Өр рух иесіне арналған өнер додасы
Соңғы сағаты соққанша қалтқысыз қызмет еткен, тілі үшін дәуірдің дауылына қасқая қарсы тұрып, ұлт болашағына саналы ғұмырын сарп еткен бірегей тұлға Шона Смаханұлының жүз жылдығына орай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жүз шымшыма» атты республикалық әзіл-сықақ өнер додасы өтті. Сол бір қиын-қыстау заматта Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, «Мен соғыстан аман-есен келдім. Бала оқыттым. Еліме күлкі сыйлап жүрмін. Ендігі арманым – қазақ мектептерін көбейтсем екен!», деген шоқ тілді ақын Шона Смаханұлына қаранар қайраткердің «Менің алдыма келгендер үй сұрап, машина сұрап бүгежектейтін еді» деп елжірей разы болғаны көптің жадын бұл күнде аңыздай жайлап кеткен. Осы ұстаныммен ақтық демі қалғанша өткір мысалдарымен қоғамның қордаланған мәселелерін түйреп өткен сатира сайыпқыраны, белгілі ақын Шона Смаханұлының жүз жылдығына орай өзінің кіндік қаны тамған киелі өлкеде республикалық байқау - фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оның шығармашылық мұрасымен жан-жақты танысу, кейінгі жас таланттарға насихаттау, сонымен қатар, халық театрларының дамуы мен оның мәртебесін көтеруіне қолдау көрсету, халық театрлары ұжымының шеберлігі шыңдалып, әзіл-сықақ жанрын көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау мақсатында өткен додаға халық әртісі, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның құрметті журналисі, режиссер Асқарбек Сейілхан, ҚР Мәдениет қайраткері, «Шаншар» әзіл- сықақ театрының актері Жүсіп Ақшора, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Формат Е» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Әуесбаев және облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссері Нұралы Абдуллаевтар төрелік етті.
– Өнер – жүректің ісі. Ал, жүрек ешқашан алдамайтын, адамның бүкіл өмірінің баритоны. Ал, енді сол жүрек соғысы арқылы адамның ішіндегі бүкіл сезімдер пернесін Жаратушымыз өте керемет шеберлікпен орындаған. Сол жүрек соғысының ең нәзігі – өнер. Егер өнер жүректің ісі десек, мынау сахнадан тек шынайы сұлулық қана халықтың алдына шығатыны анық. Қазақ үшін денсаулығын, бақытын аямай жапанда жалғыз жаяу жүріп, бүкіл Алматыны аралап шығып, қазақ мектебін ашуға үлкен үлес қосқан Шона ақынның шарасын үлкен деңгейде ұйымдастыруы бұл облыс басшылығының өнерге деген шынайы жанашырлығы деп білеміз. Шона ағамызды ұмытпау бүгінгі ұрпақтың парызы. Ағамыздың аруағы әуелей берсін,– деді Қазақстан Республикасының халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев ақынның туған жерінде еске алу шараларының арнайы жоспары бекітілгенін, оқу орындарында да жалғасын тауып жатқанын тілге тиек етті.
– Шона Смаханұлы ағамыздың жүз жылдық мерейтойы аясында облыс әкімінің қолдауымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес Қордай ауданында «Театр – өмір айнасы» атты аудандық, Талас ауданында «Шоқ тілді Шона» атты облыстық байқау өтті. Соның нәтижесі Таразда республикалық өнер додасына ұласты. Әрине, бұл бір күнмен шектелетін шара емес. Жыл бойы және келесі жылы да жалғасын табады. Облыстың мектептерінде, кітапханаларында, колледждерде тақырыптық сабақтар, әдеби кештер болып жатыр. Шона Смаханұлының қазақтың қалыптасуына жағдай жасағаны, үлкен еңбек еткенін жастарымыз ешқашан ұмытпауы керек,– деген облыс әкімі аппаратының басшысы өнер ұжымдарына аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді.
«Шона Смаханұлының шығарған өлеңдері, жазған шымшымалары, отты жазбалары республиканың барлық аймағына таралды. Тұлғаның көптеген сатиралық өлеңдері, интермедия, этюд, ирониялары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қаламгер шығармашылық ғұмырында адал қызмет етіп, әзіл-сықақ жанрының әр саласында тұшымды еңбектер қалдырды. Бүгінде облысымызда төрт көше, үш мектеп ақынның есімімен аталуда. Бұл Шона ағаға деген жерлестерінің құрметі деп білеміз. Жамбылдықтар тұлғаның есімін мақтан тұтады. Шона Смаханұлының ерен патриоттығы, қажырлы тіл жанашырлығы, қайтпас қайраткерлігі жас буынға үлгі, өнеге. Фестивальде шын жүйріктер оза шауып, ақынның өлме с мұрасын насихатт ап, шығармалары арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді деген сенімім мол» деген Ербол Шырақпайұлы құттықтау хатында.
Салтанатты шара барысында ақынның ұлы Жансерік Шонаұлы сөз тізгіндеп, «әкемнің туған жерінде осындай шараны ұйымдастырған облыс басшылығына, шапқылап шауып жүрген өнер иелеріне алғысым шексіз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздарға сәттілік тілеймін», деп риясыз ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, облыстың 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған фестивальге жалпы саны 14 халық театры қатысып, өзара сайысқа түсті. Өнерпаздар Шона Смаханұлының шығармаларынан айшықты көріністер қойды. Бірінші кезекте халық театрлары арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту көзделген болатын.
Айтулы өнер сайысының нәтижесінде Шона ақынның кіндік қаны тамған Талас ауданынан келген «Талас» халық театры бас жүлде иеленді. Маңғыстау облысы, Қызылсай ауылынан келген «Бозжыра» әзіл-сықақ театры бірінші, Түркістан облысы, Келес ауданының «Күлкі терапиясы» халықтық театры екінші, ал Абай облысы, Ақсуат ауданы, «Ақсуат» халық театры жүлделі үшінші орынды қанжығалады. Т.Рысқұлов ауданынан келген «Басқар Битанов» театры «Арнайы жүлде», Алматы облысы, Кеген ауданы «Кеген» халық театры «Үздік скетч», Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласы «Дәнеш Рақышев» атындағы халық театры «Үздік қойылым», Қызылорда қаласы «Күлеміз бе қайтеміз?» әзіл-сықақ отауы халықтық театры «Көрермен көзайымы», Павлодар облысы, Май ауданы «Мерзихан Шайхин» атындағы халық театры «Ең үздік жанр», Мойынқұм ауданы «Мойынқұм» халық театры «Үздік актерлік қойылым», Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы«Жымпиты» халық театры «Үздік эпизод», Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлы кенті Мақат Рымжанов атындағы «Абыз» халық театры «Үздік әйел адам», Ақтөбе қаласы «Театр әлемі» халық театры «Үздік ер адам», ал Қостанай облысы, Жангелдин ауданы «Мірдің оғы» халық театры «Үздік екінші пландағы бейне» номинациясын иеленді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді