«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шетел әдебиетіне сұраныс жоғары

Шетел әдебиетіне сұраныс жоғары
ашық дереккөз
Шетел әдебиетіне сұраныс жоғары
Өңір оқырмандары арасында жергілікті және отандық қаламгерлерден бөлек, шетелдік авторлардың шығармаларына да сұраныс артып келеді. Қазіргі таңда аймақтағы кітапханаларда жиырма мыңнан аса шетел әдебиеті бар болса, қазыналы тізімнің қатары әлі де көбеюде. Соңғы жылдары бір ғана Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қоры үш мың данадан астам жаңа шетелдік кітаптармен толыққан. Айта кетсек, аймақтағы мемлекеттік кітапханалардың қорына соңғы он жылда жалпы 600 мыңнан аса, нақты айтқанда 611 300 дана кітап келіп түскен. Оның ішінде 20 мыңнан астамы дәл осы шетелдік авторларға тиесілі. 13 233 дана әдебиет – шетел авторларының өз ана тіліндегі әдебиеттер болса, 7242 дана – Д.Остин, Стивен Кинг, М.Барфилд, Тайф Таухай, Данте Алигьери, Иоганн Вольфганг Гете, Жюль Верн, Дейл Карнеги, Роберт Льюис Стивенсон, Джонатан Свифт, Генрих Гейне, Г.Х.Андерсен, Ювал Харари, Эдвард Милитонян, Ромуло Гальегос, Шота Руставели, В.А.Кастрючин секілді орыс, украин, грузин, армян, ағылшын, американдық, неміс, моңғол және тағы басқа шетел авторларының орыс және мемлекеттік тілдеріндегі аудармалары. – Соңғы жылдары кітапхана қорына 3 мыңнан аса дана шетел әдебиеттері келіп түсті. Оның ішінде басым бөлігі авторлардың ана тіліндегі шығармаларынан тұратын көркем әдебиет басылымдары, ағылшын, неміс, француз, қытай, жапон, кәріс, поляк, украин, моңғол тілдерін үйренуге ниет білдірген оқырмандарға арналған аударма сөздіктер, танымдық материалдар мен ағылшын тілін үйретуші оқытушыларға арнайы әдістемелік құралдар, көрнекілік материал, аудио материалдар, CD дискілер. Бүгінгі таңда кітапхана оқырмандарының арасында шетел әдебиеттеріне деген сұраныс қарқынды түрде артуда. Соның ішінде, әсіресе ағылшын тілін үйренушілер күннен-күнге көбеюде. Бұл санаттағы оқырмандарға ағылшын тілінің грамматикасы, фонетикасы, жеңіл әрі жылдам үйрететін қысқаша форматтағы кітаптар, 36 сабақтан тұратын «Полиглот» кітабы ұсынылады. Әрине, шетел ақын-жазушыларының туындыларына да оқырмандар үлкен қызығушылық танытуда. Атап айтсақ, бүгінгі таңда трендте Джоан Роулингтің «Гарри Потері», Джек Лондонның «Ақ азу», фэнтези жанрындағы әдебиеттер Ф.С.Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» кітабы аса сұранысқа ие. Сонымен қатар, ағылшын классигі Уильям Шекспир, Джейн Остин, Джордж Оруэлл, Луиза Мэй Олкотт, Марк Твен, Чарльз Диккенс, Шарлотта Бронте, Оскар Уайльд, Александр Дюма, Маргарет Митчелл, Льюис Кэрролл, Эрнест Хемингуэй, Оноре де Бальзак, Жюль Верн, Хал Элрод, Антон Чехов, Лев Толстой, Владимир Маяковский, Анна Ахматова, Сергей Есенин, Иван Тургенев, Михаил Булгаков секілді авторлардың да шығармаларын оқырмандар қызыға оқиды. Кітапханаларда әлемге танымал жазушылар туындыларының аудармалары да бар. Яғни, автор тілін білмейтін оқырмандарға орыс және қазақ тіліндегі аудармалары көмекке келеді, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Жанат Жетпісбаева. Жыл сайын шетелдің белгілі тарихи тұлғалары, ақын-жазушылары мен өнер майталмандарының мерейтойлары да кітапханашылардың назарынан тыс қалмайды. Мәселен, биылғы жылы кітапханада француз жазушысы Франческо Петрарканың туғанына 720 жыл, неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығы, ағылшын драматургі, ақыны Уильям Шекспирдің 460 жылдығы, жазушы Артур Конан Дойльдің 165 жылдығы, француз жазушылары Оноре де Бальзактың 225 жылдығы, Жорж Сандтың 220 жылдығы, Эрнест Хемингуэйдің 125 жылдығына орай түрлі форматта іс-шаралар жоспарланған. «Ондағы мақсат – шетел халықтарының тарихи дамуы, мәдениеті, тұрмыстық өмірлері туралы әдебиеттер мен әлем әдебиетін, өнерін оқырмандар арасында кеңінен насихаттау», дейді Жанат Қалмағанбетқызы.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар