Диагностика дұрыс болса, емдік шаралар да шипалы болады
Саламатты өмір салтын ұстану адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін көрсетеді. Саламаттылық деген үлкен ұғым. Ол – тұрғындардың дұрыс тамақтануы, спортпен шұғылдануы, гигиеналық, санитарлық тазалықты сақтауы, медициналық тексерістен өтіп, аурудың алдын алуы. Яғни, әрбір адамның «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегені» тиімдірек. Әрине, мұндай деңгейге қол жеткізу үшін алдымен, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту керек. «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бекер айтылмаған. Елбасымыздың Үкіметке құрылымдық өзгерістер енгізуде денсаулық сақтау саласын әлеуметтік даму министрлігіне қосуы да, сондықтан. Бірақ, бұл – денсаулық сақтау саласы ары қарай дамытуды қажетсінбейді, толықтай реформалаудан өтті деген сөз емес. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауындағы «Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз» дегені – сала ісінің әлі де жаңғыртылып, жандандырылуы керектігін көрсетеді. Денсаулық сақтау ісін жетілдіруде профилактиканың маңызы зор. Яғни, аурудың алдын алуда, диагностикалауда дәлдік керек. Әрине, дертті ерте сатыда анықтау үшін диагностикалық орталықтардың жұмысы жандандырылуы тиіс. Жалпы, консультациялық-диагностикалық көмекті дамыту және одан әрі жетілдіру қажеттілігі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудағы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында нақты көрсетілген. Біздің өңір бұл бағытта да алда келеді деп айтуға болады. Өңірдегі диагностикалық кеңес беру медициналық орталығы алғашында облыстық аурухананың бөлімі ретінде ашылғаны белгілі. Тек, 1997 жылдың сәуір айынан бастап, облыстық диагностикалық медициналық орталық ретінде дербес статусқа ие болған. Міне, содан бері мекемеміз облыс халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда ИСО 9001-2009 халықаралық сапа үрдісі бойынша жұмыс істейміз. Былтыр қараша айында қайта аккредиттеуден өттік. Орталықта 10 аудан мен 9 қалалық емханалар қамтуындағы тұрғындар білікті мамандар кеңесін тыңдап, диагностикалық, рентгендік және зертханалық тексерістерден өте алады. Бүгінгі заманға сай көп функционалды медициналық кешен, зерттеулерінің зиянсыздығы, қауіпсіздігі, жоғары сезімталдығымен де ерекшеленеді. Сегіз құрылымдық бөлімшеден тұратын орталықта емделушіге дұрыс диагноз қойылады, емделудің қажетті әдістерін таңдауға, ауру болжамын анықтауға, терапияның тиімділігін бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ, алдын алудың тиімді шараларын әзірлеуге көмектесетін кешен емделушілерге зерттеудің 50-ден астам түрін ұсына отырып, 1 күн ішінде орындалатын сенімді және қолжетімді нәтижелерді алуға мүмкіндік береді. 2013 жылдың шілде айында орталықтандырылған клиникалық-биохимиялық зертханасы ашылды. Ол заманауи құрылғылармен және Жапон елінің «Cobas 6000» модульді анализатор жүйесімен жабдықталған. Осы жүйе арқылы емдік мекемелермен айырбас жасауға, материалды автоматты түрде сұрыптауға, вакутейнердегі штрих кодтарды қолдануға да болады. Орталыққа ауылдардан келетін емделушілердің саны күн санап өсіп келеді. Егер 2013 жылы ауыл тұрғындары барлық емделушілердің 60 пайызын құраса, былтыр 10 айда бұл көрсеткіш 75 пайызға жетті. Жалпы, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі аурудың алдын алуға арналған шараларды күшейту болып табылады. Республикада осы бағдарламаның шеңберінде Ұлттық скринингтік жүйе енгізілуде. Бұл жүйе бойынша барлық мақсатты топтар тексеруден өткізіледі. Аурулардың белгілерін ерте анықтау мақсатында міндетті түрде ақысыз жүргізілетін скринингтік алдын ала тексеруді тұрғындар мүмкіндігінше пайдаланып қалғаны дұрыс. Өйткені, осы арқылы артериялық гипертония, жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, суқараңғы, «В» және «С» вирусты гепатиті, сүт бездері, жатыр мойны, тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісіктері секілді көптеген сырқаттардың алдын алуға болады. Былтыр орталыққа неміс фирмасының «Karl Storz» колоноскопия видеотегеуіші орнатылғалы бері тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісіктері секілді сырқаттардың алдын алуға мүмкіндік беретін скринингтік зерттеудің екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Барлығы 181 науқас колоноскопия әдісімен тексеріліп, оның ішінде үшеуінде тоқ және тік ішектің қатерлі ісігі бар екені анықталды. Проктолог дәрігер 2013 жылы 2028 науқасты қарап, дерті анықталған алты адамға кеңес берсе, былтыр қараша айына дейін 987 науқасқа кеңес беріліп, соның бесеуінде тік және тоқ ішектің обыры ауруы нақтыланды. Сондай-ақ, біздің мекемеде Финляндиядан әкелінген «Alpha ST» маммография аппаратымен 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жастағы әйелдердің сүт бездеріне рентгенологиялық зерттеулер жасалады. Халықаралық жаңа стандарттарға сәйкес өткен жылдан цитологиялық зерттеудің жаңа тәсілі – «Сұйықтық цитология» енгізілді. Мұндай тексерулер Америкадан әкелінген «Tri Path Imaging, inc» аппараты арқылы жүзеге асырылады. Әлемде жыл сайын 500 мың әйел жатыр мойыны қатерлі ісігі дертіне шалдықса, 250 мыңы осы дерттен көз жұмады екен. Елімізде жыл сайын жатыр мойны қатерлі ісігінен 2 әйел қайтыс болуда. Ал скрингтік тексерулердің өлім-жітімді төмендетуге септігі мол. Жаппай скрининг жүргізілетін елдерде жатыр мойны, сүт бездері және тоқ ішек обырынан өлім-жітім күрт төмендегені жиі айтылып жүр. Демек, аурулардың алдын алудың, ерте анықтаудың тиімділігі ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы» деген сөзі әркімге-ақ ой салады. Денсаулық – зор байлық екенін ұмытпайық.
Нұрлан Әбілдаев, облыстық диагностикалық медициналық кеңес беру орталығының бас дәрігері.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді