«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сапалы өнім - денсаулық кепілі

Сапалы өнім - денсаулық кепілі
ашық дереккөз
Сапалы өнім - денсаулық кепілі
Өңірімізде өндірілетін сапалы өнімдердің түрі көп. Халық оларды тұтыну кезінде шикізатының қайдан келетіндігіне мән бере бермейді. Әсіресе, мал етінен жасалатын тауарлардағы тазалыққа көңіл бөлу – басты міндет. Бір кездері шаһарымызда кәуәпқа қатысты шу шыққан. Күмәнді өнімдерден дайындаған тағамды халыққа ұсынып келген мейрамхана ісі әшкереленген болатын. Сол секілді ел ішінде күмән тудыратын тауар өнімдерінің бірі – шұжық. Бұл өнімдер кейбір өндіріс орындарында өлген малдың етінен жасалады деген де ақпараттар бар. Себебі, кейбіреулер арам өлген малын шұжық өндіретін өндірістерге өткізетіні де шын. Ел ішінде күмәнді астың түрінен бас тартқандар да жетерлік. Мәселен, Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Ербол Бекжанов шұжық өнімдерін жемейтінін сөз етті. Оның айтуынша, бұл ысталған ет тағамының өндірілу тарихы күмән тудырады. – Өзім де, отбасым да шұжық жеуден бас тарттық. Өйткені, бұл өнімнің өндірістік тарихы көп күмән тудырады. Ауылымызда арам өлген мал етін шұжық өндірушілерге арзан бағада сатқандарды талай естігенмін. Құдай кесірінен сақтасын. Арам өлген малдың етінен адамға ауру жұғады, – дейді ол. Ал, Тараздағы «Қайқармет» базарына ет өткізушілер бұл пікірді жоққа шығаруда. Қой шаруашылығымен айналысатын сол өңірдің тұрғындары ұсақ малды адал бауыздап, етті ветеринар мамандарының рұқсатымен саудалайтынын айтуда. – Менің осы кәсіпті қолға алғаныма көп жыл болды. Бірақ ондай арам іске барған емеспін. Өзіме адал табысым жеткілікті. Алайда, мұндай бассыздыққа жол беретіндер бар шығар. Өз басым осындай тірлік істейтіндердің шаруасы түбі алға баспайтынын білемін, – дейді Досан Біләнұлы. Осы орайда, «Т и М» шұжық өнімдерін өндіретін жеке кәсіпкерлігіне бардық. Өндіріс ошағындағылар бізбен тек сыртта ғана тілдесті. Көпшілік тұтынатын өнімнің жасалу процесін көруге рұқсат етпеді. Олардың жұмыс істеу тәсілін зерделеу тек тиісті органдарға ғана қатысты екен. Өндіріс қызметкері Бексұлтан Нұретовтың берген мәліметінше, цех тек халал өнімдерді шығарады. Бұлардың шұжықтары елімізден бөлек, арнайы тапсырыспен Ресейге жіберіледі. – Біздің цех 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Түрлі тұтынушылық тауарларды өндіруге сиыр, тауық және жылқы етін қолданамыз. Құс өнімін «Алель агро», «Aiser-Myrzatai» фабрикаларынан, жылқы мен сиырдікін «Ауыл-Береке» базарынан алдырамыз. Өндіріс орнында 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Оларға 140 мыңнан 400 мың теңгеге дейін айлық қарастырылған, – дейді Бексұлтан Керімұлы. Өнімдердің сапасын бақылау, тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында тиісті мекемелер жұмыс атқарады. Осы орайда біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандарымен де сөйлестік. – «Сапалы Өнім» жүйесі тұтастай алғанда азаматтардың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын кепілді сақтауға және өтеусіз қорғауға бағдарлануы тиіс. «Сапалы Өнім» бренді бірінші кезекте елдің ішкі нарығында жоғары бәсекелестік туғызуы керек. Қоғамдық бақылау құралдары отандық «Сапалы өнімдерін» жылжыту үдерістеріне мониторинг жүргізуге және уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді, – дейді департамент басшысының орынбасары Байқадам Еркінбекұлы. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы қойған басты міндет болып табылатынын жеткізді. Жалпы, айтпағымыз асымыздың адалдығы мен сапасына көңіл бөлуді ұмытпайық. Адам денсаулығының басты кепілі күнделікті тұтынған тағамы екенін де естен шығармаған дұрыс.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар