Саналы ғұмырын аграрлық салаға арнаған майталман
Асыраушы саланың алтын бесігіне айналған Әулиеата өңірі әу бастан еңбек ардагерлерінің табанды ісімен, ұзақ жылдық тәжірибесімен жан-жақты дамығанына тарих куә. Бұл, әрине, сала майталмандарының төккен тері мен мол тәжірибесінің нәтижесі екені анық. Жер ырысын ел ырысына айналдырған азаматтардың бірі де бірегейі – Шәкір Дөненбаев еді. Оған асыраушы саладағы қол жеткізген көрсеткіштер айқын дәлел. Ол ауыл шаруашылығы саласын дамылсыз дамытуға және аймақтың агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыруға қалтқысыз қызмет етіп, салмақты үлес қосуға саналы ғұмырын арнады. Майталман асыраушы саланы алшаң бастыруға қырық жылға жуық еңбек сіңірді. Ш.Дөненбаевтың ұйымдастырушылық ұтқырлығы, ісіне адалдығы мен жауапкершілігі, жоғары кәсіби біліктілігі мен білімі замандастарына ғана емес, кейінгі буынға да үлгі деп айтсақ артық болмас.
Шәкір Дөненбаев 1917 жылы қазіргі Т.Рысқұлов ауданындағы «Мақпал» кеңшарында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласты. Еңбек жолын ұжымдастырудың алғашқы жылдарында қарапайым колхозшы болып бастады. 1939 жылы Алматыдағы Талғар ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Қарағанды облыстық жер басқармасының инспекторы қызметін атқарды. Одан кейін Қарағанды облысының Шет ауданындағы машина-трактор станциясы мен облыстық жер басқармасының аға агрономы болып тағайындалды. Ауыл шаруашылығы саласын техникамен, қажетті құрал-жабдықтармен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етумен айналысты. 1941 жылы Ш.Дөненбаев Әулиеатаға қоныс аударып, туған өлкеге оралды. Алғашында Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе МТС-інде аға агроном болып, кейін білікті маман басшылық қызметке көтеріліп, 1943-1944 жылдар аралығында жер бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарды.
Байыпты бастамалары мен батыл қадамдарының нәтижесіне қанық болған аудан басшылығы оны Т.Рысқұлов ауданындағы «Жаңатұрмыс» ұжымшарының төрағасы қызметіне лайық деп тапты. Осы міндетін 1944-1951 жылдар аралығында мінсіз атқарып, іскерлігімен танылды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен мол тәжірибесінің арқасында Шу ауданына жіберіліп, аталған ауданда партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып тынымсыз еңбек етті. Ол қызмет еткен жылдар ішінде облыстың агроөнеркәсіп кешені түбегейлі қайта құрулардан өтті. Бірақ саладағы салмақты мәселелерге қарамастан, тұрақты түрде жоғары егін өніміне қол жеткізіп, аумалы-төкпелі кезеңдерден абырой арқалап шықты. Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа қожалықтарына арнайы атбасын бұрып, өзінің мол білімі, зор тәжірибесімен бөлісіп, агрономдарға ауыл шаруашылығының тиімді әдістерін қолданудың қыр-сырын ұсынып отырды. Осыдан кейін ол Шу ауданындағы Новотроицк МТС-інің директоры болып тағайындалып, онда 1958 жылға дейін белсенді жұмыс істеді.
1958-1962 жылдары Сталин атындағы колхоздың төрағасы, колхоз кеңшарға айналғаннан кейін 1974 жылға дейін Новотроицк қызылша кеңшарын басқарды. Ол кезде ел экономикасын қалыптастыру және дамыту күн тәртібіндегі басты мәселе еді. Ал бұл мәселеде ауыл шаруашылығы үлкен рөл атқарды. Кеңшар ол басқарған жылдары қант қызылшасынан жоғары өнімділікке қол жеткізіп, аймақтағы көрсеткіштердің көш басында болды. Айта кетсек, 1967 жылы Жамбыл облысы 1 миллион 250 мың тонна қант қызылшасын жинағаны үшін Ленин орденімен марапатталған болатын.
Өткен ғасырдың 30-жылдарынан 90-шы жылдарға дейін өңірде 42 мың гектардан астам жерге қант қызылшасы егілді. Новотроицк қызылша кеңшарын басқарған жылдары ол жұмысшылар үшін тұрғын үй салуды ұйымдастырды. Ал, 1974 жылдан саналы ғұмырының соңғы сағатына дейін ол облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сапасы жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бас инспекторы қызметін атқарды. Елеулі еңбек жолында бірқатар марапаттарға да ие болды.
Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі Ш.Дөненбаевтың еңбегін жоғары бағалап, Ленин орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапаттады. Жанқиярлық еңбегі үшін Шәкір Дөненбаев «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалін кеудеге тақты. Сонымен қатар, 1973 жылы 19 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.
Шәкір Дөненбаевтың еңбек жолының ернеуі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Өзіне де, өзгеге де талапшылдығы, адамдармен жұмыс істей білуі Шәкір Дөненбаевты жұмысшылар мен ауылдастарының риясыз құрметіне бөледі.
Ауыл шаруашылығы саласында қолтаңбасы қалған қайраткер 1978 жылы 7 желтоқсанда 61 жасында дүниеден өтті. Отбасында орнын жоқтатпайтын сегіз перзенті, 16 немере, 25 шөбересі қалды.
Шәкір Дөненбаевтың інісі, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Қойбақовтың айтуынша, 1993 жылы Шәкір Дөненбаевты еске алу мақсатында Шу ауданындағы көшелердің біріне оның есімі берілген. Сондай-ақ, Төле би ауылының саябағындағы батырлар аллеясында Ленин және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Шәкір Дөненбаевтың бюсті орнатылған.
«Ол қай қызметтің тізгінін ұстаса да терең білімімен, еңбекке деген адалдығымен ерекшеленетін. Осындай адамдардың арқасында өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені қалыптасып қана қоймай, қарыштап дамып келеді. Оның еңбек жолындағы бейнетпен жеткен белестері Шу ауданында да ұмытылмай, өскелең ұрпаққа ұлықталып жатқаны қуантады. Ол – ауыл шаруашылығының марғасқа майталманы, қазіргі жастар осындай еңбек адамының табандылығын үлгі етуі керек. Себебі, отансүйгіштіктің ең ізгі көрінісі – қажырлы еңбек. Адал еңбек әрбір отандасымыздың ұстанымына айналуы тиіс, – дейді Серік Қойбақов.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді