Талант табиғаты
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жуалы халқы Қойшыбай Төремұратты отбасымен суретші деп таниды. Оның шеберханасынан шыққан қолөнер бұйымдары сол ауданның игілігіне жарап жатыр. Өзі өніп-өскен өлкенің көркеюіне өнері арқылы үлкен үлес қосуда. Бауыржан Момышұлы ауылына кіреберістен бастау алатын қолөнер туындыларын көпшілік жиі тамашалайды. Бұл шебердің қолынан шыққан бұйымдардың бірі – жол бойында шөгіп жатқан түйенің көрінісі. Асан Қайғы бабамыздың осы өлкеден өткенде «Шөбің шүйгін, суың бал, топырағың май екен, қасиетіңді егін еккен ел білер» деп Жуалыны жырға қосқандығы туралы аңызға сүйеніп, абыздың Желмаясын шебер «шөктіріп» қойған. Ел аузында ғана айтылатын абыздың Жуалының табиғаты туралы толғанысына қойылған тарихи ескерткіш десек қателеспейміз. Өңірімізге белгілі қолөнер шебері Қанат Жарасұлы және ұлдары Бауыржан мен Пернебектің еңбегімен бой көтерген еңсесі биік түйе макеті ауылдың ажарын кіргізіп тұр. Сол секілді Жуалы ауданындағы әскери бөлім аумағында орын тепкен қос барыстың мүсінін тұрғындар жоғары бағалайды. Цемент пен құмнан құйылған барыс мүсіндерін қолөнерші Қойшыбай шебер бейнелеген. Бұл да отбасылық суретшілердің өнердегі үлкен жемісі.
Қойшыбай Тәжімұратұлының еңбегін ел үлкен жетістікке балайды. Тарихи отанына оралған сәттерден Жуалы жұртына шеберлігімен танылған талант иесі өз өмірін өнермен байланыстырған.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында көп жылдан бері қызмет ете жүріп, іс-шараға қажетті талай дүниені жасай білді. Керексіз заттарды қажетке жаратып, сахналық қойылымдардың сұранысын да қамтамасыз етуде.
«Жуалы» халық театрының суретшісі ретінде жасаған сахналық бұйымдарының өзі бір төбе. Аталған халық театрының режиссері Ербол Бекжановтың айтуынша, шебер суретшінің спектакльде алар орны ерекше. «Театр ұжымы қандай қойылым қойсақ та оның оқиғасына орай атмосфера жасау суретшінің қолында. Ол кісі біздің идеямызды іске асыруға, қойылымға қажетті декорацияларымыз бен реквизиттерімізді жасауға нағыз кәсіби маман», – дейді Ербол Айтпамбетұлы.
Өнердің қандай да бір саласында кәсіби маман атану оңай емес. Оған ұзақ жылғы еңбек пен ізденіс қажет. «Менің бойымда Алла берген өнер бар шығар. Оған еш күмәнім жоқ. Өйткені, сол дарынымды алдымен халық бағалап отыр. Осы кәсібім арқылы отбасымды асырадым. Ұлдарым да сол кәсіппен айналысуда. Оларға адал еңбек етудің жолын көрсеттім, ізімнен ерген екі ұлым Бауыржан мен Пернебек те суретші», – дейді Қойшыбай Тәжімұратұлы.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді