Тағдыры жұмбақ талант

Тағдыры жұмбақ талант
ашық дереккөз
Тағдыры жұмбақ талант
Құдайдың жазуымен құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ақ қағазға өлең болып сіңіп, бес күндік жалғанда бар-жоғы жиырма жыл, алты ай, бес-ақ күн ғұмыр кешіп, поэзиясы мөлтек сыр, пешенесі жұмбаққа айналып кеткен Артығали Ыбыраевтың өмірден өткеніне биыл табаны күректей жарты ғасыр болыпты. Көзі тірісінде өзін сағынышқа айналдырған сол жарты ғасырдың жартысына да жетпеген жауқазын ғұмыр иесі, өзі айтқандай «табытқа сыймаған» таланттың рухы Тараз көшелерін әлі де кезіп жүргендей. Кейінгі еске алу кештерінің бірінде қазақтың Қадір Мырза- Әлісі: «Бұл өзімізді-өзіміз жұбату кеші. Артығали ақынның дүниеден озар алдында жазған біраз өлеңі жоғалып кеткен екен. Жоғалған нәрсе табылуы да мүмкін. Өйткені, тарихта мұндай жағдайлар болған. Күдер үзген қолжазбалар да табылған. Мысалы, орыс жазушысы Ю.Домбровский соғыс кезінде романын бітіріп баспаға тапсырған. Ол аласапыран кез. Қиын кезең. Сол роман баспадан жоғалып кеткен. Көпке дейін табылмаған. Кейіннен ғайыптан табылды. Француз жазушысы Альбер Камюдің де бір романының тағдыры солай. Жазушы өзі жүргізетін көлігімен апатқа ұшырағанда роман көлік ішінде ғұламаның өзі ғана білетін қуыста қалып қойған. Бұл да біраз жылдардан соң табылған», деп оқырмандарға жұбаныш айтқан еді. Көзкөргендер қазақ әдебиетіндегі ғазал ғалилары кезеңін «Мұқағали. Артығали. Есенғали» деп айдарлатуының да астары терең. Ол өлең өлкесіне Нарша, Ұлықбектей таланттармен бірге келді. Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады, Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады? Арманы үшін азапқа түскен осы құс, Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады, – деп арда туған Артығали ақынның «Қаршығасын» ақын Аманхан Әлім Лермонтовтың «Тұтқынымен» қатар қояды. Ал, сұңғыла сыншы Сағат Әшімбаевтың көзі тірісіндегі рухани қамқорлығы, өмірден өткеннен кейін арнайы Байқадам ауылына барып, ақынның басына зиярат еткені өз алдына, осы өлеңін ақындар бас қосқан жиындар мен әдеби орталарда үнемі дағдыға айналдырып, «өлең осылай жазылуы керек» дейтіні де қаламгерлердің есінде. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қыршын кеткен Артығали ақынның өмірнамасы өте қысқа. Ол 1953 жылы 28 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Байқадам ауылында дүниеге келіп, 1970 жылы Байқадам қазақ орта мектебінде қара таныды. Мектеп бітірген 1970 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы күзде, екінші курстың басында түрлі себептерге бай лан ысты оқудан шығ ып , академиялық үзіліс алуға мәжбүр болған. 1973 жылы Байқадамдағы Мәдениет үйінде жұмыс істеген. 1974 жылы 4 сәуір күні Тараз қаласында бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Бұл – ақын Артығали Ыбыраевтың ресми өмірбаяны. Бар- жоғы осы ғана. Қаламы отты осынау қысқа ғұмырдың құпия жағдайда шорт үзілуінің себебі, әлі де бұлыңғыр екені жүрекке жүк, санаға салмақ салады. Осы тұста ақынның туған бауыры, бұрынғы заң қызметкері Рысқали Ыбыраевпен пікірлесіп, жағдайдың шынайы көрінісін сұрадық. Оның айтуынша, 1972 жылдың күзінде, Артығали ақын екінші курсты енді бастап жатқан кезде орыстың әлдеқалай бір тілші ғалымы, студенттерге арналған лекцияда, әлде жиналыста тіл туралы, тіл болғанда да қазақ тілінде «ж» харіпінен басталатын сөздердің алдына «д» харіпін қойып сөйлеу туралы лекция оқиды. Міне, осы жиналыста Артығали сөз сөйлеп, қазақтың «жайлау», «Жамбыл», «Жәркент» деген сөздерін «Джайлау», «Джамбул», «Джаркент» деп айту керек пе, бұл қазақ тіліне қастандық деп, «ж»-ның алдына «д» харіпін қоюға қарсы екенін ашық айта келе, ана тілін қорлатуға жол бермей, тұрымтал тұста Алматыда қазақ мектептерін көбірек ашу туралы ұсынысын турасынан жеткізді. Саяси мәселені көтергендіктен оны сол жиыннан күштеп сүйреп, фойеге шығарып тастайды. Ақыры фойенің терезесі сынып, Артығалиды милиция алып кетеді. Сол кездегі заң бойынша, милицияға түскен студенттің университетте одан әрі оқуы мүмкін емес еді. Артығали оқудан шығарылып, жеті ай қамауда жатып, сұралады. Жеті ай қамақта отырған Артығалиға кейіннен сот болып, бір жыл еріксіз береді. Сот жабық жағдайда өткен. Ақынның жақындарынан ешкімі қатыстырылмаған. Соттан соң ауылға келген Артығали Байқадамдағы Мәдениет үйінде жұмыс істейді. Рысқали Ыбыраевтың айтуынша, Артығали ақын Алматыдан келген соң томаға-тұйық күн кешкен. Есігін жауып алып, ешкіммен сөйлеспеуді әдетке айналдырған. Ауылдың үлкендері болмаса құқық қорғау қызметкерлері келіп, «мұндайыңды қой» деген сөзді бірнеше рет айтқан екен. «7-8 сыныпта оқитын кезім. Үй ішілік әңгімелерге мені араластыра қоймайтын. Анығын білмедім. Бірақ, қой дегені – анық. Сол кісілер бір әңгіме үстінде әкеме «Бала ауылға сыймай жүр», – депті. Ағам көшеге шықса болды, көпшілік қауым, әсіресе жастар, өлең оқышы, – деп қолқа салатын. Мүмкін соны айтты ма, білмедім. Содан бір күні, үйге сол кездегі журналистка факультетінің деканы Темірбек Қожекеевтің өзі телефон шалып, әкеммен, соңынан Артығали ағаммен сөйлесіп, Артығали ағаға «Сен бізге керексің, ректормен келістім, келер күзде оқуыңды екінші курстан қайта жалғастыру үшін, бізге таяу арада келіп, арызыңды жазып кет», – депті. Ағам содан Алматыға жиналды. Ағам жұмысындағыларға да мән- жайды түсіндіріп айтқан болуы керек, жұмыстағы бастықтары ағама, «Алматыға кетіп бара жатқанда, жолай Тараздағы жиналысқа қатысып, ары қарай Алматыңа кетерсің», – депті. Бүгінгідей есімде, Артығали ағам Алматыға барып, оқуын қайта жалғастыратынына қатты қуанды. Үлкен жол чемоданының астыңғы жағына өзінің өлеңдері жазылған 48 парақтық қалың «общая тетрадьтің» бес-алтауын және қалыңдығы екі елідей «пишущая лист» деп аталатын үлкен ақ параққа жазылған, «баспаға берем» деген өлеңдерін салып, үстін газетпен жауып, оның үстіне ағамның студент достарына берген апамның сәлемдемесі – ауылдың қазы-қартасын салып, жолға шықты. Содан ағам сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына келіп, «Тараз» қонақ үйінде түнеп, ертесіне жиналысқа қатысып, Тараз арқылы Алматыға өтетін автобусты «Тараз» қонақ үйінің алдындағы ұзын орындықта кітап оқып, күтіп отырады. Кейіннен ағамның өлі денесі сол орындықтың қасынан табылады. Ағам денелі, бойы 1 метр 80 сантиметрден жоғары бойшаң, қарулы жігіт болатын. Артынан келіп, арматура темірмен ұрып жықпағанда екі-үш жігітке әл бермес еді. Суд-мед экспертизаның анықтауы бойынша, ағам орындықта кітап оқып отырғанда, артынан келіп, мойын тұсынан тиген темір арматура соққысынан құлап түсіп, сол жерде тіл тартпай кетсе керек. Әлгі найсаптар құлап жатқан ағамның бетінен әлденеше рет тепкен. Қасында шашылып чемоданы қалған. Ағамның қалтасындағы жеке куәлігі мен құжаттарына, ақшасына, чемоданының бет жағындағы қазы- қартаға ешкім тиіспеген. Бірақ, чемоданының түбіне салынып, бетін газетпен жапқан ағамның баспаға беремін деген қолжазбасы мен 48 беттік бес-алты «общая тетрадьқа» жазылған өлеңдері үшті-күйлі жоқ болып кетті. Қасындағы адамдардың айтуы бойынша, содан бір күн бұрын, кешке жақын ресторанда отырғанда, бір жігіттер келіп, ағама бір қыздар туралы айтып, жұрттың көзінше ағаммен ерегісіп қалған. Бірақ, төбелес болмаған. Содан кейін тергеу басталды. Бір жігіттерді күдікті ретінде ұстады дейді. Кейіннен дәлел болмағандықтан бостандыққа шығарып жіберген. Ал, ағамды ауылда, Байқадамда көпшілік митингісін ұйымдастырып, оркестрлетіп құрметпен жерледі, – дейді Рысқали Ыбыраев. Осылайша, текті Тараз топырағы ғана емес, қазақ әдебиеті қара жамылды. Ақынның соңғы сағаты соқпай қалған сәтін көзбен көргендердің ішінде белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан да бар. – Сол кезде аталған қонақүйдің маңында жұбайым мен қызым ауруханада жатқан еді. Қонақүй алдындағы аялдамадан түсіп, жолдан өткенде шашы артқа қайырылған, сымбатты, сом денелі жігіт шалқасынан жатқанын көрдім. Чемоданын басына жастанып алыпты. Бірақ кеудесінде жан жоқ. Ол кезде Артығалиды танымайтынмын. Ол мектеп бітірген бойда бірден сол кездегі ақындар секілді Алматыға кеткен еді. Біздегі редакцияларға келген болса жазбай танитын едім. Содан бірер уақытта қайтып келе жатқанда әлгі жерден жігіттің денесін алып кетіпті. Орнында милициялар жүр. Жерде қою қара қан. Содан аялдамаға келіп едім, аялдамадан да қан іздерін көрдім. Кейін біздің жұмыс жақтағы асханада күнде түстенетін милиция қызметкерлерінен бұл жағдай туралы сұрастырып едім, өз-өзін өлтірген дегендей жауап алдым. Бірақ өзін-өзі өлтіретін адам басына чемоданын жастанып, шалқайып жатып өлейін демейді ғой деген ойға қалдым. Оның Артығали екенін кейін естіп, жүрегім ауырды, – деп еске алады Елен Әлімжан. Әдебиеттегі замандасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет «Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді» деп суреттеген Артығали ақын осылайша мәңгілік жас кейпінде өмірмен қош айтысты. Ал, қандықол найсаптарға тағы бір тағдырлас тараздық ақнөсер ақын Серік Томановтың: Тарт қолыңды! Ақынға тиме, надан! Ақымақтық – ақынды сыйламаған, Ақын деген Аққуы адамзаттың, Адалдықты қайта сен үйрен одан, Ал Аққуға оңбайды тиген адам, – деген өртті өлеңі мен өмірдің өзі жауап берері анық. Бәлкім жауап беріп те қойған шығар. Десек те, Артығали ажалының ақиқаты түптің түбі ашылатыны айдан анық. Тек, жаз ғұмыры келте болған жауқазын тағдыр иесінің ұмытылмауы маңызды. Себебі, өткен жылы ақынның жетпіс жылдығы болғанын ешкім біле бермейді. Алдағы уақытта көзі тірісінде өзі жаға жыртысып қорғаған ана тілі немесе әдеби бағыттағы шараларда ақынның есімі естіліп, жырлары оқылса деген ойдамыз. Мұндай шаралар жалғаннан жарты ғасыр бұрын өтіп кеткен ақынға қажет емес екені бесенеден белгілі. Бірақ, Артығали ақынның артынан өсіп келе жатқан ұрпақ үшін маңызы зор болар еді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Далам менің

Далам менің! Алдымда – күн, сыртымда – ай, Егіліп келем ескіден қалған жыршыңдай. Көктеме сайын тұрады-ау жаным көгеріп, Бір гүлің үшін қиылып кетсем қыршындай.

Шақырады алыс жымиып күлген жырақтар, Сырымнан мұңлы сыңсиды балғын құрақтар. Сыңғырлап күліп кеудемнен сырғып барады, Аспанның астымен асығып аққан бұлақтар.

Сағынып жүріп көргенде құмар басылған, Қазақтың сен бір алақанысың-ау ашылған. Таулардың шыңы тұрады тынбай жеткізіп, Елес пен үнді алдағы арманға асырған.

Кеудесі толқып тұратын ылғи жыр-төбе, Көлбеген керім көкжиек сендік мәртебе. Шығыстан кенет соққанда самал сезімге, Күңіреп төккен күй болып кетті әр төбе.

Осыны көріп, құмар сезім бір тынбай, Егіліп келем ескіден қалған жыршыңдай. Арман жоқ менде амандап сені апаттан, Күлімдеп тұрып қиылып кетсем қыршындай.

Қаршыға

Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына, Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға. Қара жер шетін таба алмай, талып келеді Қара жердің бетін көрместей болған қаршыға.

Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге, Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге. Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен, Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де.

Таулардан өтті шыңдарын биік табалап, Баулардан кетті қарағай бойын жағалап. Қара жер қалпы... Құлай ма соған қанатын босқа сабалап?

Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады, Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады? Арманы үшін азапқа түскен осы құс Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады...

Күту

Сіздің ауыл, біздің ауыл-іргелес, Қол созымда көрінетін қыр-белес. Екі соқпақ өрілетін өріске, Екі басқа, екі жаққа – бірге емес.

Ақ шағылға аунап өскен балалық, Бүрін ашты бір үміттен нәр алып. Секем алған көңіліміз сезікті, Бірте-бірте ұғысуға жарадық.

Мендегі өмір, Биік өрден қараса, Сендегіден болар, бәлкім, аласа. Бала көңіл саған қарай бұлқынса, Үлкендігің сұраушы еді араша.

Шыңырауымнан шықпай қалса дүрбелең, Кішіліктің кесірі деп білген ем. Сен тұрмысқа шыққан күні өрістен, Қозы-лақты қайыра алмай жүрген ем.

Айдалада алған едім жылап та, Сонда сені теңеген ем лаққа. Қайырым бермей кеткеніңді кешірдім, Өрісіңе соқпай жүрсің бірақ та...

Соқпақ соңы

Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып, Жел есті жусан иісі араласып. Жол үсті қара ноқат – мен келемін, Қарысқан тыныштықпен жағаласып.

Себепсіз қалқып көшкен сағымды әрі Көтерді қоңыр кештің ағындары. Байсалды момын өңір баптанады, Бір сынап көретіндей бағыңды әлі.

Сынасып сабыр – меже, күле жетем, Тақалды таусылуға, міне, мекен, ...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау, Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!

Өмір

Әр нәрсеге құлақ түріп, Әр нәрсені біл, түсін. Кейбіреулер жылап тұрып, Жасырады күлкісін. Бұл өмірдің тұнық сырын Біліп болар қай кісі?! Кейбіреулер күліп тұрып, Жасырады қайғысын.

Сәуір

Сәуірде жаңбыр жауады оңай, Дәуірге майса ауады маңай. Өрісі көкте көгенсіз еді, Қара жер бұлтты сауады қалай? Көкжиек – көйлек сөгіліп оқтын, Сыбыры шықты шөбі ірі оттың. Ебіл де дебіл еріксіз шақта Менің де келді төгіліп өткім. Ауаның лебі ауыса берген, Даланың иісі қауыша желмен. Бозторғай жерден пыр етіп ұшса, Жусанның иісі жарыса ерген. Жазықта бұғып жатыр үн күшті, Жазықсыз қинап осы бір тұсты. Ашуын бассын дегені ме екен, Ақырғы тамшы ақырын түсті.  

Артығали ЫБЫРАЕВ

Ұқсас жаңалықтар