«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітап күніне тамаша тарту

Кітап күніне тамаша тарту
ашық дереккөз
Кітап күніне тамаша тарту

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КҮНІНЕ ОРАЙ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ №20 ОРТА МЕКТЕПТЕ «КІТАП – БОЛАШАҚҚА МҰРА, ОҚЫРМАНҒА АМАНАТ» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ. Кітап пен білімнің адам өміріндегі маңызын ұғындыру, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткен іс-шараға жас ақындар, облыстық «Aq jol» және «Ar-Аi» газеттерінің тілшілері Арайлы Жақсылық пен Шапағат Әбдір, Тараз қаласы білім бөлімінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскері Толғанай Аяпбергенова қатысты. Аталған мектептің кітапхана меңгерушісі Құрманкүл Сейтқұлқызының бастамасымен өткен семинардың алғашқы бөлімі сайыс түрінде ұйымдастырылып, оған қала мектептерінен келген жеті оқушы қатысты. Байқау талабы бойынша үміткерлер өздерінің ақындық қырларын көрсетіп, белгіленген тақырыптар бойынша бірнеше шумақ өлең жазуы тиіс. Тақырыптар таңдалған соң сайысқа қазы болған меймандар болашақ ақындарды бөлек сыныпта, тыныш жерде өлең жазуға тапсырма берді. Сол аралықта ұстаздар мен оқушылар іс-шараға келген меймандармен емен-жарқын сұхбат өрбітті. Арайлы Жақсылық көпшілік алдында өлең жазуға қай уақыттан бері машықтанғаны, журналистика саласына қалай келгені жөнінде айтты. Сонымен қатар, жас өскін оқушыларға мамандықты қателеспей таңдау үшін қандай мақсаттар қою керек екенін айтып берді. – Баланың не нәрсеге бейім, икемді екені 11-12 жасында анықтала бастайды. Сол кезеңде бұл дүниеге ең бірінші кезекте ата-ана мән беріп, оның талабы мен талантына сай жұмыс жүргізе бастауы тиіс. Баланың қандай шаруаны жанын салып жасайтынын бақылау керек. Егер қандай да бір іске епті болса, сол тұсын дамыта берген жөн. Бала тез жалығып, ұнатпаса басқа нәрсеге ауысу қиын емес. 15-16 жасқа дейін баланың нақты нені қалайтыны, неден ләззәт алатыны белгілі болады. Өмірдің алғашқы сатыларында қандай іспен айналысатыны анықталған соң балада нақты мақсат пайда болуы тиіс. Осының арқасында келешегі жарқын, өзін сынайтын саласы нақтыланады. Өмірден өз жолын табу оңайға түседі. Менің жағдайымда ата-анам менімен дәл осындай әдіс бойынша жұмыс істеді, – деді ол. Одан әрі сөз тізгіні ақын Шапағат Әбдірге беріліп, ол Қытай Халық Республикасынан атамекенге үлкен сағынышпен оралғаны жөнінде үлкен тебіреніспен айтып берді. Артынша, оқушылардың қолқа салуымен өзінің алғашқы кітабынан бірнеше өлең оқыды. Сондай-ақ, жас қаламгерлер мектептің кітапханасы мен өздеріне мазмұнды сұрақ қойған оқушыларға жеке кітапханаларынан арнайы алып келген кітаптарын тарту етті. Қос мейманмен сұхбат аяқталған соң өлең сайысына қатысқан оқушылар берілген тақырып бойынша жазған шығармаларын қазылар мен ұстаздардың алдында мәнерлеп оқып берді. Артынша төрешілер өлеңдердің мазмұнын, көркемдігін саралай отырып болашақ ақындардың арасында ең үздіктерін анықтады. Нәтиже бойынша №17 орта мектептің оқушысы Нұргелді Шернияз І дәрежелі дипломмен, №20 орта мектептің оқушысы Амина Маралбек, №14 орта мектептен келген Нұрай Қабдрахмет ІІ дәрежелі, №9 орта мектептен Беделжан Шалбай, №35 орта мектептен Нұржан Иманқұл, № 36 орта мектептен Айзере Сағынбек, №49 орта мектептен Асима Пашыралиева ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Балалардың қаламына қанат бітіру мақсатында қазылар алқасы әрқайсысының өлеңдеріндегі көзге түскен тармақтарды атап өтіп, ақындық жолдарына сәт-сапар тіледі. Сонымен қатар, Тараз қаласы білім бөлімінің кітапхана ісі жөніндегі әдіскері Толғанай Аяпбергенова аталған семинарды ұйымдастырған №20 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Құрманкүл Есалиеваны арнайы Алғыс хатпен марапаттап, жас ұрпақты кітап оқуға тынбай баулып жүргені, әрдайым тың идеялармен бөлісіп, мазмұнды іс-шаралар өткізетіні үшін ризашылығын білдірді. Іс-шара соңында мектеп директоры Салтанат Жанұзақова қалалық семинарға талантты шәкірттерін арнайы алып келіп, атсалысқан ұстаздарға алғыс айтты. Барша меймандарға ілтипат ретінде Абайдың қара сөздері жазылған кітапты тарту етті.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар