Қазақи феминизм қандай болды?
Кез келген мемлекеттің қоғамдық құрылысы өзгерген уақытта сондағы халықтың құндылықтары мен принциптері қайта қаралатыны анық. Бұл тарихи үдеріс тәуелсіздік жылдары қазақ қоғамын да айналып өткен жоқ. Еңсесін енді тіктеп, егемендікке қолы жаңа жеткен жас мемлекетке сыртқы күштер түрлі діни ағымдар мен әлеуметтік қағидаттарын, идеологиялық бағыттарын енгізуге тырысты. Осы уақыттарда кеңестік консерватизмнен сытылып шыққан халыққа «феминизм» ұғымы «қайта таныстырылып» жатыр еді. Тарихқа көз жүгіртсек, «Феминизм» термині XIX ғасырдың басында пайда болған. Бұл сол кездегі белсенді әйелдер қозғалысымен тікелей байланысты. Олар алғашында өз саяси құқықтары үшін күресіп, сайлауға қатысып, дауыс беру құқығын талап еткен. Кейіннен еңбек құқығы, ақысыз үй шаруасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты көптеген мәселені көтерді. Қоғамда әр адам туылғанынан еңбек етуге, шындыққа қол жеткізуге, бақытты болуға, бостандыққа ие болуға құқылы деген ұстанымды алға тартты. Өйткені, сол дәуірде «адам» деген сөз, тек ер адамға қаратылып айтылатын. Тіпті, әйелдің саналылығына, парасаттылығына едәуір күмән келтірілген болатын. Міне, осындай қалыптасқан теріс түсінікке қарсы әйелдердің алғашқы феминистік бағыттағы қозғалысы пайда болды.
Феминистік идеялардың елімізде ресми түрде пайда болуы тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келді. Мұнда саяси ахуал да біршама рөл атқарды. Ғалымдардың пікірінше, кез келген мемлекеттің бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне өту кезеңінде халықтық психология сөзсіз өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология» еңбегінде: «Кез келген саланың ғалымдары көбінесе бір көзқарасты қолдап, бір мәдениетке жататындықтан, олардың ой-пайымдарына ешкім күмән келтірмеуі де мүмкін. Бірақ, кейде «бөтен лагерьдің адамы» келіп, осы ой-пайымдарға назар аудартады. 1980 жылдары феминистер мен марксистер әлеуметтік психологияның кейбір зерттелмеген болжамдарына назар аударды. Мысалы, феминист-сыншылар консерватизмді жақтайтын ғалымдардың әлеуметтік мінез-құлықтағы гендерлік айырмашылықты биологиялық тұрғыдан түсіндіруіндегі көмескі біржақты түсініктерге назар аударды», – дейді.
Расында, алғашқы феминистік идеялар өз функциясын мүлтіксіз орындай білді деп айту қиын. Алғашында феминистер әйел затын құқықтық тұрғыда ғана емес, биологиялық ерекшеліктеріне қарай да ер адамдармен теңестіргісі келді. Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, психологиялық ерекшеліктерін ескерсек, саналы адамға ер мен әйел бірдей бола алмайтындығы ұғынықты да. Алайда, феминистер қозғалысының жарқын өкілдерінің бірі – биолог Энн Фаусто-Стерлинг: «Әйелдер мен ерлердің биологиялық- физиологиялық айырмашылықтары ер мен әйел арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарды бiлдiрмейдi, бұлай бөлу тек әлеуметтік құбылыс», – деп санады.
Бүгінгі қазақ феминистері қоғамдағы нәзік жандыларға қатысты әлеуметтік қысымның, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудағы қызметтері нәтижесіз де емес. Дегенмен, феминизмнің саяси сипат танытып, елдің басқарушылық ісіне араласа бастағанда тудыратын қатері бар екендігін назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Бұл жағдайда феминистік идеяның ұясын ұлт руханиятынан іздеген қоғам үшін әлдеқайда қауіпсіз екені белгілі.
Мәселен, «Жеті Жарғы» бойынша егер де әйелдің көзіне шөп салды деп күмәнданған еркектің сөзін 4 сенімді адам теріске шығарса, әйел жазадан босатылған. Сондай-ақ, бәйбішенің құқығы тоқалдан едәуір артық болған. Егер ол айғақтайтын негіз тапса, ақсақалдар билігінің рұқсатымен күйеуін тастап, төркініне кетіп отырған. Мұндай құқық тоқалға берілмеген. Күйеуге шыққан қыз мал-мүлікке ие бола алмаған. Ал, үйдегі қыз ер балаға тиесілі мұраның жартысын иеленуге құқылы еді. «Жеті Жарғы» заңында күйеуі әйeлiмен еш себепсіз ажырасатын болса, онда балалар шешесінің қамқорлығына берілетіндігі айтылған.
Ал, әйел затының құқығы едәуір дәрежеде төмендетіліп, тұрмыста біршама шектеулердің енгізілуін тарихшылар Ислам дінінің орнауы мен отаршылдық саясатының салдарынан екендігін айтады. Өйткені, діни догма мен колонистік идея кей адами құндылыққа қайшы келетін ғұрып-салтымыз бен қазақи түсінікке телініп кеткен.
– Рас, көшпенділер мәдениетінде ерлер мен әйелдердің міндеттері бөлінді. Әсіресе, ислам діні келгеннен кейінгі ғасырларда әйелдердің рөлі бала тәрбиелеумен, үй шаруашылығын жүргізумен қатаң шектелген. Мысалы, көшпенділік қоғам мен шариғат негіздеріндегі неке дәстүрінде әйелдердің күйеу таңдауға мүмкіндігі болмаған. Күйеуі өлсе, басқа күйеуге шыға алмаған, ол қазақи әмеңгерлік дәстүрмен марқұмның інісіне немесе ағасына қосылуға міндетті болған, – дейді Ш.Мұртаза атындағы тарихтану және руханият орталығының аға ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы.
Міне, осындай келеңсіз, әйел құқығы аяққа тапталып жатқан кезеңдерді көздерімін көріп, ой түйген, Еуропа мәдениетінен хабары бар қазақ оқығандары бұл мәселені шешуге көп атсалысқан. Бұған 1921 жылы Әулиеата өңірінде өткен съезд дәлел.
– Мысалы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 1921 жылғы «Ақ жол» газетінің №27 санында жарық көрген «Әулиеата сиезінде қазақ қызы» деген мақаласы жарияланған. Мақалада автор 1921 жылғы 20 қаңтарда Түркістандағы жалпы қазақ- қырғыздардың съезі Әулиеатада өткенін, сол жиында алғаш рет қазақ қыздары арасынан Сара Есованың сөз сөйлегенін жеткізе отырып: «Қазақ-қырғыз әйелі мәселесін дұрыстап қарап, осы сиезде әйелдерге ерік беріліп, ерлермен тең болғандығына сенімді болу үшін сиез басқарушы ұйымда әйелдердің де болуы керек», – деп Сараның атын атап, уәкілдер ортасынан ұсыныс болды. Ешкім қарсы болмай бір дауыспен сиез басқарушы топқа Сара мүшелікке сайланды. Осы уақытқа шейін әйелдерді кем санап, адам қатарына алмай келе жатқан қазақ-қырғыз бірінші сиезінде әйелдерге бұл қылған құрметі көзге түсерлік өзгеріс деуге болады» деп жазады алаш ардақтысы. Осыған қарап-ақ, алаш арыстарының әйел теңсіздігі үшін күресінің сипатын аңғаруымызға болады, – дейді Мадияр Ералыұлы.
Бұдан бөлек, өткен ғасырдың басында төл әдебиетімізге де феминизм идеясы арқау болды. Бұл ретте қазақ жазушылары әйел затының теңсіздігін ту етіп, тыңнан түрен салды. Осы кезеңде әдебиетімізде «Ақбілек», «Шұғаның белгісі», «Кім жазықты?», «Ботагөз», «Қамар сұлу», «Қорғансыздың күні» сынды қазақ классикасының жауһар туындылары жарық көрді. Ал, Ғ.Мүсірепов шығармаларының дені әйел тақырыбына арналды. Сол арқылы қоғамда құлдырап кеткен әйел мәртебесін жоғарылатуды көксеген ақын-жазушылар қалың мал, оқу ісі жөніндегі мәселелерді өткір қаузай білді.
Осыған қарап-ақ, әйел теңсіздігі үшін күрес ұлтымызда ертеден бастау алғанын аңғаруымызға болады. Халқымыз туған елі үшін күйіп, кіндік қаны тамған жері үшін еңіреген ердің де анадан шыққанын әсте естен шығармай, «Алып анадан туады» деп әйел затын ардақтай білген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді