Жазғы Олимпиада ойындары: кімге үміт артамыз?

Жазғы Олимпиада ойындары: кімге үміт артамыз?
ашық дереккөз
Жазғы Олимпиада ойындары: кімге үміт артамыз?
Бокс туралы сөз қозғасақ, ең әуелі әйгілі Мұхаммед Әли мен Майк Тайсонды айтамыз. Десе де, осынау қос мықтының кәсіпқой спорттағы мансабында ауыр жеңілістер болды. Шаршы алаңда да, оның сыртында да өздерін нағыз жұлдыз ретінде ұстайтын бұл екеуі карьерасының шарықтау шегіне жеткенде жеңілістің ащы дәмін татты. Ал, ринг төрінде талай рет атой салып, әбжіл әдістерімен қарсыластарын сан соқтырып, мансабын жеңіліссіз аяқтау екінің бірінің қолынан келмейді. Кәсіпқой бокста талантты болу аздық етеді. Мұнда ең әуелі ақылды болуың шарт. Өйткені, бокс өнері тек жұдырықтасу ғана емес, ақыл- ойдың шайқасы. Аты аңызға айналған саңлақтың бірі – кіші Флойд Мейвезер. Бірнеше рет әлемнің үздік боксшы атағына ие болған ол кәсіпқой бокста 50 жекпе- жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Айта кетейік, оған дейін мұндай жетістікке қол жеткізу ешкімнің маңдайына жазылмады. Осылайша, әлем чемпиондарынан құралған әулетінің даңқын қайта аспандатты. 1993 жылы ақша тапшылығына байланысты оқуын тастауға мәжбүр болғанда жасөспірім өзін боксқа арнады. 1996 жылы жартылай кәсіпқой боксшылардың бас жүлдесі – «Алтын қолғапты» жеңіп алды. Содан кейін ол өзінің алғашқы рекордын орнатты. Нақты айтқанда, 90 жекпе-жектің 84-інде жеңіске жетті. Әкесі әзірлеген қорғаныс тактикасы жас боксшыға қарсыласының бетпе-бет соққысынан жалтаруға көмектесті. Жалпы, кіші Флойд халықаралық дебютін 1996 жылы Атланта Олимпиадасында өткізіп, қола жүлдені қанжығалады.

Әйгілі Мейвезермен жұдырықтасқан қазақ боксшысы

Дәл осы америкалықпен 1996 жылы Атлантадағы Олимпиада ойындарында қазақ боксшысы Бақтияр Төлегеновтің жұдырықтасқаны жайлы көпшілік жұрт біле бермейді. 1996 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде жазғы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ал, бұл жарыс кейбір спортшыларымыздың алғашқы Олимпиадасы еді. Атап өтерлігі, сол жылы құрама сапындағы ең жас спортшы Бақтияр Төлегенов болатын. Ол кезде боксшы небәрі 20 жастағы жігіт еді. Ең қызығы, қазақстандық боксшылардың арасынан бірінші болып рингке көтерілген де Бақтияр. Шын мәнінде, бұл психологиялық тұрғыда өте қиын. Ал, қарсыласыңыз кіші Флойд Мейвезер болса, жекпе-жектің қалай өрбитінін өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Өткен күндерді еске түсірген Бақтияр ағамыз атақты қарсыласының мықты тұстарын атап өтті. – Шынымды айтсам, жекпе-жегіме дейін Флойд туралы көп білмейтін едім. Бірақ біреу менен ең мықты қарсыласым кім болғаны жөнінде сұрайтын болса, ойланбастан Флойдты айтар едім. Жалпы, мен өз салмағымда еліміздегі ең үздік боксшы болдым. Халықаралық жарыстарда әйгілі былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтастым. Бірақ, М ейвезерден басқасын өзімнен айтарлықтай мықты болды деп айта алмаймын. Мен күш сынасқандардың ішінде Флойд ең мықтысы болды. Онымен жұдырықтасқан адам ең бірінші жылдамдығына назар аударады. Соққы бағыттағаныңда сытылып шығып, қарсы соққы қайтарып үлгереді. Ол жөнінде «соққысының күші жоқ, панчер емес, тек техникасының арқасында жеңіске жетеді» деген мәліметтер тарағанын естідім. Мен ол пікірмен мүлдем келіспеймін. Оның соққылары күшті. Мен көптеген боксшылармен күш сынасып көрдім. Бірақ олардың арасында Флойдқа жеткенін көрмедім. Оның ерекше тұсының бірі – өте жылдам. Атлантада рингке Мейвезер шыққанда залдағы көрермендердің реакциясын көрсеңіз. Жекпе-жек кезінде дәл тисін, тимесін әрбір соққысына қуанып отырды. Ал, менің дәл тиген соққыларыма үнсіз ғана қарап отырды. Психологиялық тұрғыда бұл қиын еді. Сол кезде ғана жанкүйерлердің қолдауы спортшыға қалай әсер ететінін түсіндім. Қателеспесем, жекпе-жегіміз екінші раундтың ортасына таяғанда аяқталды. Мұрнымнан қан аққаннан кейін төреші мені дәрігерге көрсетті. Ол рұқсатын бергеннен кейін ары қарай жалғастырдық. Бірақ раундтың ортасына қарай қан тоқтамай ақты. Бұл жолы дәрігер кездесуді жалғастыруыма рұқсат етпей қойды. Ал, өзім дайын едім. Флойд боксшылар әулетінен шыққан. Отбасында осы спортта үлкен жетістіктерге жеткендер бар. Екеуміздің айқасымызда төрешілер залдағы реакцияға қарап еріксіз ұпай қосты ма деп күмәнданамын, – деді Бақтияр Төлегенов. Айта кетейік, сол жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, елге белгілі азамат, марқұм Әбдісалан Нұрмаханов еді. Ал, оның көмекшісі Александр Апачинский болатын. Қос жаттықтырушы Төлегеновтей шәкіртіне Мейвезермен кездесуінің алдында білгенін үйретуден жалықпай, қажетті ақыл- кеңес береді. Атап өту керек, Бақтияр 1995 жылы Азия чемпионатын жеңіп, Олимпиада лицензиясын еншіледі. Азия біріншілігінде Тай боксшысы Сомлук Камсингті жеңгенімен, ол келесі жылы Олимпиада чемпионы атанды. Ең қызығы, Атлантада жеребе кезінде оның жолы болып кетті. Егер Сомлук Мейвезермен жолыққанда алысқа бара алмайтыны анық еді. Жалпы, Мейвезердің орны америкалықтар үшін ерекше. Оның тіпті, рингке шыққанда жұрт шулай жөнелетіні бар. Ал, елімізде кәсіпқой бокс Геннадий Головкиннің арқасында енді дамып келеді. АҚШ-та сол кездің өзінде әуесқой бокста стилі, мәнері кәсіпқойларға келетін боксшылары көп болатын. Флойд жай ғана рингке көтерілгенде өзін шоумен секілді ұстайтын. Яғни, билеп, бір орында тұра алмай жанкүйерлерді ойнатып тұратын. Бұл қылығы Александр Апачинскийге ұнамаған болса керек, жекпе-жек алдында шәкіртіне: «Оның басын жұлып алшы!» – деген екен. Алайда, Бақтиярға кіші Флойд Мейвезерден айласын асыру бақыты бұйырмады. Ал, болгариялық спортшы Серафим Тодоров америкалықты төрешілердің шешіміне сәйкес жеңді деп есептелді. Десе де, бұл шешім әлі күнге дейін бокссүйер қауым арасында екіұдай пікір қалыптастырып келеді. Осы саланың майталман мамандары Мейвезердің ешкімге есе жібермегеніне және сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болғанына сенімді. – Мейвезер жекпе-жектен кейін төрешінің әділ шешім шығармағанын айтты. Мен де солай ойлаймын. Болгариялықтан ұтылмағанына сенімдімін. Бұл жерде бәрі саясатқа келіп тіреліп тұрған сияқты. Серафим Тодоров ол кезде екі дүркін әлем чемпионы болатын. Бұл жерде айта кетер бір жайт бар. Турнирдің бас төрешісі болгариялық еді. Оның үстіне, Болгария жалпы командалық есепте екінші орын үшін Қазақстанмен бәсекелесіп келді. Егер Тодоров жеңілгенде біз екінші болатын едік. Ал, басқаша айтар болсақ, Тодоровты финалға төрешілер шығарды. Бірақ ақтық сында да үмітті ақтай алмай Тай елінің боксшысы Сомлук Камсингтен ұтылды», – дейді Б.Төлегенов.

Төртжылдықтың басты додасы

Естеріңізде болса, Рио Олимпиадасынан кейін отандасымыз Данияр Елеусіновті Мейвезермен салыстырғандарда табылды. Дейтұрғанмен, Бақтияр Төлегенов сынды әккі спортшылар америкалықтың бәсі жоғары екенін қайталаумен болды. Олимпиада демекші, биыл төртжылдықтың басты додасы саналатын жазғы Олимпиада ойындары Париж төрінде шілде айында өтетіні баршаға аян. Алыптар айқасында әлемнің түкпір- түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар өнер көрсетеді деп күтілуде. Өзге елдердің күрзі жұдырықты спортшыларымен бірге шеберлік сынасуға қазақстандық спортшылар да дайындалу үстінде. Ал, қазақ халқы, оның ішінде, Жамбыл жұртшылығы өз ұландарынан жеңіс күтетіні ақиқат. Өйткені, осыдан тура жиырма жыл бұрын яғни, 2004 жылы ежелгі Элла елінде өткен Олимпия ойындарында жерлесіміз Бақтияр Артаев бокстан чемпион атанған еді. Афинаға беймәлім боксшы санатында аттанған Бақтияр Артаевтың айы оңынан туды. Жерлесіміз ақтық кездесуде кубалық Лоренцо Арагонға бас көтертпеді. Бостандық аралының ұланы, керемет боксшы Теофилио Стивенсонның ізбарасы қанша жерден екіленіп алға ұмтылғанымен, біздің жігіт мықтылығын дәлелдеді. Артаевтың асығы алшысынан түсті. Нағыз жеңімпаз. Алтын тұғырға көтерілген Бақтияр сынды Алаштың айбынды ұлына өзге жұрт қол соқты. Алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Оған қоса Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогы да бізге бұйырды. Міне, ел-жұрт бүгінгі жас Аслан Шымбергенов секілді спортшыларымыздан осындай ерлік күтеді. Рас, әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 келіде жеңімпаздар дәстүрі Бақтиярдан кейін де жалғасын тапты. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантеурді төрт раунд бойы сілікпесін шығарды. Жылдар бойы шегіне жеткен төзім тиегі ағытылған тұста қазақ боксшысы қарсыласын соққының астына алды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасында ойқастаған Сәрсекбаев жеңімпаз атанды. Ал, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев ағылшын боксшысы Фредди Эванстан айласын асырса, Риода жеңіс Данияр Елеусіновтің еншісіне тиді. Ол өзбектердің «ақ үміті» Шахрам Гиясовты әбден діңкелетіп, шапшаң қимылдады. Сөйтіп, жеңісті жұлып алды. Төрт Олимпиада, төрт алтын. Өкініштісі, бокстан Қазақстан құрамасы Токиода алғаш рет алтынсыз қайтты. Команда фавориттері алғашқы айналымнан әрі аса алмады. 69 килограмм дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке үлкен үміт артылған еді. Себебі, біздің ел дәл осы салмақта 2004 жылдан бері алтын алып келген. Бірақ, Жүсіпов алғашқы жекпе-жекте ұтылды. Ал, жарыс жолын жақсы бастаған жуалылық Әбілхан Аманқұл 75 килограмда бірінші сайыста өзбек боксшысын оңай жеңгенімен, екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға есе жіберді. Осылайша төрт жылдықтың басты додасында кем дегенде бір алтын алып келген қазақ боксшылары чемпионсыз оралды.

Ел үміті ақталса игі

Осы жылы француздардың елінде ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Айтулы спорт жарысында   баперлердің көзі кімге түседі? Майталман мамандар кімді таңдайды? 2022 жылы Азия жеңімпазы, былтыр мамыр ай ын да Ташкен тте өткен ересектер арасында чемпион атанған Асланбек Шымбергеновтің бабы келісіп, бағы жанар ма екен? Бұған дейін әлеуметтік желілерде 71 килограмға дейінгі салмақта қазіргі әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновтің 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатыспауы мүмкін және оны басқа боксшы алмастыратыны туралы мәлімет тарап кетті. Ақпаратқа түсініктеме берген Қазақстан бокс федерациясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген спартакиаданың барлық жеңімпаздары екінші лицензиялық турнирге Италияға аттанатынын айтып, Асланбек Шымбергенов әлем чемпионы және Азия ойындарының жүлдегері қатарында болғандықтан бұл турнирді жіберіп алғанын айтқан еді. «Ол сөзсіз фаворит қатарында және Бусто- Арсициодағы Бүкіләлемдік лицензиялық турнирге бару құқығына ие болды. Бұл Олимпиада ойындарына іріктеудің екінші кезеңі», – деді ол. Ал, спорт сарапшысы Ақырыс Сейітқазы «Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң халықтың Парижде алтын бола ма деп алаңдауы орынды», деп санайды. – Біз Токио мен Париж Олимпиадасының аралығындағы уақытты бос өткізіп алдық. Негізі біз Парижде медаль алатын спортшыларды 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін дайындай бастауымыз керек еді. Ал, біз болсақ Олимпиада жақындап қалған кезде жоспар жасаймыз, белгілі бір спортшыға үміт артамыз. Резерв спортшылар жоқ. Ірі жарыстар тақап қалғанда тыпырлаймыз. Олимпиадаға дайындық төрт жылдық цикл бойынша жүргізіліп, резерв дайындалуы керек, – дейді А.Сейітқазы. Иә, 1996-2016 жылғы Олимпиада ойындарында спорт жанкүйерлері нақты бір спортшыларға алтын алады деп үміт артатын. Ондай үміттің көбі ақталып жатты. Мәселен, Лондон-2012 Олимпиадасына Серік Сәпиев (бокс), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Рио- 2016 Олимпиадасына Данияр Елеусінов (бокс) фаворит ретінде аттанды. Ендеше, осыған дейін өзін Азия құрлығында және әлемде спорты мықты ел ретінде санап келген Қазақстан үшін Париж Олимпиадасы сын сағаты болмақ. Әр Олимпиада алдында оған қатысатын елдер неше медаль алуы мүмкін деген болжам жасайтын америкалық «Gracenote» талдау компаниясы «Парижде Қазақстан екі алтын алуы мүмкін» деп топшылайды. Компания өкілдері қазақстандық боксшылар Аслан Шымбергенов пен Нұрбек Оралбайды чемпион болудан үміткер деп атаған. Ал, спорт шолушысы Бек Төлеу Парижде Қазақстанда «күміс пен қола медаль болар, бірақ қазір қазақ спортына Олимпиада алтыны керек болып тұр», дейді. Рас, біз де жерлес боксшымыз ел мерейін асырса деп тілейміз. Тілші түйіні. Өткен жылы Мырзағали Айтжанов бокстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері болып қайта тағайындалды. Мырзағали Құланұлы бұған дейін де ұлттық құраманың тізгінін ұстаған болатын. Ол бапкер болған жылдары Қазақстан боксшылары әлем чемпионаттарында 5 алтын медаль жеңіп алды. Осы кезеңде Олимпиада ойындарында қос спортшымыз чемпион атанды. Ендеше, Мырзағалидай білікті бапкердің шәкірттері биыл да осынау жетістіктерді қайталар деген үміт бар. Олимпиада ойындарында 2004 жылдан кейін медаль алуын тоқтатқан «Жамбыл боксы» мектебінің даңқын асқақтатып, Асланбектей оғланымыз чемпион атанып Қазақ елі «Бокс державасы» екенін әлемге дәлелдейді деп сенеміз!  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар