әкелу шаралары да қолға алынуда. Былтыр жарлысулық жігіттермен бірге ұйымдастырып, бөгет тұрғызғанбыз. Сол жерден ауыл әкімі канал қазып беріп, ауылдың басына арық арқылы ағын су келтірілді. Мұндай жұмыстардың бәрі де ауылдастардың бірлесіп, ұйымдасып атқаруымен жүзеге асып жатыр. Ортақ мақсатқа ұйымдасып, бір-бірін қолдап, ауызбірлікпен еңбек ете білетін ауылдастарыма зор алғысымды айтып, Жаратқан Иеміз осы ынтымағымыздан айырмасын деп тілеймін, – деді бізге ауылын таныстырған Азамат Қадырбекұлы. Азаматтың ұйымдастыруымен жарлысулықтар жұмылып, ауылдың мешітін де жаңартып қайта салған. Кәсіпкер азамат өзі үлкен дүкеннің иесі болса да арақ сатудан бас тартып, ауылды арақсыз елді мекен ету бастамасын көтерді. Оны жарлысулықтар қолдап, өзге елді мекендерге үлгі болып отыр. Осындағы жалғызбасты ана өз қаражатына төрт бөлмелі үй тұрғызып бастап, қаржының қолбайлау болуымен құрылысы тоқтап қалған ісін де ауылдастары қайта жалғастырмақшы. Қажетті қаржыны бәрі бірлесіп жинаған. Әсіресе, Азаматтың бірге оқыған сыныптастары елеулі үлес қосуда. Себебі, олардың мектеп бітіргендеріне биыл 20 жыл толады. Бұл атаулы күнді олар тойлап, ас ішіп, аяқ босатып, қыдырумен өткізбей, сауапты іс атқаруға арнаған. Ал, құрылыс жұмысын ауыл азаматтары асарлатып жүргізбекші. Күн жылына салысымен құрылысын бастағалы отырған жарлысулықтар үйді тұрғызып болғаннан соң ауыл әкімдігі газын, электр тогын жүргізіп бермекші. Азамат өз құрдастарын, яғни Жарлысу ауылының 1987 жылы туған жігіттерін біріктіріп, биылғы 20 жылдықтарына арнап, өткен жылы да 13 оқушыны мектепке дайындап, 1 миллион 300 мың теңгеге киім-кешектерін әперген еді. – «Жігітті жолдасынан таны» дейді халық. Аллаға шүкір, жолдастарым жақсы адамдар. Бәрі де бала-шағаның қамы үшін құрылыста еңбек етсе де, такси қызметімен айналысса да туған ауылға, еліне деген ықыласы түзу болғандықтан, ізгі іс жасаудан бас тартқан емес. Өзім де әкеден ерте айырылып, анам жалғыз өзі жеткізіп еді. Бала күнімнен ауылдастарымның, жасы үлкен ақсақалдардың қамқорлығын сезініп өстім. Сол жан жылуы мені де басқаларға көмектесуге жетелеп жүреді. Бәріне белгілі, біздің ауылдың азаматы, марқұм Сайрамбай Дөненбаев ағамыз да қолынан келгенінше елге көмектесуден аянған емес, сол кісінің ізін жалғасақ дейміз. Әрине, кемшілігі бар істі сынап, жоғарыдағы билікке шағым жасағанда жан-жақтан қоңыраулар түсіп, қысым көрсететіндер болады. Бірақ, алдымен қолдаушым – Алла, содан соң жора-жолдас, ауылдастарым демеп, кедергілерді жеңіп келеміз. Өз ісін білген адамның ізгі мақсатына жетуіне ештеңе де кедергі бола алмайды, – дейді Азамат Сәмбетқұлов. Наурыз той да бұл ауылда ерекше аталып өтіледі. Наурыз төбе деп аталатын жерге осыдан төрт жыл бұрын ауыл жастары бірігіп, темірден киіз үй жасап, айналасын қоршап, арнайы той өткізетін орын әзірлеген. Сол жерге Аюбай атаның есіміне баласы Мәди Оспанов сахна салып, былтыр мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған осы ауылдың 1986 жылы туған түлектері алтыбақан құрған. Жыл сайын ауылдың Наурыз тойын 43-44 жасқа толған түлектер ұйымдастырып, өткізеді. Ең алғаш 1990 жылы Наурыз мейрамы тойланатын болып, халықтық салт-дәстүрлеріміз қайта оралғанда Сайрамбай Дөненбаев өз сыныптастарымен бастаған екен. Кейін келе әр жылды белгілі бір жастағы құрдастардың ұйымдастыруы жалғасын тапқан. Халықтық мерекеде ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ал, жүлде қорын ауыл кәсіпкерлері жинап, дайындайды. Қазір де бірлігі жарасқан жарлысулықтар еліміздің батыс өңіріндегі су тасқынынан зардап шеккен отандастарға қол ұшын созып, көмектескелі отыр. Бауыржан Рәтұлының ұйымдастыруымен арнайы есеп шот ашылып, орталыққа жүк көлігі қойылған. Әркім қолында бар күрек, құрал-сайман, шатыр, қайық және күнделікті тұрмысқа, гигиеналық тазалыққа қажетті заттарын әкеліп, кейбірі қаржылай үлесін де қосып жатыр. Бұйыртса, келесі аптада қоғам белсенділері жиналғандарды алып барып, батыс өңіріне осындағы халықтың әлеуметтік көмегін жеткізбекші.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар